Мектепте Қайым музейі ашылды
Мектепте Қайым музейі ашылды
666
оқылды
Алаштану, абайтану, шәкәрімтану ғылымының негізін қалаған көрнекті ғалым, қаламгер, ұстаз, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханұлының қазақтың мәдениет әлеміне қосқан үлесі өте мол. Осыған орай таяуда тұлға­ның еңбегін дәріптеу мақса­тын­да елордадағы Қайым Мұхамед­ханов атындағы №90 гимназияда «Рухы мықты Ер қазақ» атты іс-шара өткіз­іл­ді. Айтулы шара­ға қоғам қайрат­керлері, депутат­тар мен көрнекті қаламгерлер қатысты. Іс-шара «Қайым және ұлттық болмыс» атты бірыңғай сынып сағатымен басталып, білім беру мәселелері мен ұлттық мектеп моделі талқылан­ған «Ұлттық мектеп – ұлт бола­шағы» атты ғылыми-тәжірибе­лік семинарға ұласты. Осы тақырыпта ғылыми ізденісте жүрген зерттеушілер арнайы баяндама жасап, тәжірибелі мамандар өз тұжырымдарын ұсынды. Бұдан соң іс-шара Қайым Мұхамед­ханұлының құрметіне ар­нал­ған қазақ күресінен кіші жас­өспірімдер арасындағы «Алтын Белбеу» республикалық турнирімен жалғасты. Турнирде республиканың 14 облысынан құралған 165 жас өрен бозкілем­де белдеседі. Шараға «Қазақ күресі» ассоциациясының бас дирек­торы Ербол Мырза­босынов пен ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Жұмабекұлы арнайы қатысты. Ауқымды доданың қорытындысы алдағы уақытта шықпақ. Іс-шара барысында «Қайым музейінің» ашылуы да өтті. Елімізде мектеп жанында музейі бар орта оқу орны аса көп емес. Айталық, ел астанасындағы №95 мектептің тек 16-сында ғана музей бар екен. «Қайым музейі» – осы қатарды толық­тыратын бірегей жоба. Өйткені мұндағы жәдігерлердің бар­лығын Қайым Мұхамедханұлы­ның өзі тұтынған. Музейден өзі киген костюмі мен шапаны, домбырасы, көптеген пайдалан­ған затын көруге болады. Музей қорын 260-тан асатын фото­құжат пен 50-ден артық заттай жәдігер құраған. Музей тұсаукесерінен соң Қайым Мұхамедханұлын еске алуға арналған «Рухы мықты Ер Қазақ» концерті өтіп, одан кейін Алаш арыстары атындағы аллеяның ашылуы болды.