Қазақстан мен Түркия – ортақ тарих, тіл, дін, мәдени құндылықтардан қуат алған, жаңа заманда мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Тәуелсіздік дәуірінде Түркия Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің біріне айналды. Енді екі ел арасындағы қарым-қатынас «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтерілді. Қос мемлекет өзара сауда-саттықты 10 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. Президент Қ.Тоқаевтың мемлекеттік сапары арқасында осы межені жақындататын ірі инвестициялық жобалар қолға алынады.
Сауда-саттық көлемі 100 есеге артты
Тарихи факт: 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң бекітілісімен, Қазақстанның азаттығын мойындаған әлемдегі №1 ел Түркия болды. Бұл жас қазақ мемлекеті үшін түрік ағайындардың көрсеткен моральдық демеуі, сондай-ақ бауырмалдық пен достықтың символы іспеттес еді. Сонымен бірге Түркия Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы ел. Түркияның дипломатиялық миссиясы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш шетелдік өкілдік болды.
Осының бәрі екі ел арасындағы берік экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың іргетасын қалады. Мысалы, Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-саттық 1992 жылы 30 миллион доллар болыпты. Ол кез үшін мұның өзі үлкен жетістік саналды. Ал пандемия қарсаңында, 2019 жылы бұл көрсеткіш 3,1 миллиард долларды құрады. Осының арқасында Түркия қазақ елімен белсенді сауда жасайтын TОП-8 елдің сапына қосылған. Оған дейінгі жылдарда 13-орында орналасты. Яғни, соңғы жылдары бұл тұрғыда ғаламат серпін байқалады.
Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы қазанда Анкараға сапары аясында тараптар өзара тауар айналымы көлемін 5 млрд долларға жеткізу туралы уағдаласқан-тын. Ол белес бағынған екен. Таяуда, 10-11 мамырда Түркияға мемлекеттік сапар жасаған Қ.Тоқаев алыс-берісіміз былтырғы 2021 жыл қорытындысында 5 миллиард долларға жеткенін мәлім етті. Сөйтіп, бұл ел біздің басты серіктестеріміздің бестігіне кірді.
Егер алда 10 миллиардтық асу алынса, Түркия басты сауда серіктестеріміздің үштігіне кіруі мүмкін. Аз уақытта қос ел арасындағы экономикалық байланыстардың бұлайша өрлеуінің үлгісі әлемде сирек!
Мұның сыртында Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында: экономикамыздың дамуына 4 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы –
1 млрд доллардан асты.
Соңғы екі жылда Қазақстанда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бүгінде тағы 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Басқаны айтпағанның өзінде, еліміздегі ең көрікті, туристік тартымды, сәулетті нысандар мен ғимараттардың көбін түрік құрылыс компаниялары тұрғызды. Қазақстанда жасыл экономика, IT-технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалар толық игерілмеген.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында жалпы сомасы 1 миллиард доллар болатын коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды.
Қазір Түркия Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құру жөнінен Ресейден кейінгі екінші орынға
ие. Республикамызда түрік капиталымен жұмыс істейтін 4 мыңдай компания бар. Демек, еліміздегі әрбір 9-10-шы шетелдік кәсіпорын – түріктікі.
Түріктер Қазақстанда не өндіреді?
Жалпы, батыстық ауыр санкциялардан Ресейдің шаруасы шатқаяқтап, өз қолы өз аузына жетпейтін халге түсе бастағанын, ал қытай капиталы Африка, Америка құрлықтарына ден қойғанын ескерсек, болашақта Түркия ірі сауда серіктестеріміз арасында бірінші тұғырға көтерілуі ғажап емес. Оның негізі қаланып жатыр. Мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаевқа түрік инвесторлары жаңа инвестжобаларын таныстырды. Және бұл қағаз жүзіндегі, не макет күйіндегі жобалар емес, барлығы да дәл қазір Қазақстанда іске асырып жатыр.
Мәселен, Yildirim Group Жамбыл облысының Сарысу ауданында кальций қосылған сода өндіретін Қазақстандағы алғашқы зауытты салып жатыр. Кәсіпорын жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Оның бірінші кезегі 500 мың тоннаны құрайды және 2024 жылы іске қосу жоспарланған. Құрылыс кезінде шамамен 1000 мың маман, негізінен жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылады. Кәсіпорын өндіріске кіріскен соң 300 жаңа жұмыс орны және 1 мыңдай жанама жұмыс орындары құрылуы тиіс. Бұл жоба жүзеге асса, еліміз кальцийлендірілген сода өндіру жөнінен Қытай, Түркия, АҚШ және Ресей қатарлы жаһандық бестікке кірмек. Сондай-ақ республикамыз өнімнің осы түрінен импортқа тәуелділіктен 100 пайызы құтылады екен.
Iskefe Holding Алматыдағы индустриалдық аймақта 27 миллион доллар тұратын, желатин өндіретін зауыт салады, онда ірі қара мал терісі өңделмек. Яғни, сиыр терісінен желатин жасалады. Жоба 2022–2023 жылдары жүзеге асады. Қолданысқа берілгеннен кейін, 2023 жылы 100-ден аса жұмыс орны ашылады. Зауыттың өндіріс қуаты жылына 7 мың тонна өнім шығаруға жарайды. Бұл үшін 28 мың тонна тері талап етіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бүгінде Қазақстанда теріні бастапқы өңдеумен айналысатын 9 кәсіпорын бар. Белбеу, киім, аяқкиім, қап-чехол, диван қаптамасын жасайды. Алайда олардың өнімінің қосылған құны төмен болғандықтан, фермерлерге, мал ұстайтын ауылдықтарға тартымды баға ұсына алмайды. Сондықтан адамдар мал сойғанда бас қатырмай-ақ, оның терісін қоқысқа лақтырады. Сөйтіп, құнды шикізат рәсуа болады, әрі түрлі аурудың тарау қаупі туады. Оның үстіне қазақстандық кәсіпорындар коронавирус пандемиясы кезінде жұмыстарын уақытша тоқтатты. Түрік холдингінің сиыр желатині бойынша әлемдік нарықтағы үлесі – 6%. Салмақты инвестор саналады.
Мұның сыртында Eczacıbaşı Holding геологиялық барлау жүргізіп жатыр. MFA Maske – медициналық және респираторлық бетперделер шығарады. Tiryaki Holding – агроөнеркәсіп тауарларын өндірмек. YDA Group құрылыс материалдарын, медициналық жабдықтар мен жиһаз жасайды. TAV Havalimanlari Holding Алматы қаласының халықаралық әуежайында жаңа халықаралық терминалдың құрылысын жүргізіп жатыр.