Мемлекеттік мекемеге әңгіртаяқ ойнатып отырған директордың аты-жөні - Бақыт Кенбаев - журналист
Мемлекеттік мекемеге әңгіртаяқ ойнатып отырған директордың аты-жөні - Бақыт Кенбаев - журналист
1,302
оқылды
Қызылорда қаласындағы Ықсанов атындағы политехникалық колледждің директоры Бақыт Кенбаев білім мекемесінің техникасын жеке шаруаларына пайдаланады. Ал ер мұғалімдерді үйінің жұмысына жегіп қойған. Мұны Degdar-news.kz ақпараттық сайтының редакторы, тәуелсіз журналист Үйтолған Жареке әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. «Сізді басшылар оқиды ғой деп қарапайым қызметкер, жұмысшылар үмітпен жиі хат жолдайды. Солардың бірі Ықсанов атындағы политехникалық колледж басшысына қатысты. Еңбек ақы төлеу және еңбек нормалары туралы ұжымдық шарт толық орындалмайды. Құжаттағы 5.12 және 5.13 деген пункттерде көрсетілген қосымшалар мүлдем төленген емес. Оқу жылы ортасынан ауғанда зейнет жасына толған қызметкерді тиісті еңбек демалысына да жібермеген. Студенттерді үйретуге арналған кран жекелерде арендада жүр. Сабаққа пайдаланылған емес», - деп жазды журналист. Ол жалпы алғанда, директор колледжді жекешелендіріп алғандай деп сынайды. Мекеменің көлігі малының шөбін тасиды екен. Жұмысшылар үйінің жұмысын істеп, мал қорасын соғады. Қарсы келсе қудалауға түседі. Құлша жұмсап отырған көрінеді.   «Феодализмнің сарқыншағындай, мемлекеттік мекемеге әңгіртаяқ ойнатып отырған директордың аты-жөні - Бақыт Кенбаев. Мезі болған жұмысшылар сіздерден қолдау күтеді», - делінген әлеуметтік желіде. Жазбаға байланысты Қызылорда облысының білім басқармасы «Көтеріліп отырған мәселе назарға алынды. Тиісті зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі қосымша хабарланады», - деп жауап берген. Ал оған автор «Бір колледжді он жыл басқаруы да осындай дандайсуға әкеліп тұр-ау», - деген жазба қалдырған.