Ата Заңға өзгеріс енгізіледі
Ата Заңға өзгеріс енгізіледі
477
оқылды
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар» атты брифингте конс­титуциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы Ата Заңға енгізілетін түзетулердің жобасымен таныстырды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы елімізде жүргізіліп жатқан демократиялық үрдістерге тың серпін берді. Мұнда «Жаңа Қазақстанның» жа­ңаша келбетін қалыптастыру, оны құру бағытында тұрған міндеттер мен оларды шешу жолдары айқын көрсе­тіл­ген. Көтерілген бастамалардың көп­шілігі Ата Заңда бекітілген қоғам мен мемлекеттің негіздерін қозғайды. Осы мақсатта құрылған арнайы жұмыс тобы Конституцияға енгізілетін түзетулердің жобасын ұсынды», – деді Конститу­циялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов. Арнайы жұмыс тобына мемлекеттік органдармен қатар еліміздегі танымал заңгер ғалымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан. Заң жобасында елімізде қа­лып­тасқан «суперпрезиденттік» бас­қару жүйесін біршама босаңсыту мақ­саты көзделген. Ол үшін Мемлекет бас­шысы өзінің бірқатар өкілеттігін бас­қа органға береді немесе олармен ке­лісе отырып, бірлесіп атқарады. Бұл – елімізде соңғы кезде жүргізіліп жатқан «орта­лық­сыздандыру» процесінің жалғасы. Бұған дейін елімізде болған 3 конс­титуциялық реформа барысында Мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке өткізген болатын. Сондай-ақ Конституциядан Елбасы құзіреті алынып тасталады. «Конституцияда 46-бап болмайды. Ал 91-бапта Тұңғыш Президенттің мәр­­тебесіне қатысты «Тәуелсіз Қазақ­стан­ның негізін қалаушы» деген сөз ға­на қалады. Басқа ешқандай сөз жоқ», – деді Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі. Сонымен қатар Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделген. Екі бөлімнің атауы өзгереді. Одан бө­лек, Ата Заңның бүкіл бөліміне өзгеріс ен­гі­зіледі. Конституциялық кеңеске арнал­ған бөлім «Конституциялық сот» болып, «Сот және сот төрелігі» деген 7-бөлімнің атауына «прокуратура және адам құ­қық­тары жөніндегі уәкіл» деген сөздер қосылады. Өйткені бұл бөлімде аталған институттарға арналған баптар бар.