Қиналған саланы Ғиният көтере ме?
Қиналған саланы Ғиният көтере ме?
© коллаж: Әсел Балтақызы
417
оқылды
Жаңа Денсаулық сақтау министрінің бір мезгілде жолы болды және жолы болмады. Бір жағынан, Біртанов пен Цойдың «түбіне жеткен» пандемия А.Ғиният тұсында түге­сіл­ді. Ең қызығы, карантин Ажар Ғиниятқызы тұсында жойылды. Екінші жағынан қазіргі кезең денсаулық сақтау саласындағы «Ажардың ажарлы дәуіріне» айналуы екіталай.

«Қаңтардың қарлығашы» ел сенімін ақтасын

Қаңтарда бейбіт шеруге шық­қандар Үкіметтің отставкасын та­лап етіп, билікке жаңа адамдардың келуін қалаған еді. Сөйтіп, қаңтар оқиғалары Ажар Ғинияттың ман­сабы сатысында өрлеуіне серпін берді. Ол Президенттің Жарлы­ғымен 2022 жылғы 11 қаңтарда Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды. Содан бері 100 күн­тізбелік күннен сәл астам уақыт өтіпті. Әрине, одан демалыс және мерекелік күндерді алып тастаса, 72 жұмыс күні қалады. Бұл мерзім салада ірі өзгерістер мен тың ре­формаларды жүзеге асыруға жет­кіліксіз екені сөзсіз. Бірақ сарапшылар бір жайтқа назар аудартады: Ажар Ғиният өмір бойы, табан аудармай тек бір секторда – денсаулық сақтау сала­сында жұмыс істеп келеді. 1999 жыл­дан бері денсаулық сақтау жү­йесінде, ал 2008 жылдан бері тіке­лей Денсаулық сақтау министр­лігінде басшылық лауазымдарды атқарды. Вице-министр мәртебе­сінде 2020 жылдан бері Елжан Бір­тановпен және Алексей Цой­мен бірге осы стратегиялық ма­ңызды саладағы реформаларды жүзеге асыруға атсалысты. Демек, бір жағынан саланың пробле­ма­ларын бүге-шігесіне дейін біледі, екінші жағынан ол саладағы ұзақ жыл қалыптасқан жағдайға жауап­ты. Халыққа жағатын, саланы жақ­сартатын бетбұрыстар жаса­маса, А.Ғиният Денсаулық сақтау министрлігін былтырғы 20 жел­тоқ­саннан бері тура 1 ай басқарған Жандос Бүркітбаев секілді ел есінде қалмауы да мүмкін.

100 күн жылға азық

Пандемия қысымының босаң­суы Ғинияттың командасына қа­рапайым тұрғындарды мазалаған «ұсақ» мәселелерге ден қоюға мүм­кіндік берді. Жаңа министр «100 күн-100 мәселе» әлеуметтік жобасын қолға алды. Азаматтардан министрлікке және министрдің жеке атына келіп түскен шағым-өтініштерді біріздендіру, талдау, жедел қарау үшін 100suraq.kz элек­тронды платформасы қолданысқа берілді. Нәтижесінде, осы жылдың 11 қаңтарынан сәуірге дейінгі кезеңде кері байланыстың барлық арнасынан 1 547 өтініш пен ұсы­ныс түсті. Оның ішінде 1 438 өті­ніш бойынша жауап берілді, 109 өтініш ары қарай қарастырылып жатыр. Жоба аясында бұқараға мед­қызметтерді қолжетімді ету үшін ДСМ «ауыл тұрғындарына арнал­ған профтексерулердің жаңа топ­тамасын» енгізбек. «Қала тұрғындарына қараған­да, ауылдықтардың білікті дә­рі­герлерге қаралуы қиын. Оның үсті­не, ауылда сақтандырылмаған аза­маттардың қарасы басым. Осыған байланысты министрлік ауыл тұрғындары үшін профилак­тикалық тексерулердің жаңа па­кеттерін енгізуді қарастырып отыр. Ауылдықтар 18 жастан бас­тап профтексеруден өте алады. Бұған дейін азаматтар тек 30 жастан 70 жасқа дейін скринингтік зерттеулермен қамтылатын», – дейді ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті дирек­торының орынбасары Күләйім Біржанова. ДСМ кепілдендірілген тегін медкөмек және сақтандыру ая­сында көрсетілетін медқызметтер санын арттыруға кірісті. Тиісті бұйрық жобасында ТМККК шең­берінде мамандандырылған мед­қыз­меттер тізбесіне – 170, ал ТМККК мен МӘМС тізбесіне 3 766 медқызмет енгізілмек. Онко­логиялық науқастар үшін жалпы клиникалық зертханалық, серо­логиялық, иммунологиялық, гис­топатологиялық, радиометриялық, басқа зерттеулерге 206 медқызмет тізбесі көзделген. «100 күн-100 мәселе» жобасы аясында амбулаториялық деңгейде пациенттерді бағыттауға қатысты нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге, амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмекті жақсартуға, дәрі-дәр­мек­пен қамтамасыз етуге, кадрлардың біліктілігін арттыруға және басқа да мәселелерге мән берілмек.

