«AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына Шымкент қаласының тұрғыны, 2 топтағы мүгедек баланың анасы Жәнел Жұмалинова арызбен келді. Ол елуге тарта адаммен бірге «Нұрлы жол» бағдарламасының 7-20-25 бағыты бойынша несиелік үй конкурсына қатысқан екен. 2022 жылдың 21 сәуір күні «Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасы» ММ-ның ресми Instagram парақшасында конкурсқа қатысушылардың толық тізімі жарияланған. Бірақ тізімде Шымкент қаласы әкімдігіндегі бірнеше шенеуніктердің аты-жөні жүргендіктен ол әлеуметтік желіде қатты шуға айналған. Осы кикілжіңнен кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) әкімдікке аталған конкурстың заңсыз екенін және ол үйлерді салымшылар мен кезекте тұрғандарға пәтер тарататын «Отбасы банк» АҚ-на беруі қажеттілігін айтып хат жолдады. – 7-20-25 бағыты бойынша пәтерге 900 үміткер болдық. Олардың ішінде көпбалалы аналар да, мүгедектер де, жесірлер де, білім, денсаулық сақтау саласының мамандары және тағы басқалар бар. Біз сияқтылар нақ осы конкурсқа үлкен үміт артып келдік, соңғы тиынымызды санап салдық, біреулер несиеге белшесінен батты. Олардың түгелі дерлік бағдарламаның әріптесі – банктердің алдын ала мақұлдауына ие болды. Сөйте тұра, әкімдікке ИИДМ-тің нұсқауы бойынша үміткерлердің тізімін жоюына тура келді, – дейді Жәнел Жұмалинова жанары жасқа толып. Ол кісінің өзі – Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау бойынша республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі, балаларға арналған balatimes.kz. ақпараттық порталдың құрушысы. Жақында Жәнел Жұмалинова саяси ұйымның республикалық қоғамдық қабылдауында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Динара Зәкиевамен кездесті. Сондай-ақ партия жанындағы Отбасы, әйел және балалар құқын қорғау жөніндегі кеңеске жүгінді. – Мен инклюзивті ерікті ретінде көпбалалы және ерекше мұқтаждықты қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың проблемаларын күн сайын көріп, біліп жүрмін. Олардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын білемін: ол 8-9 адам тұратын жалға алған бір бөлмелі пәтер немесе қаланың сыртындағы жылу жағылмайтын және басқадай да қолайлылығы жоқ үйшік болуы мүмкін. Бұл отбасылардың табысы тым төмен. Мұндай отбасылар баспана кезегінде қанша жыл тұрса да, ипотеканы ала алмайды, – деп Жәнел ащы шындықты жаны қинала жеткізді. Жәнел Жұмалинова азаматтардың барлық әлеуметтік топтары үшін кез келген коммерциялық банк арқылы жеңілдікпен ипотека берілуі қарастырылсын деген ұсыныс айтып, Президенттің атына үндеу жолдады.