Мұғалімдер Ахмет Байтұрсынұлына арналған авторлық бағдарламалар жасап шығарды
Мұғалімдер Ахмет Байтұрсынұлына арналған авторлық бағдарламалар жасап шығарды
1,133
оқылды
​Қазақстандық мектеп мұғалімдері А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай авторлық бағдарламалар жасап шығарды. Тың еңбектерін педагогтер «Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық білім беру жүйесі: Білім берудің бүгіні мен ертеңі» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында таныстырды. Конференцияға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің директоры Анаркүл Болымбекова, ҚазҰУ профессорлары, ахметтанушы Орынай Жұбаева және басқа да ғалымдар қатысты. Сонымен қатар 250-ге жуық мектеп мұғалімі қатысып, ұлт ұстазының сарқылмас мұрасының бүгінгі білім беру жүйесіндегі құндылығы жайында ой бөлісті. Шара ұйымдастырушысы СДУ Мультидисциплинарлық білім беру орталығының директоры Жайнагүл Дүйсебекованың айтуынша, жиын ерекше форматта өткен. Ахмет Байтұрсынұлы «Шараның әдеттегі ғылыми конференция форматынан ерекшелігі – қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп пен Сулейман Демирель атындағы университеті, ахметтанушылар арасында өзара тәжірибе алмасу түрінде өтті. Ғылыми практикалық құндылығы жоғары конференция болды. Мектеп мұғалімдері қоғам қайраткеріне арналған авторлық бағдарламалар жасап шығарды, шарада соларды таныстырды. ЖОО оқытушылары үшін ол өте құнды ақпарат болды. А.Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасына қатысты тың баяндамалар жасалды, қатысушылар түрлі ойларын талқыға салды. Ақынның өзге тілдерге аударылған өлеңдері оқылды», – деді ол. Сондай-ақ шара барысында публицистің өмір кезеңдерін суреттейтін көріністер қойылды, голограмма арқылы портреті салынды. Шығармашылығын насихаттау мақсатында көрме ұйымдастырылып, онда оқушылардың қолымен жасалған туындылары көпшілік назарына ұсынылды.