Соңғы күндері қызылордалықтар қаланы Сырдарияның сол жағалаумен байланыстыратын алып көпірдің тозығы жеткенін аңғарды. Жергілікті тұрғындар өткелдің адам өміріне қауіпті екенін айтады.
Сол жағалаудан бой көтерген жаңа қаланы ескі қаламен байланыстыратын өткел құрылысы 2014 жылы басталған болатын. Екі жылға жуық уақыт құрылысы жүргізілген көпір 2016 жылы ел игілігіне пайдалануға берілді.
Негізінен бұл жобаға «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында облыстық және республикалық бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Мост отряд-25» компаниясы жүргізіп, көпірді екі жылда салып шықты. Көпірдің жалпы ұзындығы – 386 метр, ені – 22 метр. Көпір төрт жолақты автомобиль және жаяу жүргіншілер жолымен жасақталған.
Алайда бес жылдан астам уақыт ел игілігіне пайдаланылып келе жатқан көпірдің сапасы сыр бере бастаған. Тұрғылықты халық «Көшербаев көпірі» атап кеткен көпірдің іргесі үгітіліп, жарықшалар пайда болғанына алаңдайды. Ерсілі-қарсылы жүрген көліктердің салдарынан онсыз да қабырғасы қақырап тұрған көпір опырылып құламай ма деген қауіп басым.
Осы мәселе төңірегінде құзырлы орындарға хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтап көрдік.
«2016 жылы Қызылорда қаласы әкімдігінің теңгеріміне берілген құрылыс нысанын күтіп-ұстауға қалалық бюджеттен жылма-жыл қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізіліп келеді. Ал осы жылға көпірді жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына 12 миллион теңге қаралды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Армир-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар қолға алынды. Сондықтан да алаңдауға негіз жоқ. Бар олқылық жойылады», – деп түсіндірді Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Біржан Далабаев бұл жайында.
Негізінен қала аумағындағы көпірлерді жөндеуден өткізуге жылына 6 млн теңге қаражат бөлінеді екен. Алайда бұл қаржы нысандарды әктеу, сырлау сынды жұмыстардан артылмайтын көрінеді. Соның салдарынан көпірдің сапасы сын көтермейтін күйге жеткен.
Қалай дегенде де жаяу жүргіншілер мен темір тұлпарды тізгіндегендер өткелден қорқынышпен өтуге мәжбүр. Ал құзырлы орындар биыл болып жатқан олқылықтарды қалпына келтіру жүмыстары ойдағыдай жүргізілетініне сендіріп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы