Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның алғашқы эндаумент форумы өтті
Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның алғашқы эндаумент форумы өтті
671
оқылды
Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінде ENU Endowment Fund таныстырылымы және еліміздегі алғашқы «Қазақстанның Эндаументтері» форумы өтті. Іс-шараға қазақстандық және шетелдік сарапшылар, мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының, қаржы компанияларының және кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері қатысты. Л.Н. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің түлектері – ENU Endowment Fund құрылтайшылары. Эндаумент – қорды құрудың негізгі мақсаты – тұрақты дамуды қамтамасыз ету және келешекке әлеуметтік, білім беру, ғылыми және мәдени жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін ұзақмерзімді қосымша ресурстар тарту. Таныстырылым барысында «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов  университет түлектерінің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін атап өтті.  «Біздің түлектеріміз ENU Endowment Fund құруға бастамашылдық танытты. Университетімізде эндаумент тәжірибесі жүзжылдықпен өлшенетін үздік әлемдік жоғары оқу орындарының үлгісі бойынша мақсатты капитал қорының құрылуы – бұл бұрын-соңды болмаған оқиға. Олар тек ЕҰУ ғана емес, сонымен қатар қазақстандық білім беру саласындағы маңызды жобаның алғашқы ашушылары. Жақын арада қордың табысы дарынды студенттерге және олардың инновациялық жобаларына қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Осылайша, түлектер өздерінің білім алған ЖОО өміріне белсене  араласып, адам әлеуетін дамытуға ғана емес, бүкіл елдің болашағына да өз үлестерін қосады», - деді ректор. ENU Endowment Fund директоры Динара Мұсабалина қорды және веб-сайтты https://endowmentenu.kz/ таныстыру барысында мақсатты капиталға қол сұғылмайтынын және жинақтау сипаты бар екенін атап өтті. Одан түскен инвестициялық табыс есебінен ғана жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру жоспарлануда. ЕҰУ-дың  құрылтайшы-түлектері мұқтаж студенттерге гранттар мен стипендиялар тағайындау арқылы қолдау көрсетуді, білім алушылардың ғылыми-инновациялық және кәсіпкерлік қызметіне жәрдемдесуді және талантты жастарға қолғабыс етуді жоспарлап отыр. Қорға 10 млн теңге көлемінде алғашқы жарнаны ENU Endowment Fund құрылтайшыларының бірі, ЖОО түлегі Дмитрий Инютин енгізді. Оның айтуынша, ұрпақтар сабақтастығын сақтау бүгінде аса маңызды.  «Осы университетте алған білім мен дағдылар көптеген өмірлік қиындықтарды жеңуге көмектесті. Бүгінгі жетістіктерімде білімнің үлесі бар, демек менің альма-матерім де бар. Өзімнің университетіме, оның ішінде жаңа технологиялар дәуірінде білімге құштар студенттерге көмектесу тәрізді жауапты іс-әрекеттердің уақыты келді. Эндаумент – бұл қиын-қыстау кезеңдерде университеттердің тұрақтылығын сақтау мен нығайтудың тиімді тетігі. Осы қордың арқасында болашақ ұрпақтарымыз ғылыммен айналысатын болады», - деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ түлегі. Тұсаукесер аясында университеттің дамуына үлес қосқан  түлектер мен меценаттарға арналған «Даңқ ағашының» салтанатты ашылуы өтті. Бұл аллеяда тұлғалардың есімдері болашақ ұрпақтың есінде қалуы үшін  отырғызылған көшетке нақыштап жазылады. Даңқ ағашына бірінші болып Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ түлегі, Эндаумент қорының құрылтайшысы Дмитрий Инютиннің есімі жазылды. Сондай-ақ, ол университет өміріне белсенді қатысқаны үшін «ЕҰУ меценаты» белгісіне ие болды. Қорды құру мақсаттарының бірі – студенттерге стартап жобаларын жүзеге асыруға көмектесу. Мәселен, жас стартапер Диас Ташиев бұл жастар үшін жобаны іске асыруға қолдау алуға жақсы мүмкіндік деп санайды.  «Кәсіпкерлік туралы негізгі білімді жастар бойына сіңіру керек деп есептеймін. Бұл қаржылық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік береді және кәсіпкерлер санын арттырады. ЕҰУ-да студенттерді кәсіпкерлікке оқытып қана қоймай, стартаперлерді қолдау шараларының кешені қарастырылған. ЖОО-ның бизнес-инкубаторында инновациялық бизнес идеяларды қолдау үшін акселерация бағдарламалары құрылған, мастер-кластар өткізіледі, коворкинг орталығында жұмыс орнын ұсына отырып, заңды және консалтингтік қызметтер қарастырылған. Біз  Эндаумент қорына да үлкен үміт артамыз», - деді 3 курс студенті. Қордың таныстырылымы І «Қазақстанның Эндаументтері» форуммен жалғасты. Елімізде алғаш рет мақсатты қорлардың өкілдерін тоғыстырған жиынды Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырды. Форумның мақсаты – мақсатты капиталды қалыптастыру мен дамытудың өзекті мәселелерін талқылау, эндаументтерді басқару бойынша озық тәжірибе алмасу үшін бірыңғай алаң құру. Форум жұмысын ашқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев эндаумент қорлардың мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. –  Білім берудің барлық деңгейлерін жаңарту объективті қажеттілікке айналуда. Жаһандық бәсекелестік жағдайында Қазақстанның басты бәсекелестік артықшылығы жоғары білікті адами капитал, сондай-ақ инновацияларды тұрақты енгізу болуы тиіс. Осыған байланысты университеттер жанынан эндаумент қорларын құру білім беру процесіне инновацияларды енгізу мүмкіндіктерінің бірі болып табылады. Олар жоғары оқу орындарының дамуына, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамды қолдауға, университеттер жанындағы зерттеу қызметін ілгерілетуге ықпал етеді. Әрине, осындай бастаманы қолдаймын және бұл болашаққа сенімділік беретін құрал екеніне сенемін. Бұл форум елдегі білім беруді жақсы жаққа өзгертетін өте үлкен қозғалыстың бастауы болуы тиіс, – деді ол. Сондай-ақ, іс-шара барысында ММХҚИ, ҚазҰУ, Ұлттық кардиохирургия орталығының «Жүрек орталығы», КАЗГЮУ, Назарбаев Университетінің «Әлеуметтік даму қоры» және т.б. өкілдері сөз сөйледі. Бірінші Эндаумент форумына қатысушылар университет аумағына 50 түп көшет отырғызып, байыпты бастама есте қаларлық оқиғаға айналды. Іс-шара аясында тұрақты даму, инвестиция және фандрейзинг мәселелері бойынша панельдік сессия, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдардағы капиталды басқару бойынша семинар өтті.