Бұл туралы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ОКҚ-да өткен брифингінде айтылды. Брифингте Президент жанындағы ҚЗСИ директорының орынбасары Алуа Серікқызы Конституциялық реформаның маңызды элементі – адам құқықтарын қорғау екенін ерекше атап өтті.
«Конституциялық реформа ауқымды және «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» моделін жүзеге асыруға қатысты саяси мәселелерді ғана қамтымайды. Конституцияға енгізілген түзетулер адам құқықтарын қорғау тетіктерін айтарлықтай күшейтуді де білдіреді. Бұл ретте адам құқықтарын қорғаудың кепілдіктері мен тетіктері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Конституциялық сот сияқты құқық қорғау институттарының мәртебесі ең жоғары деңгейде – Конституцияда бекітіледі» – деді Алуа Серікқызы.Сонымен қатар заңсыздыққа тап болған азаматтар енді тікелей Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігіне ие болатынын да атап өтті.