Былтыр Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобалары бойынша 1,3 трлн теңге инвестиция салынды. Бұл механизм кәсіпкерлік сектордың тәжірибесін, технологиясын және қаржысын мемлекеттің жауапкершілігіндегі салаларға жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ұлттық жоспарға сәйкес, Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар МЖӘ жобаларында мемлекеттік бюджеттің емес, жеке инвестицияның көлемін ұлғайтуға ниетті. Өткен жылдың ең ірі МЖӘ жобасы – Үлкен Алматы айналма автожолына 511 млрд теңге ақша салынса, оның 204,5 млрд теңгесі – жекеменшіктің қаржысы. Қаржыландыру көлемі бойынша екінші орында 499 млрд теңгеге жобаланған Түркістан облысындағы төрт жолақты автожол құрылысы тұр. Жобаны 2024 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. Дегенмен оған әзірге инвестор табылмай отырған сыңайлы. Үздік үштікті Көкшетаудағы ЖЭО түйіндейді. Оның құрылысына 258 млрд теңге қажет. Жоба толықтай жеке инвестордың қаржысына салынып, 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Әріптестік шарт тиімді болуы тиіс «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік екі тараптың тәуекелдер мен жауапкершілікті өзара бөлісуіне әкеліп, ол инфрақұрылымдық жобалардың сәтті жүзеге асырылуына тікелей ықпал етеді. Дегенмен инфрақұрылымның негізгі инвесторы және жеке секторды жұмылдырушы орган болғандықтан бұл салада басты рөл мемлекеттің өзінде болады»,– дейді Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова. Оның айтуынша, мемлекеттік міндеттемелерді азайтып, оның көлемін сырттан жұмылдырылған инвестиция мөлшерімен сәйкестендіру қажет. Сондай-ақ мемлекет пен жекеменшік әріптестердің арасындағы жауапкершілікті де, тәуекелдерді де теңдей бөліскен абзал. Ал қазіргі жағдайда көптеген жобалар бойынша мемлекет оған кеткен шығынды толықтай өтеп отыр. Тіпті, кейбір бастамалардың өтемі оған кеткен шығыннан да асып түскен. Мәселен, Атырау облысының Құлсары қаласында желілік жарықтандыру құрылысына 2,4 млрд теңге жұмсалып, ол үшін бюджеттен 2,7 млрд теңге қайтарылған. Жергілікті атқарушы органның дерегіне сүйенсек, бұл жерде мемлекеттің міндеттемесі 3,4 млрд теңгеге жеткен. «Бұл заңды тұрғыдан МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік қолдаудың және субъектілер шығынын өтеу бойынша шектеу шараларының нақты регламентінің жоқтығына байланысты. Сол себепті жергілікті деңгейде МЖӘ шарттарын бекіткенде талдауды күшейтіп, жүзеге асырылатын жобалардың негізгі капиталдағы инвестицияның артуына әсерін ескеру қажет»,– деп санайды Есеп комитетінің төрайымы. «Атамекен» ҰКП ақпаратына сүйенсек, қазіргі күні елімізде МЖӘ-ге қатысты атқарылуы әр түрлі кезеңді қамтитын 32 жоба тұр. Оның 22 бойынша келісімшарт бекітілген. Осы жобалар бойынша жергілікті бюджеттен төленетін мемлекеттік міндеттеменің көлемі 3,5 млрд теңгені құрайды. Жобалардың бесеуі денсаулық сақтау саласында (мемлекеттік міндеттеме – 1,8 млрд теңге), екеуі жол құрылысына қатысты (мемлекеттік міндеттеме – 1,6 млрд теңге), біреуі ветеринария бойынша (мемлекеттік міндеттеме – 80 млн теңге) тіркелген. Сондай-ақ білім беру саласына арналған 13 жоба, денсаулық сақтау саласына арналған 1 жоба бойынша мемлекеттік міндеттеме төлемі белгіленбеген. Бұл жобалардың атқарылу мерзімі әр сала бойынша 2018-2028 жылдар аралығын қамтиды. Ал 2022 жылы 10 жоба жоспарлау және құжаттарды әзірлеу сатысында жатыр. Әдетте басқа салалармен салыстырғанда білім беру ісіне қатысты МЖӘ жобалары көптеу болып келеді. Одан кейінгі орындарда денсаулық сақтау мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторлары тұр. Ал көлік пен инфрақұрылым секторындағы жобалар басқаларға қарағанда саны жағынан аз болғанымен, ауқымы жағынан анағұрылым ірі . Өйткені оларды жүзеге асыру айтарлықтай көп қаржыны қажет етеді, сондықтан ол қанша жерден тиімді болса да мұндай тәуекелге мемлекеттің өзі көп жағдайда бар бермеуі мүмкін. