Ел спортының, оның ішінде кәсіпқой клубтарымыздың лайықты болашағы үшін уақыт талабы мен жаңа заман талабына сай жұмыс істеп келе жатқан SportQory туралы көпшілік біле бермейді. Аталған қордың нақты немен айналысатынын, қаражаттың қалай бөлінетінін және «Астана» кәсіби спорт клубының болашағы туралы Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының директоры Асхат Сейсембек айтып берді. – SportQory өткен жылдан бастап «Астана» футбол клубы, «Барыс» ХК, Astana Qazaqstan Team велокомандасы және «Астана» кәсіби баскетбол клубының құрылтайшысы атанғанын білеміз. Бұл қордың жұмыс процесіне қаншалықты өзгеріс әкелді? Қысқаша қорытынды жасай аласыз ба? – SportQory кәсіби клубтардың құрылтайшысы атанған уақыттан бастап ауқымды жұмыс атқарды деп сеніммен айта аламын. Осы уақыт аралығында қорда кәсіби спорт клубтарының жұмысымен айналысатын арнайы бөлім құрылды. Клубтардың атқарған жұмыстарына талдау жүргіздік. Командалардың қаржылық мәселесін ғана емес, штаттық құрамын, демеушілермен байланысын, медиа-маркетингтік бөлімін де бақылауда ұстадық. Қазір «Барыс» хоккей клубы мен «Астана» кәсіби баскетбол клубы толықтай аттестациядан өтті. Жақында «Астана» футбол клубы мен Astana Qazaqstan Team велокомандасы атқарып жатқан жұмыстарға арнайы талдау жасаймыз. Бұл жұмыстардың барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Одан бөлек клубтардың бюджетін оңтайландыру бойынша да нақты қадамдарға бардық. Орташа есеппен алғанда кәсіби клубтардың бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға қысқарды. – Кәсіби клубтар толықтай SportQory құрамына енгенімен, «Астана» кәсіби спорт клубы да қатар жұмыс істеп жатыр. Бұл ұйымның негізгі функциясы қандай? – Бұл жерде айта кететін негізгі бір фактор бар. Естеріңізде болса, Astana Qazaqstan Team велокомандасының 50 пайыз құқығы канадалық Premier Tech компаниясына тиесілі болатын. Былтыр біз командаға, атқарған жұмыстарға талдау жасағаннан кейін, канадалық компания өз тарапынан екіжақты келісімді тоқтатып, әріптестікті үзу туралы шешім қабылдады. Ал велоұжым осыған дейін «Астана» кәсіби спорт клубы құрамында болғанын ескерсек, оны біздің қатарға қосу заң тұрғысынан біршама уақытты қажет етеді. Сондықтан да өткен жылдың соңында команда атауы өзгеріп, отандық жас велошабандоздарға мүмкіндіктер беріліп, құрам қайтадан жасақталды. Жыл соңына таман спорт клубының ары қарай немен айналысатыны нақтыланып, тиісті шешімдер қабылданады. – «Астана» футбол клубының кредиторлық қарызы туралы көп ақпарат жарық көрді. Өзіңіз де бірнеше мәрте сұхбат бердіңіз. Футбол клубының қазіргі жағдайы қалай? Қарыздары толық өтелді ме? – «Астана» футбол клубының кредиторлық қарызы бойынша арнайы аудит жүргізіліп, қарыздар толық өтелді. Тағы бір айта кететін жайт, осы маусымнан бастап ойыншылардың агенттеріне қаржы төленбейтін болды. Команда құрамына келген ойыншылардың барлығы дерлік «еркін агент» ретінде қосылды. Қазір клуб басшылығымен бірлесе отырып клубтың 2022-2026 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекітуді қолға алдық. Онда клуб академиясын құру, жанкүйерлермен жұмыс, демеушілер тарту, команданың отандық және еуропалық аренадағы жетістіктері т.