2019-2021 жылдары ауылды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасына 206 млрд теңге бөлініп еді. Алайда миллиардтардың жұмсалуынан бөлек бағдарламаның құрылымына қатысты шикілік көп. Ұлттық экономика министрлігі таратқан ресми мәлімет бойынша, өңірлік стандарттар жүйесіне енетін, ауыл халқы үшін өмір сүруге қолайлы (ыстық сумен қамтылған, интернеті қолжетімді) 24 ауыл және аудан орталықтарында 32 елді мекен бар екен. Жобаға 6 316 ауылдық елді мекеннің ішінен 3,5 мың ауыл іріктелген. Оның ішінде 1 173 тірек ауыл және 2 388 серіктес елді мекендер. Алайда үш жыл ішінде бағдарламаның игілігін тек 665 ауыл ғана көрген, яғни 18 пайызында ғана ілгерілеу болған. Ал алдағы төрт жылда жобамен 2 870 ауыл қамтылмақ. Ойлап қарасақ, жобаның әу бастағы мақсатының орындалмай қалу қаупі бар. Оның үстіне, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «2,6 мыңнан астам жоба жүзеге асты» дейді. Ал ауылдарды аралаған депутаттар министрдің ақпаратына сенбейді. Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Альберт Рау «Ауыл – ел бесігі» жобасы үш жылда 18 пайызға ғана орындалғанын, жобаның сапаға емес, санға ұмтылып отырғанын сынады. Ал мәжілісмен Аманжан Жамалов ауылдардың біріне жағдай жасап, енді бірін назардан тыс қалдыру жайын қозғады. «30 жылда мемлекеттен қолдау көрмеген ауылдар бар. Республика бойынша 6 293 ауылдық елді мекен болса, оның 4 мыңы орталықтандырылған су құбырына қосылған. Ал екі мыңға жуық ауыл сусыз қалады деген сөз. «Ауыл – ел бесігі» жобасында бұл ауылдардың болашағы жоқ деп көрсетілген бе? Жобаға кірмесе, бұл ауылдар ешқашан ауызсуға қол жеткізбей кетеді деген сөз ғой. Ал кейбір инфрақұрылымы бар ауылдарға тағы да құрылыс салуға ақша бөліп отырмыз», – дейді депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов. Қала мен ауылдың арасы алшақтап барады Ауыл мектептеріндегі білім сапасы да аса өзекті. 2018 жылғы зерттеудің нәтижесі бойынша қала мен ауыл арасындағы білімдегі алшақтық 1,5 жылдан 4 жылға дейінгі аралықты қамтып отыр. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық еліміздің батыс және оңтүстік облыстарында айтарлықтай байқалады. Бұл мәселе де «Ауыл – ел бесігі» жобасынан тыс қалған. Мәселен, 40 шақты ғана түтіні, 200-дей тұрғыны бар Шалғын ауылы – Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының шекарасында орналасқан шағын ғана ауыл. Шалғындағы тұрғындар үшін ең өзекті мәселе – мектеп. Апатты жағдайда тұрған ауыл мектебінің ғимараты су тасымақ тұрмақ, жаңбыр жауса, кірпіші езіліп, қисая беретін. 9 жыл бойы солай тұрған ауылдағы негізгі мектеп биыл ақыры құлады. Тағы 25 үй суға кеткен. Тасқын су төрт түлікке де шығын келтірді. Малмен ғана жанын бағып, нәпақа тауып отырған шалғындықтар үшін қиын тиді. Қазір тұрғындар ауылға келіп, туыс-таныстарының үйін паналап күнелтіп жүр. Ал мектеп оқушылары ауыл клубында оқуын жалғастырып жатыр. Шалғындықтардың жанайқайын кім ұғады? Неге шағын ауыл бағдарламаға енбеді? Бұлар – ауыл халқының көкейіндегі көп сұрақтың бірі ғана. Қызылорда облысы Қауық ауылындағы инфрақұрылымның жоқтығы да талай адамды көшірді. Қазір 7-ақ үй жан бағып отыр. «Ауылда жастарға қиын, олар жұмыс істеуі керек, оқуы керек. Ал үлкендер жағы қайда барамыз, кіндік кескен жерімізден жырақтап кеткіміз келмейді. Мал бағамыз. Басқа табыс көзі жоқ. Бір кездері көшкіміз келген, бірақ аз да болса малымыз бар. Сол малға жайлы болған соң кетпей отырмыз. Оның үстіне, жұмыс жоқ. Жұмыс болса, отырмаймыз ғой», – дейді Қауық ауылының тұрғыны Дәулет Иманбаев. Келесі – жұмыспен қамту мәселесі. Ауылдарда 180 мың адам жұмыссыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, зейнетақы төлемеген және жұмысқа орналастырылмаған ауыл жастарының саны – 196 мың. Биыл оқу аяқталған соң олардың саны тағы 70 мыңға өсуі мүмкін. Ауыл тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгеге жеткен. