«АМАNАТ» партиясының хатшысы Ринат Кертаев өнер иелерімен жүздесті
«АМАNАТ» партиясының хатшысы Ринат Кертаев өнер иелерімен жүздесті
308
оқылды
Бүгін «АМАNАТ» партиясының хатшысы Ринат Кертаев Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымымен кездесті. Бірінші болып сөз алған филармония директоры, қалалық мәслихат депутаты Ерлан Дакенов өнер ұжымының қазіргі саяси ахуалға, еліміздегі өзгерістерге бей-жай қарамайтынын атап өтті. – Президентіміз маусым айында Конституцияға өзгеріс енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл референдум Жаңа Қазақстан үшін аса маңызды. Қазір бұл туралы әлеуметтік желілерде де, бұқаралық ақпарат құралдарында да жарыса жазып жатыр. Сондықтан еліміздің жаңа бағыты туралы жетекші партия өкілдерінің өз аузынан естігеніміз сенімімізді арттыра түсері анық, – деді Ерлан Дакенов.    width= Кездесуге «АМАNАТ» партиясының хатшысымен қатар Нұр-Сұлтан қалалық мәслихат депутаты Ләззат Разбекова-Төлеуханова, қалалық штаб мүшелері Қанат Естек пен Мәлік Хасенов, өңірлік партия филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов қатысты. Ринат Кертаев өнер иелерінің халық арасында жиі жүретінін, сондықтан алғашқы кездесулердің бірі Мемлекеттік академиялық филармония ұжымынан бастағанын тілге тиек етті.    width= – Жаңа Қазақстанда өткізілетін референдум барлық өңірге өзгеріс әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, билік пен халықтың арасында жаңа қоғамдық келісім қалыптаспақ. Өзгерістердің бірнеше бағыттары бар. Біріншіден, реформа суперпрезиденттік басқару түрінен күшті Парламенті бар президенттік республикаға ауысуды көздейді. Еліміздің саяси жүйесінде Парламенттің рөлін күшейту бойынша жүйелі әрі нақты жұмыстар жүргізілуде. Ұсынылып отырған өзгерістер биліктің заң шығарушы тармағының маңызды бөлігін қамтиды. Заң шығару процесінің тиімділігі айтарлықтай артады. Осылайша, заңдарды Мәжіліс қабылдайтын болады, ал Сенат Мәжіліс ұсынған заңдарды мақұлдайды немесе мақұлдамайды. Яғни, Мәжілістің заң қабылдау құқығы болады, бұл оның тиімділігін арттырады, – деді Ринат Кертаев.  width= «АМАNАТ» партиясы хатшысының айтуынша, Мәжіліс пен Сенаттың жасақталу тәртібі өзгереді. Сенат аймақтардың, түрлі аз ұсынылған әлеуметтік және этникалық топтардың мүдделерін қорғайтын орган ретіндегі рөлін күшейте түседі. Сондай-ақ Президент Конституциядағы өзгерістерді өзінен бастаған. Яғни Президенттің туыстарының саяси қызметте жұмыс істеуіне тыйым салатын өзгерістер қарастырылған.  Мемлекет басшысы атап өткендей, «Жаңа Қазақстан әділеттілік аймағына айналуы тиіс», онда «непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге түбегейлі тосқауыл» қойылады. – Аталмыш норма популистік сипатта емес, нақты мақсаттарды көздейді. Кез-келген өзгеріс биліктің өзінен бастау алуы тиіс, мұны Президент өзінің үлгісімен көрсетіп отыр. Бұл норма қоғамдағы барлық салаларды монополиясыздандыру процесіне тікелей байланысты, осы норма монополиялардың қалыптасу жағдайын жояды. Бұған дейін азаматтарымыздың түрлі құқықтық нормалар бойынша Конституциялық Кеңеске тікелей жүгіну мүмкіндігі болмады. Конституциялық Сот институтының қайта жаңғыруымен азаматтар бұл мүмкіндікке ие болады, – дейді Ринат Кертаев.    width= Айта кету керек, Ата заңда Адам құқығы жөніндегі уәкілдің тәуелсіз мәртебесі бекітілетін болады. Конституциялық реформадан кейін бұл институт конституциялық мәртебеге ие болады, бұл оның саяси жүйедегі рөлін арттырары сөзсіз. – Жаңа Қазақстанды құруды әр азамат өзінен бастауы керек. Біздің Конституциямыздағы 98 баптың 31-іне өзгерістің енуі сөзден іске, саннан сапаға көшкеніміздің айқын дәлелі. Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат осы 31 бапты оқып шығуы керек. Оның барлығы халықтың күнделікті өмірінде орын алып жатқан жағдайларға қатысты арман-тілегі. Оның ішінде жер мәселесі де, өлім жазасына тыйым салу мәселелері де бар. Референдум осыдан 27 жыл бұрын да өткізілген. Бірақ ол кездегі саяси ахуал басқаша еді, – деді қалалық штаб мүшелері Қанат Естек.    width= Мемлекет басшысының өзгерістер жобасын Парламентте қабылдамай, жалпыхалықтық референдумға шығаруы демократиялық қайта құрылымдаудың жүзеге асып жатқанын дәл көрсетеді. Президент өз реформалары арқылы қоғамның қолдауына сүйенеді, сондықтан референдум өткізу туралы бастама көтерді. Осылайша, бұл бағытта толыққанды шаралар қажет. Билік ашық әрі әділ дауыс беру арқылы қамтамасыз етілетін референдумның жоғары заңдылығына мүдделі. – Шенеуліктер мен халық арасы шытынап тұр, қазіргі саяси жүйеге күмәнмен қарайтын азаматтар қоғамда бар. Бұл референдум әрбір қазақстандыққа үміт отын жағады. Жаңа Қазақстанды бірге құруға барлығымыз бірдей атсалысуымыз керек. Осында отырған әрқайсыңыздың пікірлеріңіз ел болашағы үшін маңызды. Сондықтан кеудесінде намысы, жүрегінде азаматтық позициясы бар әрбір қазақстандық референдумға қатысады деп ойлаймын, – деді қалалық мәслихат депутаты Ләззат Разбекова-Төлеуханова Жиын еркін форматта ұйымдастырылғандықтан өнер иелері өз пікірлерін ортаға салып, референдумды қолдайтындарын жеткізді. – Өнер адамдары өмірдің барлық саласына белсене атсалысады. Сондықтан еліміздегі өзгерістерге біз де ерекше ықылас танытамыз. Бұл референдум халық пен билік арасында алтын көпір болатынына сенемін. Біз балаларға тек домбыраны үйретіп қана қоймай, онымен бірге ұлттық тәрбиені, этиканы, эстетиканы, риториканы, логика мен музыканы бойына сіңіреміз. Осы бойынша «Әл-Фараби жолымен» деген арнайы концепсия да жаздым. Бірақ билік тарапы аса қызығушылық танытпады. Қазіргі жастар эстетиканың төмендігінен филармонияның концерттеріне емес, жеңіл шоуларға құмар. Осы мәселені ескерсеңіздер, – деді дирижер, мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.    width= Ал белгілі әнші Алтынай Жорабаева бұған дейін де, бұдан кейін де «АМАNАТ» партиясымен бірге болатынын айтып, Президенттің бастамасына қолдау білдірді. Оның айтуынша қазір бұқаралық ақпарат құралдары тек әнші мен әртістің өмірінен аспайды. Сондықтан телеарналарда зияткерлік, танымдық бағдарламаларды көбейту керек. Ал сахнаға шығатын әрбір әнші бұрынғыдай көркемдік кеңестің сүзгісінен өтіп, тек жанды дауыста ән айтса өнердің бәсі артады. Мәдениет саласының өкілдерінің барлық сұрағына нақты жауап берген Ринат Кертаев алдағы уақытта «AMANAT» партиясы жанындағы «Miras» кеңесінің отырысында осы мәселелерді талқылайтынын жеткізді.