Талғат Бигелдинов екі мәрте «Кеңестер Одағы Батыры» атағын алған жалғыз қазақ. Әрі ол екі мәрте «Батыр» атағын алған жалғыз қазақ ұшқыш. Әскери тапсырмамен әуеде 305 рет ұшқан, 305 рет өліммен бетпе-бет келген қаһарман. Сол бір соғыстың сұрапыл күндері туралы өзі де: «Мінсіз ұшақ болмайды. Бірақ та сен ұшатын ұшақты жақсы көруің керек. Ол жақсы зат болса да, саған да өз сүйіспеншілігін береді. Машинаның жаны сірі болды. Кейде тіпті бүтін жері қалмайтын, бірақ сонда ұшақ жұмыс істеп тұрды. Оны тағы да «ұшатын ұшақ» немесе «қара өлім» деп аталған. Бірақ та нұсқаушылардың арқасында ғана емес, онда отырып соғысқан, өлген, жеңгендердің арқасында ұшақ сондай қауіпті қару болған» деп жазған екен. Талғат Бигелдинов жайында аңыз да, ақиқат та көп. Батыр ұлдың әуедегі көзсіз ерлігі туралы талай рет жазылған. Тіпті, ол туралы деректі фильм де түсірілген. Майбалықта дүниеге келген баланың даңқын аспандатқан да асқақ рухы еді. Үш жүз бес рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып, ұрыс салып, жауына атойлап қарсы шықты деп айта салу оңай. Жан алысып, жан беріскен сол бір жанталастарда жеңіп шығу мақсат болса, батыр өз мақсатына жете білді. Үш жүз бес рет өліммен бетпе-бет келді. Үш жүз бес рет өмірге қайта келді. «Бала шағымда мені шексіз сүйген жалғыз адам болды. Ол менің әжем. Әз әжем 101 жыл өмір сүрген. Мен аэроклубта оқып жүрген кезімде бір күні әжем іздеп келіп, маған былай деп айтты: «Ұлым менің, саған бір дұға үйретейін. Жаңбыр жауса, найзағай жалп етсе, соны оқы, сонда найзағай саған түспей, қасыңнан өтіп кетеді» деген еді. Майданда жүргенде де осы сөзін естен шығармай, дұғасын іштей қайталап оқып жүрдім» деп жазады өз естеліктерінде. «Аспан адамына» айналған аңыз тұлғаның Кеңсайдағы зиратына барған жан бар ма? Бізге қоңырау шалған кейіпкер (есімін атағысы келмеді - ред) көкке қол созған көк күмбездердің жанында батыр зираты елеусіз қалғанын айтады. «Жан-жағы сыммен қоршалған, шағын ғана құлпытас тұр. Бигелдиновтің қайтыс болғанына – сегіз жыл. Сегіз жылда батырдың басын дұрыстап қарайта алмағанымыз ба? Жауапты органдар бұған неге мән бермеген? Қоршауды кеңейтіп, тіпті басына ескерткішін қоюға да болар еді» дейді кейіпкеріміз. «Тірісінде аты аңызға айналған тұлғаның қабірі шынымен қараусыз қалды» деп қамығады қоңырау шалған бейтаныс жан. Алматыға барған сапарымызда ақпараттың анық-қанығын білмекке Кеңсайдағы батыр бейітіне арнайы бет бұрдық. Жақындап келіп, анықтап қарамасаңыз, расында Бигелдиновтің қабірі екенін аңғармай қалуыңыз мүмкін. Батыр Бауыржан Момышұлының бейіті жанында елеусіз жерде тұр. Жан-жағы сым қоршаумен қоршалған. Басында Бигелдиновтікі екенін әйгілеп, шағын құлпытас тұр. Алыптардың қасында аңыз адамның моласы да жетімсіреп тұрғандай әсер етті. Талғат Бигелдиновті өмірден өткеннен кейін ұмыт қалдырғанымыз ба? Бейітінің басын қарайтып, ескерткішін қоюға не кедергі? Біз бұл сауалымызды батырдың жары Орындыбике Бигелдиноваға қойдық. «Өмірден өткен адамдарға даңқ та, атақ та керек емес. Аруаққа керегі біздің дұғамыз ғана. Аталарың өте қарапайым адам болды. Өзінің аманаты да сондай еді. Сол қарапайым қалса екен деген ойы болған шығар. «Қабірімнің төбесін таспен жауып тастамасын. Қайың ағашы мыңжылдық, сол қайың ағашымен жабыңдар», – деді. Талғат ағаларыңмен жиырма жыл отастым. Тура жиырма жыл толғанда қайтыс болды. Үш рет Меккеге барды. Басына қойған тасын Ашхабадтан алдырдым. Биыл туғанына жүз жыл толды. Жүз жылдығына жан-жағын үлкейтіп, гранит құйса деп ойлап қоямын. Биыл үш томдық кітабын шығарайын де отырмыз. Қазақ тілінде шыққан кітабы болмаған. Алғаш рет қазақша басылайын деп отыр. Шамам келгенше басына жиі барып тұрамын. Жан-жағын тазартып, гүл қойып кетемін. Мәңгілік өмірі жұмақ болсын деп тілеймін», – дейді Орынбике апай. Қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанованың есімі Атырау әуежайына берілді. Мәншүк Мәметованың да есімі Орал әуежайында тұр. Талғат Бигелдинов қайтыс болғаннан кейін қоғам белсенділері тарапынан «Алматы әуежайына батыр атамыздың есімі берілсе» деген ұсыныс айтылған еді. Өкінішке қарай, ол да аяқсыз қалды. Одан бері де сегіз жыл өтті. Бигелдинов есімі әуежайға берілген жоқ. Тіпті, қабірінің басын да дұрыстап қарайта алмай отырмыз. Көкпен таласқан күмбез салу міндет емес шығар. Бірақ аңыз адамға, «аспан адамына» лайық ескерткіш орнатылуы тиіс. Біздің қазақта қайтқан кісінің «басын қарайту» деген ежелден келе жатқан үрдіс бар. Ел есіндегі есті кісілердің қабіріне зиярат жасау үшін де керек нәрсе. «Кеңсайға» барсаңыз байдың да, бағланның да неше түрлі құлпытасы, зәулім кесенесі тұр. Аруақ жарыстырғаннан аулақпыз. Әйтсе де, Жеңіс күні қарсаңында Талғат Бигелдиновтің қабір басын көріп, екі мәрте «Батыр» атанған жанға ел мен мемлекет тарапынан символикалық бір ескерткіш тұрғызудың қажеттігін зерделі азаматтардың қаперіне салып отырған жайымыз бар. Ерлік есеппен жасалмайды! Ер-азамат – елдің қорғаны мен айбары! Күні ертең шет мемлекеттен қазақтың екі мәрте батырының моласын көрейік, тағзым етейік деп меймандар келіп жатса, елдігімізге сын емес пе?! Президент кеше үш бірдей сұр мергенге «Халық Қаһарманы» атағын берді. Тарихи әділет қалпына келді. Біздің ойымызша, «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген тағылымды сөз нақты әрекетпен қуатталуы тиіс!
Айым БЕКТҰР