Қарызы көп «Астана» Еурокубоксіз қала ма?
Қарызы көп «Астана» Еурокубоксіз қала ма?
151
оқылды

Астана клуб логоЕлордалық «Астана» футбол клубы­ның басына қара бұлт үйірілді.  Қазақ­станның алты дүркін чемпионы соңғы екі жылда 4,2 млрд теңге қарызға бат­қан. Клуб басшылығы 2016 және 2020 жылдар аралығындағы қарыздарын 8 қазанға дейін төлемеген жағдайда келесі жылы еурокубоктік ойындарға қатысу құқығынан айырылуы мүмкін. Жанкүйерлердің дені «Астана­ның» осы миллиардтаған қарызды уа­қы­тылы төлемегеніне алаңдаулы.

Жақында Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың «Астана» футбол клубындағы бірқатар мәселе жөнінде сұхбат берген болатын. Сол сұхбатта вице-министр «Астана» футбол клубында аудиттік тексерістің жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол клубта кредиторлық берешектің жинақ­талып қалу себептерін де атап өтті. Ал 3 қыркүйекте «Астана» футбол клубы­ның қаржылық жағдайы жайлы мәлімдемесі елордалық клубтың ресми сайтында жарияланды. Онда: «Астана»  футбол клубының басшылығы «Туризм және спорт индустриясын қолдау қорымен» бірлесіп қазір қаржы­лық берешектерді жою бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Клуб осы мәселені шешуге ниетті, оның мәртебесі бүгінде ең басым мәселелердің бірі саналады. «Астана» ФК қажетті қаражат клубқа уақытылы түсе­тінін және басшылық жағдайдың қаржылық мониторингін жүргізетінін мәлімдейді. Команда ішкі чемпионатта және халықаралық аренада өз өнерлерін жалғастырады. Баспасөз қызметі клубтың ресми сайтындағы ары қарайғы ақпаратты қадағалауды сұрайды, – деп жазылған. Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының директоры Асхат Сейсембектің айтуынша, «Астана» кәсіпқой спорт клубы­ның алдағы тағдыры бойынша түпкілікті шешім 2021 жылдың соңына қарай қабыл­данбақ екен. – Бұл қарыздар бойынша жақын уақытта толыққанды ақпарат беріледі. Квазимемлекеттік қаражат болғандықтан, халық мұндай қарыздың қалай және неліктен пайда болғанын білуі керек деп ойлаймын. Ал «Барыс» хоккей клубы мен «Астана» баскетбол клубына келетін болсақ, оларда жұмыс механизмі ретке келтірілген. Бұл клубтардың ұлтаралық лигаларда өнер көрсететінін білесіздер. Сондықтан аталмыш командалар Қазақстанның ішкі стандарттарына ғана емес, ұлтаралық лигалардың да стандарттарына толық сәйкес келеді, – дейді ол. Осы орайда естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби клубтарды қаржыландыруды қысқартуды және бюджетті бұқаралық спортты дамытуға ба­ғыт­тауды ұсынған болатын. Кейіннен дене­шынықтыру мен спортты дамытуға бағыт­талған бюджеттен тыс қаражатты бөлудің бірыңғай операторы ретінде Қазақстан Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры (Sport Qory) бекітілді. Ал 2021 жылдың жазында қордың қарамағына құ­ра­мы­на «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велокомандасы және «Барыс» хоккей клубы кіретін «Астана» кәсіпқой спорт клубы берілді. Бұл көпдеңгейлі қаржыландыру режимінен арылу үшін жасал­ған шешім болды. Ал «Астана» КСК-ның тағдыры ғаламторда ғана емес, әлі күнге дейін ресми кабинеттер мен ведомстволарда да қызу талқыланып жатыр. Жалпы, елордалық клубтың 2021 жылға арналған бюджеті 5 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға аз. Мұны «Астана» командасының жаңа маусым алдында бірқатар қалталы легионерімен қоштасып, жылдық бюджетті үнемдеп, қарыздарын жабуға кіріскенінен байқауға болады. Осындай қадамға бару арқылы клуб бірқатар қарызынан құтылғанымен, қалған 4,2 млрд теңгені төлеп үлгермеген. Біз оны жоғарыда да атап өттік. Бірер күнде сол қарыз мәселесі шешімін тапса, клуб жанкүйерлерінің де үрей мен күдігі сейілер. Көңілге медеу болары, келесі жылы клуб шығындарының қысқаратыны жер-жерде айтылып жүр. Бұдан былай «Астана» сияқты команданың қаржы­ландырылуы мен болашағы клубтың менеджерлік қабілеттілігіне тікелей байланысты болмақ. Бастысы еурокубоктік ойындардан шет қалмаса болғаны. Біз де Қазақстан Премьер лигасында жыл сайын жүлделі орындарға таласып жүрген, талай рет еуро­додаларға қатысып ел мерейін асқақтатқан еліміздегі үздік командалардың бірі «Астана» бұл кедергілерді де артқа тастап, жан­күйерлерін қуанышты жаңалықтарымен қуантады деген ойдамыз.

Абылайхан ЖҰМАШ