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады? Ал «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 37 мың жұмыс орны ашылмақ. Биыл 9 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жыртығымызды қаншалықты жамайтынын өзіңіз бағамдап көріңіз. Шаруашылығы шалқып шыға келген ауылдар да аз. Сонымен, ауызсу, медицина, интернет, тіпті жайылымдық мәселесі де шешілмей тұр. Балабақшалардағы жан басына шаққандағы қаржыландыру да дұрыс жолға қойылмаған. Бұл жұмыс Білім және ғылым министрлігіне жүктелген, бірақ нәтижесі қайда? Ауылмен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналыссын Иә, жылдан-жылға ауыл халқы қалаларға үдере көшіп жатыр. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнетінін айтады. «Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасына жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Егер бізде осы стратегиялық маңызды мәселе бойынша дербес бағдарламалық құжат болмаса, ауылды басымдықпен қалай дамытамыз?», – дейді сенатор Ақылбек Күрішбаев. Депутат ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін Ұлттық экономика министрлігінің қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді ұсынып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің ауылдық елді мекендерді дамыту әлеуетін айқындау кезінде экономиканы емес, халықты жұмыспен қамтудың мәселесін емес, демографияны бірінші орынға қоюына алып келді. Канада, Аустралия, Ресей және Беларусь сияқты аграрлық елдерде ауылдық жерлерді дамыту мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. Ал депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин «жобаны іске асыруда республикалық бюджеттен қандай да бір нысанға қаржы бөлінсе, ол қаржыны жергілікті билік өзгертіп жібере алады, яғни алдын ала жоспарланып, жоғарыдан бекітілген жобалар өзгеріп кетеді» деп отыр. Жобаның қаржылық бөлігін әзірлеудегі кемшіліктерден де туындаған. «Жобада ауыл тұрғындарының кірісін көбейту үшін қандай қолдау көрсетілетіні қарастырылмаған. Жұмыс орындарын ашпай немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын өндірістерді дамытпай, тек инфрақұрылым арқылы ауылды дамыту мүмкін емес. «Ауыл – ел бесігі» жобасын қайта қарау керек. Қолданыстағы жоба ауыл мәселесін түпкілікті шешпейді. «Ауыл – ел бесігі» жобасында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі ескерілмеген», – дейді Е.Жаңбыршин. Мемлекет мерейін асқақтату ауылдан басталады Экономист Хамза Оспанов егер ел азаматтарын ауылдастарымыздың ауылда қалып, олардың бәрін еңбек етуге ынталандырмасақ, ауыл жағдайы жадымыздан жат қала берсе, күні ертең жұмысқа жарамды адамдар мен ауылдардың өзі де жоқ болуы ғажап емес екенін айтады. «1 000 адамы бар ауылдың толық қалпына келіп, тұрақты дамуына кем дегенде 5 млрд теңге қажет. Оны агробизнестің неше түрлі өндірістік нысанын салуға жұмсап, олардың үлесін сол елді мекенде көп жыл тұрып, адал еңбек еткен азаматтарына таратып беруге де болады. 2 000 сүтті сиыры бар заманауи ферма жылына кем дегенде 500 млн теңге таза пайда ала алады. Ал бұл дивиденд ретінде төленсе, қаншама адамға азық болатыны анық. Әрине, шекара маңында тұрған ауылдардың сақталып қалуын естен шығармауымыз керек», – дейді экономист. Қорытындысында жоба жетілдіруді қажет ететіні айдан анық. Жоғарыда кемшін тұстарын тіздік. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына бөлінетін бюджеттің жұмсалуында ашықтық, нақтылық қажет-ақ. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» демекші, ауылдағы ағайын қалаға жағдайдың жоғынан көшіп жатыр. Ауылды дамытуға бағытталған жоба толық зерттеліп барып қана жүзеге асса, бүгінгідей шикі тұстарын тізуден жаңылып отырмас едік. Ауыл қаланың асыраушысы екенін ескерсек, еліміздегі бұғаусыз кеткен бағаларды сол алыстағы ағайынды жұмыспен қамту арқылы жүгендей аламыз. Ал егер мемлекет мерейін өсіретін ауылдар сол күйі қала берсе, өркендейміз деу бос сөз.