Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданы – кеңестік кезеңнің өзінде өндірісімен танылған өлке. Қойнауына құт қонған елді мекенде, әсіресе «Ақбақай» кен өндірісінің атағы алысқа кеткен. Алтын өндіруден алдыңғы қатардағы өндіріс орны облыс қана емес, ел қазынасының негізгі қайнар көзі саналады. Алайда кейінгі кездері аталған кәсіпорын аумағында ұрлық көбейген.Дубектің құпия картасы
Ең әуелі «Ақбақай» кен өндірісінің құрылу тарихына тоқталсақ, кәсіпорынның іргетасы 1968 жылы қаланған. Кеңестік кезеңнің өзінде жылына 1 тоннаға жуық таза алтын өндірген «Ақбақай» кенішін геолог Дубек Дүйсенбеков тапқан. Елу жылдан бері кенімен елді байытып келе жатқан «Ақбақайдың» астында бес ғасырға жететін алтын барын көзі тірісінде Дүйсенбеков айтқан екен. «Алтын-алмас» АҚ-ның құрамындағы «Ақбақай» бөлімшесі бүгінде жылына құрамында алтыны бар 1 миллион тоннадан артық кен өндіріп, қазынаға 1 милилард теңге салық құяды. Бауырына алтынды басып жатқан «Ақбақай» кеніші әлемде алтын өндіруден алдыңғы орын алатын Африкадағы Витватерсрандыдан асып түспесе, кем түспейді. Оған дәлел, Африканың кеншілері қазір 5 шақырым тереңдіктен алтын алып жатса, «Ақбақай» елу жылда енді ғана 500 метр тереңдікке бойлаған. Осының өзі «Ақбақай» кенішінің қазынаға бай екенін аңғартып тұр.
Геолог Дубек өзі ашқан кен орындарының барлығына қазақтың ән атауын берген. Бүгінде «Ақбақай», «Бурылтай», «Япур-ай», «Ләйлім», «Мақпал», «Қаракесек», «Қараторғайым», «Ақмаңдайлым», «Ақтамақ» сияқты алпысқа жуық алтын кеніштері халық әндерінің атауымен аталады. Бетпақдаладағы аптап ыстықта кен іздеген геолог Ақбақай маңынан тас тауып алып, оны сынамаға бергенде бірден 180 грамм таза алтын шыққан екен. Міне, осыдан кейін Дубек кен орындарының картасын жасап, кезек-кезегімен қаздырып отырған. Геолог дүниеден өткеннен кейін оның картасының құпиясын ешкім аша алмады деген ел ішінде аңыз бар. Тоқсанға қараған шағында дүниеден озған Дубек көзі тірісінде қай жерде қандай көлемде кен барын тап басып айтқан көрінеді. Өзге адамдар болжамды түрде бір жерді қазса, ол жерден түк шықпапты. Осылайша Дубектің картасы технология дамыған бүгінгі таңда да өз құндылығын жоймай, құпиясын да сақтап келеді.
5 айда 8 қылмыс тіркелді
Құзырлы органдар атауы аңызбен астасып жатқан «Ақбақай» кен орнында биыл ұрлық көбейгенін айтып, дабыл қағып жатыр. Оған негіз де жоқ емес. Мәселен, осы жылдың сәуір айында тәртіп сақшылары Ақбақай ауылының маңында орналасқан «Қаракөз» шахтасы тау жыныстарынан заңсыз алтын өндірген алты азаматты ұстады. Олар құрамында алтыны бар кенді 20 қапқа салып, алып кетпекші болған жерінен құрықталған. Күдіктілердің бесеуі – Жамбыл облысының азаматы болса, біреуі – Алматы өңірінің тұрғыны. Негізі аталған азаматтар бұл маңда апталап жатып, кенді тірнектеп жинаған. Оған дәлел, қылмыс орнынан префоратор, генератор, темір кескіш сынды бұйымдар тәркіленген.
Осы сияқты жыл басында құрамында алтыны бар кенді жеңіл автокөлікке басып алған мойынқұмдық жігіттер де ұсталды. Алтын іздеушілерден құрал-саймандармен қатар бірнеше қап ұнтақ табылған.
Жыл басынан бері Ақбақай ауылдық округіне қарасты жер қойнауын заңсыз пайдалану және «Алтын-алмас» акционерлік қоғамына тиесілі құрамында алтыны бар тастарды жымқыру бойынша 8 қылмыс тіркелді. Оның ішінде 7-еуі ауыр санаттағы ұрлық болса, 1-еуі жер қойнауын өз бетінше пайдалану заң бұзушылығы. Ауыр санаттағы қылмыс жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағына сәйкес 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
«Мойынқұм ауданы полиция бөлімі қызметкерлерінің қырағы қызметінің арқасында Ақмола, Алматы, Түркістан және Жамбыл облысының азаматтары қазір қамауда отыр. Олардың қылмыстық істеріне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта прокуратура қызметкерлерімен бірлесе бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді», – дейді Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев.
Бұл қай «арқар»?
