Қарағандыда бұдан екі жыл бұрын ең ірі Global City көтерме-тарату логистикалық орталығы ашылды. Бұл орталық ауыл шаруашылығы өнімдерін сату үшін «Солтүстік – Оңтүстік» ағындарын байланыстырады» деп сүйіншілегенбіз. Әйтсе де бұл орталық алдын ала жасалған келісімдегі шарттарды орындамаған. Қазақстанда теңдесі жоқ ауылшаруашылық тауарларын сақтайтын заманауи қоймалары мен сату алаңдары бар ірі Global City орталығына 85,5 гектар жерді тегін берген. Тіпті, бюджет есебінен 8 миллион 790 мың теңге қаржыға кәріз құбыры, ал 313 миллион 800 мың тенгеге автожол төселген. «Даму» қоры арқылы жалпы көлемі 8 миллиард 200 миллион теңге болатын несие төмен пайызбен берілді. Кәсіпкерлік нысанға «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары арқылы да едәуір қолдау жасалды. Нәтижесінде бірегей хаб көкөніс пен жемістерді делдалсыз саудалап, республиканың басқа да өңірлерінде де бағаны төмендетуі керек болған. Ауыл шаруашылығы өнімдері орталыққа Қырғыз Республикасымен Өзбекстан, Ресей сияқты елдерден жеткізіледі. Сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірлерінің диқандары да өз өнімдерін көтерме-тарату орталығы арқылы саудалау мүмкіндігіне ие болған. Әйтсе де жақында Global City-де өткен Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында көтерме-сауда орталығының қоймалары бос тұрғаны, фермерлермен ешқандай шарт жасалмағаны, логистикалық жүйенің жолға қойылмағаны белгілі болды. Осылайша жарнамасы жер жарған бірегей кешеннің кәдімгі сауда үйлерінен айырмасы болмай қалады. Расында қарағандылықтар мұнда азық-түлік алуға емес, орталықтың ішіндегі Magnum, Sulpak, LC Waikiki-де сауда жасауға барады. «Қарағандылық диқандар жыл сайын шамамен 200 тонна картоп жинайды. Бірақ Global City-ге жергілікті картоптың ширегі де сақтауға берілмеген. Фермерлер картопты өздері сақтап, өздері өткізетін жол тапқан. Олардың картобын шетелдіктер егіс даласынан тиеп әкетеді. Есесіне Қазақстанда былтыр картоптың әр келісінің бағасы 500, сәбіздің бағасы 600 теңгеге дейін өсті. Қырғыз Республикасы, Өзбекстан елдерімен логистика орнату тұрмақ, аймақ фермерлерімен келіссөз жүргізе алмаған мұндай сауда орталық Қазақстанға керек пе?» – дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ләззат Қожахмет. Мына қызықты қараңыз, осыдан екі жыл бұрын «Көтерме-тарату логистикалық орталығы баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы 25 пайызға дейін төмендейді» деп айтылған. Ал қазір бағаны арзандатамыз деген Global City-де жұмыртқаның 10 данасы 700, жылқының қазысы келісі 4 000 теңгеден сатылып жатыр. Ал қала ішіндегі дүкендерде бұдан арзанға да алуға болады. Сонымен Орта Азиядағы тұңғыш көтерме-тарату логистикалық орталығы салынса фермерлік өнім арзандайды деген үміт те ақталмады. Айтпақшы, «Даму» қоры екі жылдан кейін субсидияның тиімді қолданылғанын тексереміз деген болатын. Биыл тексеретін жылы. Қоғамдық кеңес мүшелерін «Бос тұрған қоймаларды көріп, «Даму» қоры несие дұрыс берілген екен деген шешім шығарар ма екен?» деген сұрақ алаңдатады. Субсидияның тағы бір талабы – жұмыс орнын ашу. «Орталықта қазір мың жарым адам істейді» дейді басшылары. Сірә, жұмыскерлер санына сауда жасап тұрған жалға алушыларды да қосады. Себебі сонша адамды көрмедік. Бірақ Global City оларға жалақы төлемейді, керсінше жалға алушы орталыққа ақша төлейді. Осыдан барып тағы бір «Сонда бұл жұмыс орнын ашып отыр деп есептеле ме?» деген сұрақ туындайды. Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жәнібек Садықанов өткізген алғашқы көшпелі жиыннан кейінгі түйілген ой бұл. Кеңес төрағасының өзекті сұрақтарынан қаймықты ма, Global City-дің коммерциялық директоры Наиль Мунасипов журналистерге сұхбат беруден бас тартты. «Мүмкін, Global City орталығының қожайыны Анвар Осин мырза өзі ел алдына шығып, журналистерге сұхбат берер. Коммерциялық директоры камерадан қорқады екен. Осин мырза Президентіміз Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатқанда, мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жоба туралы айтудан қашпайтын шығар?» – дейді облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері... Миллиардтаған теңге жұмсалып салынған Global City неге басты шарттарды орындамайды? Сұрақ көп. Ал сан сауалға жауап берілер түрі жоқ.
Қарағанды облысы