б. көптеген бөлімдер бойынша атқарылатын қызметтер нақты көрсетіледі. Ал осы жылы клуб алдында Қазақстан чемпионаты мен ел кубогінде топ жару, UEFA Конференция лигасының топтық кезеңіне шығу міндеті тұр. Егер команда осы тапсырманы толықтай орындайтын болса, Қазақстан кубогі жеңімпазына 50 миллион теңге көлемінде, сондай-ақ Конференция Лигасының топтық кезеңі үшін көлемді қаржылай сыйақы алады. Жаңа маусымда ішкі біріншілік жылдағыдан қарағанда өте тартысты өтуде. Өздеріңіз байқағандай, чемпионаттағы командалардың деңгейі теңескен, нақты бір фаворит жоқ. Бірінші орындағы команда мен оныншы орындағы команда арасында ұпай саны бойынша аса көп айырмашылық байқалмайды. Айта кететін тағы бір жайт, ішкі біріншілікте VAR жүйесінің іске қосылуымен чемпионат та қызықты бола түсті. – Ұлттық лиганың чемпионы атанған «Астана» кәсіби баскетбол клубына тоқталсақ. Клубтың алдағы жоспары қандай? – Біз бірінші кезекте өз ойыншыларымызға сенім артуымыз керек. Қазақстандық сайыпқырандардың болашақта жоғары деңгейдегі спортшы атануы үшін оларға дұрыс жағдай жасай білу маңызды. Осы мақсатта 2017 жылы клуб жанынан құрылған академия түлектері ойын тәжірибесіне ие болсын деп, өткен жылы «Астана-2» фарм-клубын құрдық. Онда тек қана өзіміздің қаракөздеріміз ойнап, кәсіби спортшы ретінде толысып келеді. Сондай-ақ клубтың жанкүйерлер базасын, танымалдығын арттыру мақсатында маусым соңындағы бірқатар ойындарды Алматы қаласында өткіздік. Ол жақтағы баскетболға деген қызығушылық жоғары екенін байқадық. Алдағы маусымда да осы тәжірибені қолданып көру жоспары бар. Жақында клуб құрылымында айтарлықтай өзгерістер болады. Қазір клуб басшысы қызметіне жергілікті маман тағайындалды. – Astana Qazaqstan Team велокомандасы құрылған жылдан бастап бірнеше рет атауын өзгертіп үлгерді. Команда құрамы толықтай жаңарды. 17 веломаусымдағы команданың мүмкіндігін қалай бағалайсыз? Жоба қаншалықты өзін ақтап жатыр? – Бастапқыда команданы құрудағы мақсат астана атын шығару болатын. Сол үшін клуб Лэнс Армстронг, Альберто Контадор, Андреас Клёден, Винченцо Нибали сияқты жұлдыздарды сапына қосты. Соның арқасында қазақстандық велокоманда халықаралық жарыстарда айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Әлемдік Гранд-турларда 8 рет жеңіске жеткен, кезеңдік жарыстарда 48 рет тұғырға көтерілген команда бұл мақсатты артығымен орындады десе болады. Бірақ кейінгі 6-7 жылда команда әлемдік аренадағы өз позициясын жоғалтып алды. Өкінішке қарай, Алексей Луценкодан басқа жарқ етер жұлдыз әлі шықпады. Басқа командаларға ауысып жатқан отандық спортшылар мүлде жоқ. Осыған қарап-ақ команда өзінің алғашқыдағы жоспарынан жаңылғанын байқауға болады. Қазір жоғарыда атап өткендей, жаңа маусымға команда жаңа құраммен, жаңа атаумен қадам басты. Astana Qazaqstan Team-нің жаңа маусымдағы басты міндеті – отандық велошабандоздардың шеберлігін шыңдау, еуропалық гранд-турда, кезеңдік жарыстарда топ жару. – «Барыс» хоккей клубы биылғы маусымды аяқтады. Жаңа маусымда команда нендей өзгерістер жасамақ? – «Барыс» хоккей клубы – өз позициясын нақты айқындаған, клубтық құрылымдық жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізе алатын ұжым. Оны қор құрамына кірген уақыттан бастап байқадық. Бірақ алда атқарылатын жұмыстар жеткілікті. Қазір командада маусымаралық үзіліс кезеңі. Алдағы жылы клуб сапындағы легионерлер санын азайтып, отандық спортшыларға, оның ішінде «Барыс» хоккей академиясының түлектеріне барынша назар аударамыз.