Қазақстандық ауылдағы 10 үйдің 9-ы мобильді интернетті пайдаланып жатыр. Бұл дерек finprom.kz сайтында жарияланды. «ҚазАқпарат» аударып, ұсынған ақпаратта соңғы жылдары қазақстандық ауылдардың интернетке қосылуы айтарлықтай өсіп, жоғары деңгейге жеткені мәлімделген. Мысалы, Халықаралық электр байланысы одағының деректері бойынша, 2020 жылы Қазақстанның ауылдары мен қалаларында интернетті пайдаланушылардың үлесі бірдей деңгейде – 92% болды. Бұл орташа әлемдік деңгейден (жалпы 39%) орташа есеппен алғанда әлдеқайда жоғары, сонымен қатар Еуропадағы (80%), Америкадағы (60%) көрсеткіштен біршама көбірек. Бұдан басқа, республика бұл көрсеткіші жағынан ЕАЭО-ның барлық елдерінен, сондай-ақ , АҚШ (ауылдық жердегі пайдаланушылар үлесі 66%), Германия (91%), Франция (83%), Италия (74%), Канададан (77%) озып келеді. Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары мұндай нәтижелерге жету үшін қомақты көлемде инвестиция салып, түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда. Мәселен, 2020 жылдан бастап «250+» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында операторлар 250 және одан да көп адам тұратын ауылдарда жоғары жылдамдықты мобильді интернетке қол жеткізуге бағытталған инфрақұрылымды құрды. «250+» жобасы аясында әрбір ұялы байланыс операторы ауылдық аумақты қамтитын базалық станциялар желісін орналастырды. Мысалы, «Қазақтелеком» АҚ тобына кіретін Tele2 ұялы байланыс операторы 2022 жылдың қаңтарына дейін еліміздің шалғай ауылдарында 333 базалық станция орнатқан. Бұл ауылдардың интернетті тұтыну көлемі 1,3 петабайтқа жетті. Өз кезегінде Kcell ұялы байланыс операторы 2021 жылы 212 базалық станция орнату арқылы 213 ауылды интернетпен қамтамасыз етті. Оның 102-сі «250+» жобасы бойынша болса, тағы 110 базалық станция артылған міндеттемеден асып түсті. Жалпы, «250+» жобасы аясында ауылдық елді мекендерді мобильді интернетпен қамтамасыз ету қала мен ауыл тұрғындары арасындағы цифрлық алшақтықты жойып, ауыл тұрғындарының заманауи байланыс құралдарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді.