Жалпыхалықтық референдум мерзімі жақындаған сайын Парламенттің қос палатасындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері өңірлердегі сайлаушылармен кездесуді жиілетіп, алдағы саяси шараның маңыздылығын түсіндіруді үдете түсті.
Осыған орай Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері Айгүл Нұркина, Вера Ким және Анатолий Бойчин Павлодар облысында білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдерімен, сондай-ақ Павлодар қаласы Трамвай басқармасының ұжымымен кездесті.
«Ұсынылып отырған өзгерістердің маңыздылығын ескере отырып, Қазақстанның болашағын айқындайтын жалпыхалықтық дауыс беру шарасы арқылы тарихи шешімдер қабылданады. Бұл елдің, жердің тағдырына жанашыр, мемлекеттің ертеңіне үмітпен қарайтын әрбір азаматты бейжай қалдырмасы анық», – деді Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина.
Депутаттар халықпен әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ата Заңды жетілдіру үшін республикалық референдум өткізудің қажеттілігі қанша екенін түсіндіріп қана қоймай, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы жан-жақты тәптіштеп айтып берді. Атап айтқанда, олар көпшілікпен бірге суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейту жайын талқылады.
«Референдум Қазақстан халқы үшін өзінің саяси кемелдігі мен жауапкершілігін көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Бұл реформалар айтулы өзгерістерге апарады. Менің өмірімде референдум бірінші рет болғалы тұр. Отбасыммен бұл іс-шараға барамыз деп жоспарлап отырмын», – дейді кардиологиялық орталықтың дәрігері Думан Изгутдинов.
Қорыта айтқанда, реформаның басты мақсаты – нақты саяси бәсекелестік үшін жағдай жасау, халықтың мемлекетті басқаруға қатысуын арттыру, қазақстандықтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейту. Көпшілік сайлаушылар саяси шараның көздеген мақсатқа қол жеткізіп, осы үдеден шығатынына сенім білдіреді.