Ауыл халқының табысы азайды
Ауыл халқының табысы азайды
334
оқылды

Қазір елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы табыс орташа айлықтың жартысына да жетпейді екен. Қымбатшылық қысып, агросектордың «тамырына қан жүгірмей» тұрған кезде бұл мәселе де жығылған үстіне жұдырық болып отыр.

Еңбекақы 2 есе аз

Нақты айтқанда, агросектор жұмысшылары табысты елдегі орташа айлықтан 2 есе аз тауып отыр. Ал балық шаруашылығының мамандары тіпті 3 есе аз айлық алатын болып шықты. Сөйте тұра, Қазақстанда ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы саласындағы кәсіпорындардың саны 9,5 пайыз, яғни 15,3 мың компанияға дейін көбейген. Биыл­ғы алғашқы тоқсанда бұл салаларда 69,5 мың адамның еңбек етіп жүр­гені анықталды. Олардың 56,6 мы­ңы өсімдік және мал, аң ша­руа­шылығы саласында екен. Қалған 2,1 мың адам орман шаруашылығы мен ағаш дайындау ісімен айна­лысса, 0,4 пайызы ғана балық ша­руашылығы саласында жүр. Бұл ретте ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы жұ­мысшылардың көбі Қостанай (13,2 мың адам), Солтүстік Қазақ­стан (10,2 мың адам) және Ақмола (8,5 мың адам) облыстарында тіркел­ген. Қалған өңірлердегі сала ма­ман­дары 0,5-6 мың адам аралы­ғында. Жалпы, агроөнеркәсіп кеше­нінде ең жоғары айлықты орман шаруашылығы мен ағаш дайындау ісі саласындағы жұмысшылар ала­ды. Олардың орташа айлығы – 127,3 мың теңге. Одан кейінгі орын­дарда бір айдағы орташа та­бысы 115,9 мың теңгеге жеткен өсімдік, мал және аң шаруашылығы тұр. Ал балық шаруашылығының қызметкерлері бар-жоғы 81,1 мың теңге тауып, агроөнеркәсіп сала­сында табысы жөнінен аутсайдер болып қалды. Ал мұндай жағдай өз кезегінде сала мамандарының ғана емес, тұтас ауыл тұрғындарың әл-ауқатына әсер етеді. Тұрғындардың әл-ауқатына қа­тысты мәселе Парламент мінбе­рінде де көтерілген болатын. Мә­жі­лісте депутат Айқын Қоңыров қазіргі айлық төлеу жүйесін толық­тай қайта қарау керегін ескертіп, Үкіметтің назарын халықтың шы­найы табысы ресми мәліметпен сәйкесе бермейтініне аударды. Оның айтуынша,Үкімет айтып жүрген орташа айлық жалақы мөлшері жай ғана математикалық есеп және елдегі шынайы жағдай­мен сәйкес келмейді. Бай мен ке­дейдің арасы күн санап алыстап барады. Табысы төмен, түтіні түзу ұшпайтын тұрғындар мен жоғары жалақы алатындардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қала мен ауыл тұрғындарының та­бысы да екі түрлі. «Халыққа нақты нәтиже керек, тұрмысының түзелгенін нақты сезінуі тиіс», – дейді депутат.

Ауылдан жастар неге кетеді?

Қазір ауылдан үдере көшіп жат­қан жастар өз болашағын қа­ламен байланыстырады. Өйткені үлкен шаһардың мобильділік, ба­лабақша, мектеп, әкімшілік пен медициналық қызмет бойынша инфрақұрылымы жақсы дамыған. Ал көп ауылдың жағдайы кісі қызығарлықтай емес. Ондай жерде жұмыс істеуге жастарды күштеп көндірудің нәтиже бермесі анық. Сондықтан алдымен ауылдағы жас маманға лайықты жағдай жасалуы тиіс. Шалғай елді мекендерде жаңа кәсіппен айналысу үшін оларға жеңілдетілген несие беріп, мем­лекет тарапынан субсидия бөлуді қарастырған жөн. Әйтпесе, Білім және ғылым министрлігі ауыл ша­руашылығы мамандығын бітіріп шыққан студенттердің 68 пайызы ғана жұмысқа орналасып, қалғаны қаладан өзге саланы таңдайтынын жеткізді. Ал республика бойынша агросекторға 2 мыңнан астам маман қажет. Фермерлер «ауылда қарапайым техника айдайтын адам жоқ» деп дабыл қағуда. [caption id="attachment_152640" align="aligncenter" width="1181"]ауыл © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Мысалы, «Атамекен» ҰКП бас­қарма төрағасы Абылай Мыр­захметов шекарада кәсіп ашуға барлық жағдай жасалғанын, соған жастар үшін 5 жылға өңірлік бағ­дарлама қабылдау керегін айтып отыр. Себебі Ресеймен шекаралас өңірлерде ресейлік облыстар нақ­ты саясат жүргізіп жатқан көріне­ді. Олар біздің 9, 10, 11-сыныптар­да оқып жүрген, түрлі олимпиа­да­ларда көзге түскен оқушыларды өздерінде оқуға шақырып, жағдай жасай бастаған.