Дәрі тапшылығы туындай ма?

Ажар Ғинияттың салаға бас­шылығы жаһандық індеттің беті­нің қайтуымен тұспа-тұс келгені мәлім. Нәтижесінде, карантин шек­теулері жеңілдеді, КВИ панде­миясымен күрес шаралары азай­тылды. ДСМ басшысының пікі­рінше, бұған медицина қызметкер­лерінің қажырлы еңбегі және вак­цинация-ревакцинация нау­қаны ықпал етті. А.Ғиният журналистермен кездесуде министр ретінде өз ал­ды­на басты 3 міндетті қойып отыр­ғанын, нақтылай кетсек, «елде қан айналымы жүйесі ауруларымен күреске», «кадр тапшылығын ең­серуге» және «ауылдық меди­ци­наны дамытуды жандандыруға» екпін түсіретінін айтты. Ауылдықтарға медкөмекті қолжетімді ету үшін 2022 жылы ауылдық жерлерде 80 медициналық нысан салынады. Ана мен баланы қорғау бағытында шала туған балаларға көмек көрсету сапасын арттыру, балалар бойындағы пато­логияларды ерте анықтауды қам­тамасыз ету сияқты басым міндет­тер бар. Осы мақсатта шалғай аудан­дардағы 20 ауданаралық ау­руханада перзентхана бөлімшелері ашылмақ. Арнайы бұйрық жобасы әзір­ленді, оған сәйкес Қазақстанда тұрғындарының саны 50 адамға жетпейтін ауылдарда 1 медици­налық қызметкер қарастырылады. Бүгінде елде осындай 400-ге жуық ауыл бар. Оларда жалпы саны 10 мыңдай адам тұрады. Штаттан тыс бас мамандардың ақыл қосуымен, министрлік рес­пуб­ликада нефрология, патомор­фология, ревматология, токсико­логия, аллергология бойынша жеке республикалық орталық­тарды құру мәселесін пысықтап жатыр. Өз кезегінде ата-аналар балалардың сал (ДЦП) ауруын емдеудің жаңа, тиімдірек тәсіл­дерін, ем-шараларын қолданатын жеке орталық ашуды сұрады. Әйт­песе, мүгедектігі бар балаларын емдету үшін қазақстандықтар осындай орталықтары бар Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға сабылуға мәжбүр. «Көтерме және бөлшек саудада дәрілік заттардың 7 256 сауда ата­уы­на шекті баға бекітілді: оның ішінде дәрілердің 6 600 сауда ата­уына немесе 90 пайызына шекті бағалар 2021 жылғы деңгейде сақ­талды, тағы 153 препаратқа баға тө­мендетілді. «СҚ-Фармация» ауру­ханалар мен емханаларға ар­налған дәрілік заттар мен мед­бұйымдардың 94 пайыздан аста­мын сатып алды. Бірыңғай дистри­бьютордың қоймаларына дәрі­лер­дің 50 пайыздан астамы жеткізілді. Дәріханалар үшін республиканың барлық өңірінде тұрақтандыру қор­ларында және ірі көтерме дә­ріхана қоймаларында дәрілік зат­тар қоры қалыптастырылды», – де­лінген министрлік хабарла­ма­сында. Бірақ бұл кейбір дәрі түрінің жетіспеушілігіне және қымбат­шылыққа әзірге тоқтау бола алмай тұр.

