Жолаушылар тасымалының жыры таусылмады
Жолаушылар тасымалының жыры таусылмады
486
оқылды
Ақмола облысында қоғамдық көлік мәселесі көп жылдан бері шешілмей келеді. Жолаушылар тасымалы 30-40 жыл бұрын пайдалануға берілген автобустарға жүктелген. Автобус парктері ара-тұра жаңартылғанымен, халықтың қалаішілік және қалааралық қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастырушыларға өкпесі қара қазандай.

Автобус бар, жүргізуші жоқ

Әсіресе, қытымыр қыста арқасын аяз қарып, сағаттап автобус күткендер кейде оған сыймай қалып та жатады. Көкшетаудың іргесіндегі саяжайларға қоғамдық көлік жаз айларында ғана жүретін. Алайда көктем шыға саяжайына асыққандар №37 автобусты әлі күнге күтіп жүр. Бұл бағытқа қызмет көрсететін «СейНур» автобус паркі рейске шығудан мүлдем бас тартқан. Наразылық көбейген соң қалалық әкімдік араласып, мәселе бір жағына шыққандай болған. Алайда бірқатар автобус бағыты мүлдем тоқтап, қарапайым халықтың ары-бері жүріп-тұруы қиындап кеткен. «№21 автобус бағыты – Жайлау 2 шағынауданына қатынайтын жалғыз автобус. Ал біраз уақыт оның өзі мүлдем жоғалып кетті. Таңертең «Көктем» балабақшасына балаларымды жеткізе алмай қиналамын. Бізге автобусты кері қайтаруын сұрап жүріп, желіге жалғыз автобус қана күнделікті шығатын болды. Ал күн санап өсіп жатқан қалада бұл қалай болатынын көз алдыңызға елестетіңізші. Біздің арыз-шағымдарымыздан кейін жалғыз №21 автобус желіге шығатын болды. Ал №115, №24 автобустар мүлде жүруін тоқтатқан. Элеватор жаққа ешбір автобус жүрмейді. Күрделі жөндеуден өткен Ғабдуллин көшесінен бірде-бір автобус өтпейді. Кейбір көшелерде мүлдем автобус жоқ болып кеткен десем, артық айтпаймын», – дейді қала тұрғыны Бекзат Әубәкірова. Түйінді мәселе облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстел басында да қызу талқыға түсті. Жергілікті автобус парктерінің басшылары автобус тізгіндейтін жүргізуші тапшы екенін айтады. Әрі мәселе таяу арада шешіле де қоймайтын сияқты. «Біздің кәсіпорын 2019 жылдан бері мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде жылжымалы автобус құрамын толықтай жаңартқан. Бүгінде автобус паркіндегі автобустар 100 пайызға жаңартылып, 74 жаңа автобус сатып алынды. Алайда автобус алғанымызбен, оған оны жүргізетін жүргізуші таппай дал болып жүрміз. Дәл қазір 15 автобус жүргізуші болмағандықтан, паркте бекерге қаңтарылып тұр», – дейді Көкшетау автобус паркінің директоры Әсия Шәрімова. Парк директорының айтуынша, күрделі мәселенің туындағанына негізгі себеп – Д санатында куәлік алу қиындап кеткен. Жүргізушіге автобустың рөліне отыру үшін 10 жыл бойы оқу керек. «Бұған дейін 18 жастағы қылшылдаған жігіттер жүргізуші куәлігін оқып алып, 21 жастан бастап жүк көлігіне отыра алатын. Одан кейін ол бірден Д санатын алып, 22 жасында автобус тізгіндейтін. Енді «подкатегория» деген шықты. 18 жастан оқыған жігіт 21 жасында жұмысқа барып, үш жыл бойы жүк көлігін айдауы керек. Ол 24 жасқа толады. Енді 16 орындық шағын автобус айдау үшін Д1 санатын алу керек. Бірақ бұл санатпен еңбек өтілін алу мүмкін емес. Өйткені аталған санатты алған адам өзі шағын автобусын алып, адам тасиды. Мейлі, жаңағы жігіт үш жыл бойы шағын автобус айдасын делік. Оның жасы 27-ге келеді. Тек осыдан кейін ғана ол Д санатына оқи алады. Сонымен ол автобус тізгіндеу үшін 10 жылдан кейін ғана отыра алады. Аталған мәселені көтеріп, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Дәл қазір амалдап, жүргізуші тауып отырмыз. Алайда жеті жылдан кейін кәсіпорында 25-ақ адам қалатын түрі бар. Өйткені қазір жүргізушілеріміздің көбі зейнет жасына жақындап қалды. Біз санаттар арасындағы еңбек өтілін қысқартуды сұрағанбыз. Бірақ Ішкі істер министрлігі бұл уәжге құлақ аспай отыр», – дейді Әсия Шәрімова.

Жолақы жыртыққа жамау бола алмайды

Алайда мәселе тек автобус жүргізушісіне арналған санатты алудың қиындығында емес сияқты. Жүргізушілер мен кондукторлар автобус парктерінен алатын айлығы шайлығына жетпейтінін айтады. «Автобус паркінің басшылары миллиондап жалақы алады. Ал жүргізушілерге тиетін соқыр тиын. Сол болар-болмас айлықты алу үшін жүргізушілер таңмен таласып рейске шығады. Содан түнгі 11-ге дейін рөлде болады. Осыдан соң жүргізушілікке кім барады», – дейді қала тұрғыны Алма Ахметова. Ал тасымалдаушы компания өкілдері жүргізушілерге лайықты жағдай жасау үшін субсидия төленіп, салықтық жеңілдік жасалғанын қалайды. Өйткені қазір тариф автобус парктерінің шығынын толықтай өтей алмайды. «Бізге тарифті 80 теңгеден көтеруге рұқсат бермейді. Ал қазір автобустарда жолаушылар электронды картамен жүргендіктен, бәрі толықтай ашық көрінеді. Қаланың ішінде ғана біздің тариф 180-220 теңгені құрайды. Бұл – нағыз абсурд. Алғашқы тоқсанда жалпы берген есеп сомасының тек 48 пайызына ғана субсидия берілді. Тиімділік жоқ», – дейді Әсия Шәрімова.

P.S.

Бір сөзбен айтқанда, толғағы жеткен жолаушылар тасымалы мәселесіне Үкімет пен Парламент араласуы қажет сияқты. Бұлай болмаса, расында да көлік тасымалы саласындағы жағдайдың оңалуы екіталай. Айналып келгенде, бұл мәселеде қарапайым халық көбірек зардап шегеді.

Ақмола облысы