«Сот істі үстіртін қарады» – Алматы облысында демалыс орнының иесін екі рет өлтірмек болғандар жеңіл жазамен құтылды
«Сот істі үстіртін қарады» – Алматы облысында демалыс орнының иесін екі рет өлтірмек болғандар жеңіл жазамен құтылды
345
оқылды
Алматы облысы Іле ауданында орналасқан «Поляна» демалыс үйінің иесі Ольга Кузнецованы баскесерлер бір емес, екі рет өлтірмек болған. Ал қылмысты ұйымдастырушы бар-жоғы үш жарым жылға сотталған. Қасындағы үш айыпталушы сот залында қамаудан босатылды. Оларды шартты түрде жіберген. – Соттың мұндай шешіміне таңқалдым. 2020 жылдың 31 қазанында «Поляна» демалыс базамызға шабуыл жасалып, адамдарға оқ атқанын айыпталушы мойнына алған. Сондықтан ол Қылмыстық кодекстің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша айыпты деп танылып, 6 жылға сотталу керек еді. Ал басқалары Қылмыстық кодекстің 293-бап 2-бөлігі «Бұзақылық» бойынша жауапқа тартылуы тиіс. Тіпті, прокурор жауапқа тартылған 7 адамға 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Өйткені оқиға адам көп жерде болған. Бірақ судья прокурордың айтқанын есепке алмады, шешімді өзінше шығарды. Осыған келіспеймін, – дейді Ольга Кузнецова. Оның айтуынша, сол күні оларды баскесерлер өлтірмек болған. Олардың қоқан-лоқысын үй іші ғана емес, демалушылар да көрген. Аяқасты 20 шақты жігіт демалыс орнына көліктерімен келген. – Жайлап бәрі аулаға кірді. Содан күйеуімді үйдің артына алып кетті. Кенеттен атыс басталып, жан-жақтан оқ ұша бастады. Айналада отбасымен демалып жатқандар көп. Көбісінің балалары аулада ойнап жүрген. Оқтың бірі соларға тисе не болар еді? Қайта аман қалды. Бірақ інім мен таныс досымызға ол бұйырмапты. Екеуі де оққа ұшты. Олардың қансырап жатқанын көріп, демалушылардың бірі ауруханаға уақытында апарып, өмірін сақтап қалған. Әйтпегенде қансырап өлер еді, – деді ол. Ольга Кузнецованың айтуынша, баскесерлер олардың қарсылық танытатынын күтпеген. Содан бәрі тым-тырақай жан-жаққа қашқан. Солардың біреуі көлігін тастай қашқан. Көлік ішінде құжаттары қалып қалған. Сол арқылы полиция күдіктілерді тез арада тапты. – Сот шешімімен келіспеймін. Істі үстіртін қарай салған. Белгісіз біреулердің қорқытып-үркіткені бірінші рет емес. Одан кейін де баскесерлер шабуылдап, күйеуім мен інімді пышақтап кеткен. Інімнің оқ тиген аяғы қайта жарақаттанды. Сол кезде оларды қолдарына пышақ, балта алып, 6 жігіт өлтірмек болған. Олардың бір-бірімен байланысы бар ма, жоқ па білмеймін. Сондықтан істі жан-жақты қайта қарауды талап етемін, – дейді Ольга Кузнецова.