Гүлжан Амангелдіқызының «Раушангүлінің» тұсауы кесілді
Гүлжан Амангелдіқызының «Раушангүлінің» тұсауы кесілді
769
оқылды
Кеше Алматыдағы Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жазушы Гүлжан Амангелдіқызының «Раушангүл» атты тұңғыш жинағының тұсаукесері болып өтті. Кеш жазушының өзі пианинода орындаған музыкалық шығармамен ашылды. Одан кейін Т. Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясының студенттері Гүлжан Амангелдіқызының шығармаларынан үзінді монологтар оқыды.  width= Әдеби іс-шараға жазушының оқырмандары мен алдыңғы буын аға-әпкелері қатысты. Аталған туындыға шығармагердің әр жылдары жазылған «Менің жеңешем», «Әттең» «Қозының көз жасы» сынды бас-аяғы 15 шығармасы топтасқан. Кітап, «Абай» баспасының «Алатау кітапханасы» сериясымен жарық көріп отыр. Кітаптың тұсауын кескен белгілі қаламгерлер Сәуле Досжан, Гүлмария Барманбекова, Бауыржан Қарабеков, Нұржан Қуантай, Ақберен Елгезектер жазушының шығармаларында өмір мен шынайылық бар екеніне тоқталып өтті. Кешке Талдықорған қаласынан арнайы келген Алматы облыстық С. Сейфуллин атындағы кітапхана ұжымы атнан келген қонақтар авторға жылы лебіздерін білдіріп, сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ, осы Талдықорғанан келген ерлі-зайыпты әнші-сазгерлер Гүлнұр Нұрасыл мен Әліби Бекайдар әннен шашу шашты.   Тұсаукесер соңы кітап авторы мен жұбайы белгілі ақын, журналист, Қалмаханбет Мұқаметқали жайған ауызашар дастарханына ұласты. Кеш соңында автор шығармашылығын құрметтеп келген барша қауымға ерекше алғысын білдірді.