Қарағанды облысы республикада бірінші болып аутист балаларға арналған спорттық жобаны іске қосты. Ол үшін 10 жаттықтырушы арнайы оқытылып, «Бейімделген денешынықтыру» курсы бойынша сабақтар өткізіліп жатыр. – Жобаның жүзеге асырыла бастағанына 1 жыл болды. 10 жаттықтырушы онлайн форматта Ресей академиясында оқытудан өтіп жатыр. Сонымен қатар осында жұмыс істейді. Бұған қоса, олардың 10 көмекшісі бар. Мемлекеттік тапсырыс бойынша біз Қарағанды, Теміртау және Саран қалаларында 80 баланы жинадық. Жоба аутизмі бар балалардың қоғамға бейімделуіне бағытталған. Осы аз уақыт ішінде біз нәтижелерді көріп отырмыз, – деді аутизм және менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған спорттық-сауықтыру жобасының жетекшісі Гаухар Акижанова. Сабақтар аптасына екі рет бір жарым сағаттан өтеді. Алдымен балалар арнайы гимнастика және құрлықта бейімделген жаттығулар жасаса, кейін суда жүзе бастайды. Жоба жетекшісінің айтуынша, бейімделуден кейін аптасына тағы бір сабақ қосу жоспарланған. – Осы бір айдың ішінде достасып кеттік. Әр баланың икемін табу керек. Нәтижелерді көргенде, бала барлығын ойдағыдай орындағанда қуанамыз, – деп бөлісті жаттықтырушы Елена Райнгардт. Балалардың жаттығуына ата-аналар да өте риза. – Менің ұлым 11 жаста. Біз жүзу бөлімі туралы білгенде өте қуандық. Сабақтар тегін. Балалар суды жақсы көреді, су оларды тыныштандырады. Біз ұйымдастырушыларға, жаттықтырушыларға ризамыз, – дейді ерекше баланың анасы Қарлығаш Жұмаділова. Бұл өңірдегі мүгедек адамдарға спорт нысандарының қолжетімділігі үшін жасалып жатқан жалғыз жоба емес. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзден астам ерекше бала таэквондо және шахмат секцияларында шұғылданады. Мектепте мүгедектер спорты бойынша жаттықтырушылар штаты ұлғайтылды. Жұмыс істеп тұрған спорт нысандары мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделеді. Инклюзияны ескере отырып, жаңа спорт алаңдары салынып жатыр.
Қарағанды облысы