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен туризм саласында жүзеге асырылған жобалар да там-тұм. Бұл осы салаларға қатысты заңнамалық негіздің жетілмегендігін және салалық органдардың дайын емес екенін білдірсе керек. Заңның жетілмеген тұстары бар «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік институты – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін жекеменшік инвестицияны тартуға бағытталған тамаша механизм. Оның салааралық үйлесімділігін, әдістемелік басшылығын және МЖӘ шарттарын мониторингтау мен орындалуын Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Әйтсе де оның ескерілмей жатқан кемшіліктері де жоқ емес»,– деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономиканы реформалау және өңірлік даму жөніндегі комитет мүшесі Самат Акишев. Мәжілісменнің айтуынша, тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу процедурасын айналып өту үшін МЖӘ механизмін жиі қолданатын көрінеді. Ол Алматыда жолдар мен тротуарларды төсеу, қаланы абаттандыру ісі, көше жарықтарын жаңарту және тағы басқа көптеген жобалар өндірісті құрмай немесе активтерді сатып алмай, осы әдіспен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Мұндай мысалдар Көкшетау, Щучинск, Кентау т.б қалаларда да көптеп кездесетін көрінеді. Одан бөлек, жергілікті әкімдіктер зияткерлік меншік құқын жамылып, МЖӘ шартын ешқандай конкурс өткізбей-ақ өзара бекіте беру тәжірибесі етек алған. Мұндай мысалдардың қатарына қалаларда бейнебайланыс жүйесін орнату, көше жарығын жетілдіру, мемлекеттік мүлікті конкурссыз пайдалануға беру сияқты шараларды жатқызуға болады. Осындай әдіспен тіпті тұтас спорт кешені немесе жедел жәрдем стансасы бойынша мәміле жасалған. Мұндай жобалардың бірқатары астанада да іске асырылған. Сөйте тұра, әкімдіктер жекеменшік компаниялардың барлық шығындарын өтеп қана қоймай, сонымен қатар бюджет қаражатынан таза табыс та төлейді. Бұл жерде әлгіндей күмәнді шарт жасасқан жергілікті билік пен жекеменшік фирмалардың арасында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың құлағы қылтиятыны анық. Біз бұдан жекеменшік компаниялардың жеңіл жолмен табыс табуына қолайлы жағдай жасалып отырғанын көреміз. Соның салдарынан әлеуметтік инфрақұрылымдар мен өмірлік маңызы бар жүйені жаңғыртуға арналған жобалардың бірқатары Үкіметке нақты бағасынан әлдеқайда қымбатқа түсіп отыр. Мәжілісмен Самат Ақышев алдағы уақытта МЖӘ жобаларын тиімді жүзеге асыру және ол бойынша мемлекеттік міндеттеменің шамадан тыс қымбаттауына жол бермес үшін келесідей ұсыныс айтады: «МЖӘ-тің республикалық жобаларын жүзеге асырғанда жеке бастамалар бойынша тікелей келіссөз жүргізу механизмі жойылуы тиіс. Зияткерлік меншікті тікелей келіссөз өткізуге негіз болатын мысал ретінде қарастыратын нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет. Ол конкурстық процедураны айналып өтуге мүмкіндік береді. МЖӘ жобаларын жоспарлағанда оған қоғамдық бақылау институттарының қатысуын қарастырған жөн. Оның құрамына жергілікті өзін-өзі реттеу ұйымдарының, депутаттардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тартқан дұрыс»,– дейді мәжілісмен.