Жамбыл облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласында 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту жүргізу кезінде оның киімінің қалтасынан Альфа-PVP синтетикалық есірткі заты оралған 84 дана полиэтилен түйіншегі табылды, сонымен қатар оның көлігінен тағы 50 пакет табылып, тәркіленді.
Есірткі құралдары Черныш атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен анықталды. Сондай-ақ күдікті есірткі сақталған тағы 16 орынды өз еркімен көрсетті. Тәркіленген тыйым салынған заттардың жалпы салмағы 60 грамнан асты.
«Күдікті өз кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған бапқа сәйкес, мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», – деп хабарлады Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Асқар Жұмабеков.