Республика бойынша өткізілетін референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап беру үшін қоғамдық ой-пікірді талқылап-таразылау мақсатында Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы республикалық штабының мүшесі Балайым Кесебаева кәсіпкерлермен кездесті.
«Президент Қ.Тоқаев мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша халық өзі айқындайтын жағдайға жеткізу үшін референдум өткізгелі отыр. Ел Конституциясы бірнеше рет өзгерді, бірақ барлығы Парламент арқылы шешіліп келген еді. Енді үлкен өзгерістер болуына байланысты референдум қажет болып тұр. Өйткені Конституцияның 33 бабына, яғни үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмекші. Әсіресе, ең көкейкесті мәселелер – жер, оның қойнауы, қазыналары халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалды. Басқа да үлкен-үлкен мәселелер бар. Бастысы, суперпрезиденттік басқару үлгісінен мықты Парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр», – деді кездесудің маңыздылығына тоқталған республикалық штаб мүшесі Балайым Кесебаева.
Жиында жергілікті кәсіпкерлерлер пікірі мен орамды ойын ортаға салды. Олар алдағы конституциялық референдум тек бір қала немесе облыс тағдырына байланысты емес, тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды шара екенін атап өтті. Сондай-ақ заңнамалық өзгерістерде қарапайым халықтың ұсыныс-пікірі ескерілсе деген тілегін де жеткізді.
Барлық ұсыныс штаб өкілдері тарапынан назарға алынды.