Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында елге танылған даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековтің есімі бүгінде елеусіз қалған. Оның мергендігіне бір ғана мысал, Кеңес Одағының батырлары, атақты сұрмергендер Ф.Смолячков – 125, В.Зайцев 255 жаудың көзін жойған екен. Ал құралайды көзге атқан мерген Төлеуғали Әбдібеков 397 фашисті жер жастандырған. Бір батальонға жуық жауынгердің көзін жойған Төлеуғали Әбдібеков «Кеңес Одағының Батыры» атағын алмады.
Мергендік әкесінен дарыған
Сонда да болса неміс басқыншылары Төлеуғали Әбдібековті «Қара өлім» деп атап кеткен. Ол 1916 жылы Семей облысы Жарма ауданында Насырхан Әбдібектің отбасында дүниеге келген. Балалық шағы азаматтық соғыс оты тұтанған кезбен тұспа-тұс келді. Сол жылдары қызылдар мен ақтардың жасағы, қарапайым қарақшылар ауыл-ауылдардан жиі өтетін. Азаматтық соғыстан кейін жүдеп қалған қазақ ауылдары үлкен қиындықтарды бастан өткерді. Бұған қоса, түрлі ауру тарай бастады. Тоз-тозы шыққан ауыл халқы амалсыздан туған жерін тастап, қайғыра жат жерге қоныс аудара бастады. Сонда батырдың әкесі Насырхан өзінің туған ауылын тастағысы келмей, сонда қалуды шешеді. Күн көру үшін ол аң аулаумен айналыса бастайды. Төлеуғали өсіп, ер жеткенде әкесі оған нысанаға дәл тигізу, нысананы шыдамдылықпен бақылау сияқты мергендерге тән қасиеттерге баулыған. Әкеге тартып оқ жонған жас аңшы Төлеуғалидың даңқы ауыл-ауылға тарай бастайды. Оның атқан оғы ешқашан мүлт кетпейтін. Тәжірибелі аңшылар мен ақсақалдардың өзі жас аңшының олжасына таңдай қағысатын. 1932 жылы Төлеуғали туыстарының шақыртуымен Оңтүстік Қазақстанға, «Пахта-Арал» совхозына көшеді. Мұнда ол мақташы болып жұмыс істейді. Төлеуғали осы жерден Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Хабаровск аймағында өтеуге аттанды. Әскердегі алғашқы күндерінен бастап-ақ ол өзінің жинақылығымен, айрықша физикалық дайындығымен және ептілігімен командирдің көзіне түседі. Мергендік жарыс кезінде оның дәлдігіне командирлер мен қаруластары таңданыспен қарайтын. Ол оқ атудан ауданаралық армия жарыстарында да бірінші орындарды иеленіп келді. Әскери борышын өтеп болған соң Төлеуғали өзінің туған кеңшарына оралып, мақта өсіру бригадасын басқарады. 1941 жылы аяқасты Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. 1942 жылдың мамырында Шымкент аудандарынан жиналғандар қатарында Төлеуғали да бар еді. Жаңа шақырылған жасақ Калинин майданында даңқты қолбасшы Панфилов дивизиясының құрамында ұрысқа кіріседі. Дивизияның 1 077-ші полкінің қолбасшысы қосымша әскерді жақсылап зерттеп, жауынгерлердің қарым-қабілеті мен мүмкіндігіне қарай тапсырма берді. Жауынгер Әбдібековтің аңшы болғанын білген командир оған оптикалық көздеуіші бар мылтық береді. Командир Төлеуғалиға қару берерде: «Сен аңшысың. Енді саған екі аяқты, бірақ жыртқыш және айлакер аңдардан да әлдеқайда қауіпті жауды аңдуға тура келеді» дейді. Ал өжет қазақ жігіті: «Менің қолым күшті, ал көзім бүркіттікіндей өткір. Жау осыны білсін», – деп жауап қайырады.Ұрыс даласының ұстазы
Сұрапыл соғыстың қаһарлы күндері де басталды. Бірақ бұған дейін ұрыс даласын көрмеген жауынгерлер үшін кескілескен майдан оңайға соқпады. Алғашқы ұрыс бір аптаға созылды. Снайпер Әбдібеков 19 немістің көзін жойды. Бірақ немістер де қапы қалмады. Қарсы шабуылды үдете түсті. Сол кезде 25 жау жауынгері дәл Төлеуғалидың жертасасына қарай бара жатады. Жаудың 25 сарбазына Төлеуғали жалғыз өзі төтеп беруі керек еді. Дала аңшысының қырағы көзі бірден оптикалық көздеуішке түседі. Әбдібеков нысанадан ешқашан мүлт кетпейтін. Жау әскерінің жақындағанын көріп, оларды біртіндеп нысанаға ала бастады. Келесі сәтте жау офицерлері бірінен соң бірі мұрттай ұшып жатты. Сардарларының оққа ұшқанын көрген неміс жауынгерлерінің зәре құты қалмады. Жан-жағына жалтақтап, мергеннің қай тұста екенін ажырата алмаған неміс басқыншылары оңды-солды оқ ата бастайды. Бұл кезде Төлеуғали оқтың қай тұстан атылып жатқанын түсінбей әлекке түскен жау әскерінен бірінен соң бірін жайратып салды.Ақтық демі қалғанша берілмеді
1944 жылы 23 ақпанда Кеңес Армиясы құрылған күні Төлеуғали жаудың қолынан оққа ұшты. Ол күні Әбдібеков ауырып тұрса да, емделудің орнына майданға шықты. Жаудың мергені оны тура мойнынан атты. Алайда Төлеуғали да оны көздеп, атып түсірді. Қатты жарақат алса да, әскери борышын аяғына дейін орындап кетті. Соғыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін Төлеуғали Насырханұлы «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» орденімен және қайтыс болғаннан кейін «1-дәрежелі Отан соғысы» және «Ленин» ордендерімен марапатталды. Бірақ ол қанша ерлік көрсетсе де, «Кеңес Одағының Батыры» атағын алмады. Төлеуғали өзінің өмірбаяндық анкетасында ағасы Кемелбайдың «халық жауы» ретінде қуғын-сүргінге ұшырағанын жасырмай жазғанына ғана бола қолбасшылар оны «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынбады. Дегенмен батырдың еңбегі арнайы атақпен бағаланбаса да, халық алдында ерлігі ұмытылған жоқ.