Өткен жыл мен жыл басынан бергі үш айда «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына қатты тұрмыстық қалдықтарға (ҚТҚ) қатысты 72 шағым түсті. Арыздың көпшілігі Қарағанды (20 %), Ақмола (18 %), Шығыс Қазақстан (10 %), Қостанай (10), Павлодар (7 %) облыстары мен Алматы қаласына (7 %) тиесілі. Олардың басым бөлігі (75%) қоғамдық қабылдаулардың өңірлерде өткізген кездесу кезінде айтылды. Өтініш-тілектердің 90 пайызы елді мекендердегі заңсыз күлтөкпелерді жоюға, оның тасымалдау құнын арзандатуға байланысты болды. Сондай-ақ күлтөкпелерді заңдастыру жөнінде бірнеше өтініш түсті.
– Бұл мәселеге қатысты бірнеше түйткіл бар. Біріншіден, күлтөкпені рәсімдету құны тым қымбат. Екіншіден, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау ісі бизнеске берілгеннің өзінде жеке кәсіпкерлердің оны үйлерден тасымалдауға арналған көліктері жетіспейді. Тіпті, заңдастырылған күлтөкпесі жоқ ауылдар да жетіп артылады. Мысалы, Ақмола облысында 158 полигон болса, оның заң бойынша рәсімделгені 28 ғана, – дейді «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау басшысының орынбасары Азамат Дулатұлы.
Қазір қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау мәселесі партияның бақылауына алынып, зерттеліп жатыр.