5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумда қазақстандықтар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін дауысқа салады. Халық қолдауына ие болса, еліміздің басты құқықтық құжатындағы 33 бап өзгеріске ұшырап, толықтырылмақ. Оның барлығын да Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобы кеңінен талқылады. Осы орайда аталған жұмыс тобының мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдiрәсiловпен сұхбаттасқан едік. – Ермек Баяхметұлы, референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың қоғам өміріне ықпалы қандай болмақ?
– Бұл өзгерістерді қоғамның әрбір мүшесі сезінеді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар тікелей немесе жанама түрде адамның құқығы мен бостандығын қорғауға ықпал етеді.
Тікелей ықпал етудің мынадай мысалы бар. Мәселен, Конституцияға сай біз өлім жазасынан толықтай бас тартамыз. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі Конституцияда бекітіледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауда мол мүмкіндікке ие.
Бұдан бөлек, Конституциялық Сот құрылады. Кез келген адам өзіне Конституцияға қарсы норма қолданылады деп есептесе, ол Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Бұрын қазіргі Конституциялық Кеңеске жүгіне алмайтын. Соттар ғана нормативті-құқықтық актілер Конституцияға сай келмейді деп жүгінеді. Бірақ мұндай жағдайлар тәжірибеде өте сирек кездеседі. Өйткені соттар көбіне азаматтардың өтініштерін елемейді.
Жаңа өзгертулер мен толықтырулар азаматтардың сайлау құқығын жетілдіруді көздейді. Аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Сайлаушылар жеке азаматқа да, партияға да дауыс бере алады. Сол арқылы азаматтардың барлық санаттардың үні Парламентке жетпек. Тіпті, партия қатарында жоқ, алайда қоғам алдында беделге ие тұлғалар заң шығарушы органға депутат болып сайлануы мүмкін.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың қоғам өміріне жанама түрде ықпал етуіне конституциялық нормалардың қатарына Президенттің саяси партиялардың мүшесі болмауын жатқыза аламыз. Сол арқылы мемлекеттік аппараттың партия құрылымдарымен бірігуіне жол берілмейді. Нәтижесінде, Парламенттің тәуелсіздігіне жол ашылады.
Суперпрезиденттік жүйеден бас тарту да демократия принциптерімен үйлеседі. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қолдау тапса, Президент өздігінен Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасын Сенаттың келісімімен ғана тағайындайды.
Бұдан бөлек, Президент жергілікті әкімдердің актілерінің күшін жоя алмайды. Әкімдерді қызметке тағайындауда Президент мәслихат депутаттарының қарауына кемі 2 кандидатты ұсынуы қажет. Басым дауысқа ие болған кандидат әкім болып тағайындалады. Сол арқылы барлық деңгейдегі жергілікті мәслихат депутаттарының беделі нығаяды.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң Президенттің аудан, ауылдық округтердің халық сайлаған әкімдерін жұмыстан босату құқығы да шектеледі.
– Жұмыс тобының мүшесі ретінде қандай баптарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныс бердіңіз? Ұсыныстарыңыз қолдау тапты ма?
– Талқылауларда жұмыс тобының өзге мүшелерімен бірлесіп, бірқатар ұсыныс пен толықтыру бердік. Ұсыныстарымның кейбірі толықтай және жартылай қолдау тапты. Мәселен, Конституциялық Сот туралы нормаларды жалпы соттарға арналған бөлімнен тыс жазуды ұсындым. Неге десеңіз, Конституциялық Сот сот ісін жүргізудің ерекше және жоғарғы формасы. Бұл жұмыс тобының өзге мүшелері бұл ұсынысымды қабылдады.
Қазіргі Конституцияда «Соттар және сот төрелігі» деп аталатын 7-бөлім бар. Оның ішіне прокуратура органдары да кірген. Бірақ прокуратура сот төрелігін жүргізбейді. Оны бөлек жазуды бұрыннан талап етіп жүргем. Бұл ойымды да жұмыс тобының мүшелері қолдады. Конституцияның жаңа мәтінінде «Соттар және сот төрелігі, прокуратура, адам құқықтары жөніндегі уәкіл» деп аталатын бөлім пайда болды. Бұл бөлім тиісті заң нормалары мен баптарды қамтиды. Мәжіліс пен Сенаттың заң қабылдаудағы өкілеттіліктерін жетілдіруге байланысты да ұсыныстарымды білдірдім.
– Конституцияның жекелеген баптарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаншалықты өзекті деп ойлайсыз?
– Бұл өзгерістер шын мәнінде өзекті. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктер реттелді. Суперпрезиденттік республикадан ықпалды Парламенті, жауапты Үкіметі бар президенттік республикаға көшеміз. Нәтижесінде, Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты артып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының тиімді тетігі қарастырылады. Ата Заңдағы өзгерістер мен толықтыруларға байланысты жаңа заңдар қабылданып, кейбірі өзгертіледі.
Халқымыз осы өзгерістерді қолдап, референдумға қатысуы керек деп ойлаймын. Сайып келгенде, референдум еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне үлкен өзгеріс әкеледі.
– Әңгімеңізге рақмет!