Арыздан рекорд орнатқан сала

Тұтастай алғанда, жаңа ми­нистр белсенділік танытқанымен, 100 күн ішінде жылдар бойы қор­да­ланған мәселелер толық шешіл­ген жоқ. Мысалы, кадрларға қа­тыс­ты проблеманы жою үшін бір жыл да аздық етуі мүмкін. Азамат­тар дәрігерлердің де, медперсо­нал­дың да үлкен бөлігі біліксіз екеніне, өз ісіне немқұрайлы қарайтынына шағымданады. Шымкент тұрғыны Айнұр апай қызы Еркежанның 2019 жылдың соңынан бері «лим­фома және қант диабетімен» қатты ауырып жатқанын айтады. «Ол сол жылы төрт ай бойы Алматыдағы педиатрия және ба­лалар хирургиясы ғылыми орта­лығында емделді, ем қонбады. Қазір Шымкент қалалық балалар ауруханасының паллиатив бөлім­шесінде жатыр. Өз бетімен тамақ жей алмайды. Зонд қолданылады. Аурухананың бас дәрігері және қызметкерлері заңнамаларды және дәрігерлік этика нормаларын өрескел бұза отырып, қызымды үйге алып кетуге мәжбүрлеп отыр. Мен жұмыс істемеймін, үйімде қы­зыма күтім көрсететін жағдай жоқ. Президент Тоқаев: «Бізге ме­йіргерлердің жаңа буынын қалып­тастыру қажет. Олар орындаушылар ғана емес, көпсалалы емдеу тобы­ның жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс» деп еді. Ендеше олардың кәсіби дайындығының деңгейін көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арт­тыру қажет», – дейді Айнұр Т. Қазақстанда ана мен баланың өлім-жітімі жоғары саналады. Ем­ханаларда тәртіп орнатпай, бұл қай­ғылы көрсеткіш азаймасы анық. «Емханаларды қалпымен бю­рократия жайлап алған. Мысалы, жүкті аналарды есепке алу саласын былық жайлаған. Мен 31 наурызда өз терапевтіме барып, патронаж парағын беруді сұрадым, бас тарт­ты. Алдымен: «мерзіміңіз тым аз, бәрібір сізді қабылдамайды», – дейді. Сонда аяғы ауыр ана өзі мен баланың денсаулығын ерте бастан қамдамауы керек пе? Әлде, күте­йік, түсік тастарсыз дей ме? Сәбиін сау туғысы келетін ананың жазығы не? Уақыт таяғанда тағы бардым. «Белгіленген мекенжайда тұрасыз ба, тұрмайсыз ба, анықтауымыз керек, біз сізге барамыз» деп тағы шығарып салды. Бір апта күттім, келмеді. Мазалаған соң парақты берді. Медқызметті көрсетпеу үшін уақыт созады. Неге жүкті ана­ны 12 ай толғанша есепке қоюға рұқсат етпейді? Баланың барлық маңызды органдары осы бірінші триместрде қалыптаспай ма?!» – деп аң-таң болады Светлана Глушкова. Тәжірибелі дәрігер Қазыбек Рыс­тиннің айтуынша, барлық ем­ханада 90-жылдардағы дәрігерлік қабылдау жүйесін қалпына келтіру қажет. «Өйткені жалпы практика дә­рігерлеріне алапат салмақ түседі. Сырқаттар өзге тар мамандық дә­рігерлеріне көріну үшін терапевт алдынан өтіп, бағыттама алуға мәжбүр. Салдарынан терапевт қабылдауын ғана қажетсінетін пациенттер, керісінше соған кіре алмайды, апталап, айлап күтеді. Себебі өзге дәрігерлердің, мысалы лордың қарауына зәру науқастар терапевт қабылдауына жазуды толтырып тастайды. Кереғар, па­радокс жағдай қалыптасты. Сон­дық­тан тар мамандық дәрі­гер­ле­рінің бастапқы қабылдауын те­рапевсіз, тікелей ұйымдастыру ке­рек. Сонда халық көп шағымда­на­тын ұзын сонар кезек жойылады. Әрі медқызмет көрсету сапасы жақсарып, елдің біразының көңілі қанағаттанады», – дейді Қазбек Айтмағамбетұлы. Қалай болғанда, салада қорда­ланған мәселелер әзірге шешімін тапқан жоқ. Жаңа министр ірі реформаларын бас­тауға асығар емес, оған тек да­йындық жүріп жа­тыр. Ажар Ғи­ният жыл басынан бері ауыл-ай­мақты аралап, халық­қа жақын екенін көрсетуге ты­ры­сып жүр. Мұны енді нақты істері­мен көр­сетсе, халық сынын ұғы­нып, бұ­рынғы кесірлі реформа­лардың салдарын жойса, жөн. Өткен 2021 жылы медициналық қызмет­тер­дің сапасыздығына қа­тысты аза­маттардан 863 мыңнан астам арыз-өтініш түсіпті. 2022 жылдың І тоқсанында шағым тас­қы­ны 208,5 мыңға жеткен. Бұл – ре­корд. Қазақстандықтардың осын­­ша арызының астында қал­ған өзге сала жоқтың қасы.