Шетелдіктерден үлгі алсақ игі

Саясаттанушы Әзімбай Ғали ауылдарда фермерлік шаруашы­лық­тарды дамыту керек екенін ай­тады. Америкалық үлгінің ұтым­ды екенін негізге алған ол, АҚШ-та жалдамалы жұмысшылар Латын Америкасы мен Мексикадан келіп еңбек ететінін еске салды. Сол сияқ­ты бізде де ортаңқол фер­мер­лерді көбейтіп, индустриялды үдерістерге жол ашудың мүмкіндігі мол. Ал жойылу алдында тұрған ауылдарда кемінде 3-4 фермерлік қожалықты дамытса жеткілікті. Ол үшін олигархтардың меншігіндегі жерлер шаруаларға берілуі тиіс. Ал «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАК бас­қарма төрағасы Төлеутай Рахым­бековтің айтуынша, жоғары оқу орындарын жыл сайын 5 мыңға жуық түлек бітіріп шыққанмен, со­лардың ешқайсысы ауылға қайт­пайды екен. Сондықтан салаға маман дайындауда мемлекет есе­бінен беріліп жатқан гранттық жүйеден несиеге оқытуға ауысуды қарастыру қажет-ақ. «Польшада университетке қабылданғаннан кейін өтініш беруші, университет, Білім министрлігі мен жұмыс беруші арасында төртжақты келі­сім жасалады. Оқуды бітіргеннен кейін түлек мамандығы бойынша кемінде 5 жыл жұмыс істеуге мін­детті. Бізге де осындай жүйе керек. Себебі жыл сайын бюджеттен студенттің оқуына деп қаражат жұмсалады. Егер несиелік жүйеге оқып шыққан түлек ауылға барып жұмыс істеуден бас тартса, несие­сі коммерциялық несиеге ай­на­лып, оны қайтаруға міндетті болар еді», – дейді ол. Сондай-ақ неміс экономи­ка­лық зерттеулер институты жүргіз­ген зерттеу жұмысы немістердің жыл сайын қаладан көшіп жатқаны туралы түйін жасапты. Бірақ олар­да да жастардың туған жеріне тұрақтамауы басты проблема көрінеді. «Ауылдан, әсіресе жастар қашады. Сол себепті мамандар жетіспейді, туу азайды» депті Дрез­ден Экономика институты зерттеу жұмысының жетекшісі Феликс Рё­зель. Ол жақтағы ауыл тұрғын­дарының өлім санының жоғары­лығы сондай, дүниеден озған қарт­тардың орнын толтыру үшін жас­тар тарапынан сонша дең­гей­дегі иммиграция қажет екен. Мы­са­лы, Бауцен ауданының 18-29 жас аралығындағы тұрғындарының шамамен төрттен бір бөлігі қалаға кетіп қалған. Олармен бірге кафе бизнесі, шағын азық-түлік, ет дүкендері мен наубайханалар да құрып тынған. Нидерландта, керісінше жас­тар­ды ауылда ұстау үшін 35 жасқа дейінгі фермерлерге несиені ең тө­менгі пайызбен береді. Мем­ле­кет­тің қаржылай қолдауынан ке­йін жас маман агросекторда жұмыс іс­теуге ниетті. Осы жүйенің арқа­сын­да алақандай ғана мемлекет дү­ние­жүзінде ауыл шаруашылығы өні­мінің көлемі бойынша 2-орынға шыққан. Сондықтан экономист Рахман Алшанов бізде де ауылдан шағын кәсіпорындар ашып, ин­фра­құрылымды дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Оның айтуынша, байырғы мәдениеті ауыл шаруа­шылығына, аграрлық өнеркәсіпке тәуелді болып қалған елдерде мұн­дай үрдістер қызу жүріп жатыр. Оған Аустралия, Бразилия, Жаңа Зе­­ландия елдерін мысал етуге болады. Айталық, заманауи жетілген, жаңа технологиялармен қамтылған аграрлы Аустралияның 5-7 пайыз тұрғыны тұтас бір елді ауыл шаруа­шылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Ал Қазақстанда соңғы санақ бойынша ауыл халқының саны 40-42 пайыз шамасында. Жерді латифундистер иеленген­діктен, тұрғындардың 99 пайызы­ның жері жоқ көрінеді. Қазір кос­момониторинг бізде Балтық жағалауы елдеріне пара-пар жердің бос жатқанын анықтап отыр. «Латифундистерге осыны ашып айтатын кез келді. Оны батырып айтуға тиісті орындар қауқарсыз болып отыр. Мемлекеттен «жер жоқ, барлығы жекеменшікте» де­ген желеуді жиі естиміз. Ал шетел­діктер алатын кезде жердің табыла кететіні тағы бар», – дейді саясат­танушы Расул Жұмалы. Сол себеп­ті таяу жылдарда ауыл тұрғында­рының саны тағы 20 пайызға дейін төмендеп кетуі ықтимал. «Өйтпес үшін мал, егін шаруашылығы, мақта, күріш өсірудегі байырғы дәстүрді жандандыра отырып, ауыл тұрғындарына жерді игеруге толық жағдай жасау қажет», – дейді сарапшылар.

Еркеғали БЕЙСЕН