Жеңіс күні қарсаңында «AMANAT» партиясының мүшелері еліміздің барлық өңірлерінде Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында аға ұрпаққа қамқорлық көрсету - партияның басым бағыттарының бірі.
Бүгін «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов елордада тұратын ардагерлердің үйіне барды. Олардың арасында Польша, Румыния және Венгрияны азат ету үшін болған соғысқа қатысқан 98 жастағы Рзағұл Байкешев, Берлинге жеткен 96 жастағы Жүніспек Кәрімов және майданға өз еркімен аттанып, Жеңіс күнін Будапештте қарсы алған 97 жастағы Раиса Сафоничева бар.
«Мен соғысқа 1941 жылы 7 тамыз күні 17 жасымда аттандым. 101-ші бригаданың құрамында болдым. Бізді 4-5 ай оқытып, бірден майданға жіберді. Жасымыздың кішілігіне қарамастан, әрқайсымыз Отан үшін жан беруге дайын болдық», – деді Рзағұл Байкешев.
Асхат Оралов 9 мамыр майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің тарихи ерлігі үшін мақтаныш пен шынайы құрмет көрсететін мереке болып қала беретінін атап өтті.
«Ардагерлеріміздің ұлы ерлігін әрбір қазақстандық құрметтеп, есте сақтауы керек. Бізге ашық аспан, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлеріміздің есімдерін ешқашан ұмытпаймыз. Қарттарға қамқорлық көрсету - біздің ортақ парызымыз. Оларға қолдау білдіру әрқашан «AMANAT» партиясының басты назарында болады. Майданға 1,2 млн. астам қазақстандық аттанып, оның жартысы үйлеріне оралмады. 9 мамыр - ардагерлеріміздің тарихи ерлігі үшін мақтаныш және шынайы құрмет күні болып қала береді»,- деп атап өтті ол.
Айта кетейік, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттардың өмір сүру жағдайына мониторинг жүргізу жалғасуда. Еліміз бойынша 45 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, онда 60 мыңнан астам қария бос уақытын өткізеді. Қарттардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына байланысты 300 мыңнан астам мәселе шешімін тауып, 275 мың адамға атаулы көмек көрсетілді.