Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері салық заңнамасының жетілдірілмегеніне наразы. Олар корпоративті табыс салығын төмендетуді, коммуналдық шығындарды есептеу тәртібін өзгертуді, тауарды таңбалауды алып тастауды, салық мораторийін ұзартуды, түбіртекке жаңа талаптарды енгізбей қоя тұруды және жүйедегі сәйкессіздіктерді түзетуді сұрап отыр.Осы мәселемен олар «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жүгінді.
Соңғы кезде барлық сала автоматтандырылып, дүкендерде есеп айырысу негізінен pos-терминалдар арқылы жүргізілетін болды. Жеке кәсіпкер Татьяна Данильченконың айтуынша, оның шағын дүкеніндегі есеп айырысулардың 80 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Бұл дегеніңіз – табыстың 3 пайызы екінші деңгейлі банктердің қалтасына түседі деген сөз. «Енді корпоративті табыс салығы 3 пайыз болса, жағдай тіптен қиындауы мүмкін. Сондықтан банктерді ешкім ырыққа көндіре алмаса, тым болмаса мемлекет тарапынан бізге қолдау көрсетілгенін қалаймыз. Табыс салығы 1 пайызға дейін азайтылғанын қалаймыз», – дейді жеке кәсіпкер.
Дүкендердің pos-терминалдар орнатпауға хақысы жоқ. Сауда орындарының иелері мемлекет мұндай талапты енгізген соң, банктер де оған атсалысып, пайыздық көрсеткіштерін азайтуы тиіс деген ойда. Немесе мұндай төлемдерді қосымша құн салығын есептеген кезде есепке алмау керек дейді.
Сондай-ақ 2023 жылдың басынан бастап арнайы салық режимінің талаптарына енгізілетін өзгерістер де кәсіпкерлердің көңіліне қаяу түсірген. Атап айтқанда, «сауда алаңы жалға берілетін болса, жеке кәсіпкердің жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істеуге құқығы жоқ» деген бап олардың наразылығын туғызды. Олар сауда алаңдарын сатушыларды тарту мақсатында тез бүлінетін жеміс-көкөніс, ойыншық, тұрмыстық химия сатуға және терминалдарға жалға беретінін айтады. Айына 2 мыңнан 15 мың теңгеге дейінгі жалдау ақысы – олар үшін қосымша табыс көзі. Әрі жалгерлер үшін де азын-аулақ тиын-тебен, отбасын асырауға мүмкіндік. Ал Салық кодексіне өзгеріс енгізілгеннен кейін дүкен иелері олардан бас тартқаннан басқа амалы жоқ. «Жалгерлер жұмыссыз қалады. Сатып алушылар банкоматтан ақша алу үшін басқа жаққа баруға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде кезектің ұлғаюына, сәйкесінше әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтыруы мүмкін. Мәселен, менің дүкенімде Kaspi банктің терминалы тұр. Оның орын жалдауда түскен ақысына сатушыларымды ынталандыру үшін сыйақы төлеймін. Әрі бұл терминалдың клиенттерге де пайдасы зор. Ал жаңа заң қабылданса, мен бұл терминалдан бас тартуға мәжбүрмін. Бұл клиент санының азаюына, табыстың төмендеуіне әкеліп соғады. Тұтынушылар да жолақысын шығындап, қаланың басқа аудандарына сабылуға мәжбүр болады», – дейді Татьяна Данильченко.
Сондықтан «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жүгінген бір топ кәсіпкер микробизнес өкілдерін жеке санат ретінде қарастыруды ұсынады..
Салық заңнамасындағы «шикіліктер»
Сауда саласын толық автоматтандырып, әр тауардың атауы, салмағы, көлемі, бағасы жазылған кеңейтілген чек беру туралы талап та көңіл көншітпейді. Ол үшін супермаркеттегідей бағдарламасы орнатылған жаңа бақылау-кассалық машина сатып алып, штатта бухгалтер мен оператор ұстау қажет болады. Сондай-ақ компьютер, сканер және тағы басқа техника керек. Мұны да әр кәсіпкердің қалтасы көтере бермейді. Әрі үй маңындағы шағын дүкендердің сатып алушылары негізінен зейнеткерлер мен бала күтімі бойынша демалыста отырған аналар болғандықтан, олар әр тауарды там-тұмдап қана алады.
Сонымен қатар кәсіпкерлер 2020 жылы салық төлемдеріне жарияланған мораторийдің «қызығын көре алмағандарын» айтып, оның мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды сұрап отыр. Бұл жеңілдік енгізілгеннен кейін бірден пандемия басталып, шағын дүкендер күндерін әрең көрді. Табысы азайып, қарызы қордаланып, санитарлық тазалық құралдарына арналған қосымша шығын қосылды. Қаңтар оқиғасы олар үшін тағы да жығылғанға жұдырық болды. Сондықтан олар естерін жию үшін әлі де салық жеңілдігі қажет деген пікірде. Бұл ұсынысты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да қолдап отыр.
