Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 77 жыл толуына орай және ұлттық спортты дәріптеу мақсатында Шолақсор ауылында дүбірлі той өтті, – деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақтоғай ауданы әкімдігінің мәліметінше, жарысты Шолақсор ауылының тұрғындары ұйымдастырған.
– Тойда 3 шақырымдық таза қанды жабағылар мен жалпы жабағылар бәйгесі, 6 шақырымдық құнан жарысы, 21 шақырымдық аламан бәйге, жаппай талас пен командалық көкпар ойындары, қошқар көтеру, арқан тартыс ойындары және еркін күрес бәсекесі өтті. Жарысқа Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысынан сайыскерлер қатысты, - дейді әкімдіктен.
Көкпар ойынында 1 орынға - 150 мың теңге, қошқар көтеруге ұтысқа қошқар қойылды.
– 106 келі тартатын қошқарды Сілеті ауылының тұрғыны Дәурен Амантаев 78 рет көтеріп жеңімпаз атанды, - деді әкімдіктен.
Сонымен қатар арқан тартыста да ақшалай сыйақы ұсынылды. Ал, еркін күрестен абсолют жеңімпазға қой ұсынылды.
Ауыл тұрғындары атынан алыстан келген қонақтарға ас берілді.