Тәртіп сақшылары былтырға қарағанда, биыл қылмыс айтарлықтай өскенін алға тартады. Тұрғындар да Ақбақай тау жыныстарында заңсыз алтын өндіру бұрыннан бар екенін жақсы біледі. Тіпті, ондай ұрыларды ел ішінде «Арқар» атап кеткен. Тау-тасты кезіп, жотадан-жотаға секіріп, түнделетіп жер қыртысын игеріп жүрген адамдарды көрген халық оларды арқар аңына ұқсатып осылай айдарлаған.
Ал «Арқарлар» алтынды топтасып өндіреді. Қазылып кеткен шахталарға түнделетіп түсіп, жер астында апталап жатады. Ас-ауқатымен бір немесе бірнеше жетіге қамданып алған «Арқарлар» айлап та күн көзін көрмейтін кездері болады. Жарық шамымен қазылған шахта қабырғаларына су шашып жүріп, алтынның жылтыраған ізін іздейді. Егер бірін тапса, соны бойлай жүріп тасты балғамен үгітіп, қапқа сала береді. Қажетті мөлшерін жинағанда жер бетіне шығып, оны Ақбақай аумағынан тығып алып өтуге тырысады. Кейіннен арнайы әзірленген жертөледе тастарды үгітіп, бірнеше мәрте сумен шаяды. Құм сумен ағып кеткенде ыдыс түбінде алтынның ұнтағы қалады. Оны күбі секілді ұрғымаға ұрып, тағы нығыздай түседі. Бұдан кейін қайта сумен шайып, алтынды артық қоспалардан әбден тазартады. Жартылай дайын болған ұнтақтың құрамындағы темірді магнитпен тартып, қышқылға күйдіреді. Осыдан кейін артық қоспаларынан ажыраған алтынды таразыға тартып, аудан көлемінде жұмыс істеп жатқан алыпсатарларға грамын 20-23 мың теңгеден өткізеді. Алайда бір қап ұнтақты шаю үшін екі-үш күнің кетуі мүмкін. Соңында алатын алтының 5-6 грамм ғана болуы ғажап емес.
Мұны бізге өз аты-жөнін көрсетпеуді сұранған Мойынқұм ауданының тұрғыны айтып берді. Оның үй жағдайында тастан алтынды ажырату технологиясын егжей-тегжейлі баяндап бергенін көріп, сөзіне сенбеске лажымыз болмады.
Ұры қайдан шығады?
Кейінгі кездері «Ақбақай» кен орнында ұрлықтың көбейгенін әркім әрқалай болжайды. Тұрғындар халық тұрмыстың қиындығынан «Арқар» атанып, ұрлыққа барып жатыр дегенді алға тартады. Оған себеп – ауданда жастар жұмыссыздығы белең алған. Ал «Алтын-алмас» компаниясы жұмысшыларды тек сырттан әкелуде. Жергілікті жердің азаматтары тек вахталық жұмысқа жалданады. Оның өзінде шахтадағы қара жұмысқа жегіледі. Содан қаржылық қиындықтан халық қылмысқа барып жатыр дегенді аудандағылар ашып айтып отыр.
Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің мамандары да ұрлық осы сырттан шақырылған мамандардан шығып жатқанын жасырмайды.
«Ақбақай» кен орнында күзет қызметі де, жұмысшылар да жиі ауысады. 15 күндік вахтамен жұмыс істейтіндіктен көбісі кетерінде ұрлық жасауға ұмтылып тұрады. Мәселен, жуырда компанияның екі қызметкері құны 13 миллион теңге тұратын мысты ұрлап, темір қабылдайтындарға өткізіп жіберген. Байқап тұрсаңыздар, ұры сырттан емес, іштен шығып отыр. Ұсталған күдіктілер аталған қылмысты алдын ала жоспарлап жасаған. Мұндай жағдайлар өте көп. Бір сөзбен айтқанда, «Ақбақайға» жау алыстан келген жоқ, – дейді Мойынқұм ауданы полиция бөлімінің бастығы Жарас Тохабаев.
Иә, білдей-бір үлкен «Алтын-алмастай» компанияда мұндай ұрлықтың болып жатқаны жақсылық емес. Бұқараның да сөзі орынсыз дей алмаспыз. Егер «Алтын-алмас» компаниясы жергілікті жердің жігіттерін негізгі жұмысқа алса, мұндай болмас па еді? Өйткені ауылдағы ағайын жұмыс орнын сақтап қалу үшін жан салып жұмыс істейтіні анық. Ал сырттан шақырылған жалдамалы жұмысшылардың негізгі ойы табыс тапсақ жетеді дегеннен аса қоймады. Сондықтан «Арқарларды» азайтып, іштен шыққан «қуларды» да құрақтау үшін компания басшылығына осы мәселені ойлану керек сияқты. Әйтпесе, өндірген өнімнен ұрланған кеннің көлемі асып түсетін түрі бар.
Айтпақшы, 2018 жылғы Жер қойнауын пайдалану заңына енгізілген өзгеріске байланысты алтынды заңды түрде де қазуға болады. Алайда ол үшін 1 миллион теңге кепіл қою керек. Ал бұл соманы екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні тағы белгілі...