Жеке кәсіпкер Наталья Апретова салық заңнамасына енгізіліп жатқан өзгерістер бизнестің жұмысын шатастырып отыр деген пікірде. «Кодекске енгізіліп жатқан өзгертулер мен түзетулердің көбі «шикі». Салық органдарының өздері оларды дұрыс түсіндіріп бере алмайды, дегенмен орындауымызды талап етеді. Порталдағы жүйе жиі істен шығады. Мәселен, мен өз тауарымның, яғни үрленген шардың кодын енгізсем, планшетке арналған пластина шығады. Бұл – барлық кәсіпкерлерді толғандырып отырған мәселе», – дейді Наталья Апретова.
Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев бизнес субъектілеріне қойылатын барлық артық талаптар жойылатынын, егер 2023 жылға қарай Салық кодексіне түзетулер мен басқа да талаптар пысықталмаса, онда кәсіпкерлерге қатысты тәртіптік жазалар қолданылмайтынын жеткізді.
Шағын бизнес иелеріне әртүрлі заңбұзушылықтар үшін салынатын айыппұл көлеміне қатысты наразылық көп. Айына 150-200 мың теңге пайда табатын дүкен иесіне 600 мың теңге айыппұл салу ақылға сыймайды дейді олар. Сондықтан айыппұл мөлшерін табыс деңгейімен сәйкестендіру туралы мәселе көтеріп отыр.
Шағын дүкен иелерінің алкогольдік өнімдердің лицензиялық алымына қатысты да айтар уәжі жетерлік. Шағын дүкен иелері салықтан басқа жұмысшыларының еңбекақысы, коммуналдық және басқа шығындар, кейбірінің ғимарат жалдау ақысы бар екенін алға тартады.
Жабылып тынуға мәжбүр
Кәсіпкерлердің коммуналдық төлемақыға қатысты да базынасы бар. Бұл шығындарды олар заңды тұлға ретінде төлейді. Халықты жылу, су, жарықпен қамтитын монополист компаниялар белгілеген тұтынушылардың төрт санатының бірде біреуі шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолдануға келмейді екен. Өйткені Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жеке кәсіпкер – заңды тұлға құрмай кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлға болып табылады. Заңды тұлға өзінің жарғылық капиталымен, ал жеке тұлға болып табылатын жеке кәсіпкер тек өз мүлкімен жауап береді. «Дегенмен коммуналдық төлемдерді заңды тұлғалармен бірдей төлегеніміз – қос стандарттың белгісі. Табыс деңгейі де әртүрлі екенін ескеру керек. Соңғы кезде кәсіпкерлердің табысы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардікімен бірдей. Сол себепті жеке кәсіпкерлердің дені қаржы үнемдеу мақсатында өздері жұмыс істеуге мәжбүр: аула сыпырушы, еден жуушы, сатушы – бәрі өзі. Жеке тұлғаның заңды тұлғалар үшін бекітілген тарифтер бойынша төлемақы төлеуі әділетсіз әрі бұлай болмауы тиіс деп есептейміз», – деді кәсіпкер Татьяна Данильченко. Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының, шағын және орта бизнес республикалық қоғамдастығының мүшесі Татьяна Данильченконың айтуынша, бұл – бүкіл республика бойынша шешуді талап ететін өзекті мәселе. Алматылық әріптестері келтірген мысалға сүйенсек, есептегіш құралы жоқ жеке кәсіпкер жылудың 1 Гк-ы үшін тұрғындар 2 400 теңге төлесе, жеке кәсіпкерлер 10 200 теңгесін ғана шығындайды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін тұрғындардан – 250, жеке кәсіпкерлерден 1 500 теңге талап етіледі. Су мен электр жарығы тарифтерінде де айырмашылық бар. Кәсіпкерлер коммуналдық қызметтердің ұдайы қымбаттап бара жатқанын, сауда саласында бәсекелестік артқанын, табыс деңгейі төмендегенін ескере отырып тарифтерді қайта қарауды өтінуде. Олардың айтуынша, тауарлардың бағасы коммуналдық шығындарға да байланысты, ал бүгінде табыстың жартысы, кейде одан да көп бөлігі коммуналдық шығындарды өтеуге жұмсалады. Мәселен, айына 57 мың теңге табысы бар дүкен электр жарығы үшін айына 47 мың теңге, жылуға 30 мың теңге төлейді екен. Осыны ескере отырып, кәсіпкерлер «өзге де тұтынушылар» деген тармаққа «микрокәсіпкерлік субъектілері» деген сөздің қосылғанын және тарифтің төмендетілгенін қалайды.
Осы мәселелер оң шешімін таппаса, тапқаны қапқанынан қалмайтын шағын кәсіпкерлер өз кәсіптерін жауып, жұмыссыздардың қатарын толықтыруға мәжбүр.
Шағын кәсіпкерлердің олигархтармен бірдей табыс тауып отырмағаны аян. Қазіргі жаңашылдықтардың кейбіреуі оларды одан сайын тұқыртып, табыстан айыруға бағытталған ба деген ой туындайды.