«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының еншілес «Жолаушылар тасымалы» кәсіпорыны интермодальдық жүйеден бастап, купенің ішіндегі SOS түймешігіне дейін қолға алмақ. Журналистерді шақырып, баспасөз-дәм мәслихатын ұйымдастырған компания басшылығы осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстармен таныстырып, болашақ жоспарлармен бөлісті. Жиырмадан астам ақпарат құралдары өкілдеріне компания басшылығымен қатар қызметкерлері де жауап берді. Интермодальдық жүйе: бір билет – бір хаб Жолаушылар тасымалында жаңалық көп. Мәселен, интермодальдық жүйе дегеніміз – «Қазақстан темір жолын» хабқа айналдырып, барлық көлік түрімен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру. Егер сіз бірнеше рет ауысып отыруға тура келетін бағытқа жолға шықсаңыз, сапар кезінде ұшаққа, одан соң пойызға, одан соң автобусқа отырар болсаңыз, соның барлығына бір билет сатылады. Осындай орталықтандырылған жүйе тасымалды үйлестіруге, жолаушыларға жайлылық орнатуға, жол қатынасын оңтайландыруға мүмкіндік бермек. Тағы бір жаңашылдық – динамикалық баға өзгерісі туралы. «Теміржол тасымалы тарифіне әуекомпаниялар пайдаланатын динамикалық тәсілді енгізуді жоспарлап отырмыз. Билетті неғұрлым ертерек алса, ол арзандау болады. Ал жүретін күнге таяған сайын қымбаттай береді. Мәселен, билет сату қазіргі тәжірибеде 45 күн бұрын ашылады. Кейбір туристік агенттіктердің өтініштері бойынша оларға 180 күн бұрын сатуға келісімге келдік. Егер осы ойымыз жүзеге асар болса, онда ертерек алған адам шартты түрде айтқанда 25%-ға арзан ала алмақ, ал тақалғанда керісінше 25% қымбат болады. Бұл қазіргі тариф өзгереді деген сөз емес. Бағаны қымбаттату туралы жоспарымыз жоқ. Мақсатымыз – жолаушылар арасында жолсапарларын ертерек жоспарлау мәдениетін қалыптастыру. Әрі қаржылай тиімді болатынын ұғындыру. Ал өзіміз үшін қанша вагон қажет екенін ертерек жоспарлауға мүмкіндік бермек», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директорының міндетін атқарушы Жәнібек Тайжанов. Бүгінде компания пандемиядан соң қайта қалпына келу кезеңін аяқтап жатыр екен. Әдетте жылына 16 миллион жолаушы тасымалдап келген болса, 2020 жылы ол көрсеткіш күрт төмендеп, 8 миллион жолаушыға дейін азайып кеткен. Енді биыл 14 миллион жолаушы тасимыз деп меже қойып отыр. Жазғы маусымға 107 бағдар қосамыз деп жоспарлып отыр. Оның басым көпшілігі, яки 61-і дотациялық бағдарлар. Бүгінде компанияның жылжымайтын құрам паркінде 2 222 вагон бар. Оның ішінде 1 436 вагон ескі стандарттық үлгідегі вагондар болса, 670-і – тальго. Жаз мезгілінде жолаушылар нөпірінің көбею болжамына сай қосымша 200 вагон дайындап отыр. Вагондар паркі бірте-бірте жаңалануда. Қазір жылжымалы құрамның 49% пайдалануда жүргеніне 11 жыл болған вагондар. Одан бөлек, 20-25 жыл болған вагондар да бар. SOS батырмасы пайда болуы мүмкін Жиында жолаушылардың жайлылығынан бөлек, қауіпсіздігі де сөз болды. Мәселен, оқыс жағдайда көмек шақыру үшін SOS батырмасы пайда болмақ. Яғни, елімізде пойыз вагондарында дабыл батырмасын орнату мүмкіндігі қаралып жатыр. «Пойыздарда төбелес, жанжал, тағы да басқа келеңсіз жайттардың болып жататыны, өкінішке қарай, жасырын емес. Жолаушыға қауіп төнген жағдайда алдымен пойыз жолсерігіне жүгінген жөн. Содан соң жолаушылардың қауіпсіздігі туралы нұсқаулыққа сәйкес пойыз басшылығы тиісті шара қабылдайды. Ал жалпы пойыз жолаушыларының қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету жұмысы жалғасын тауып жатыр. Өткен жылы пойыз вагондарында SOS батырмасын орнату мәселесі қолға алынды. Яғни, қауіп төнген жағдайда жолаушы батырманы басып, жолсерікті көмекке шақыра алады. Сонымен қатар жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері де тартылады. Өкінішке қарай, аталған мамандар барлық пойызда жоқ. Бұл мәселе бойынша біз Ішкі істер министрлігіне бірнеше рет жүгіндік. Біздің қызметкерлермен қатар ішкі істер органдары мамандарының да болғаны абзал», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ сервис департаментінің директоры Ботагөз Әкімова. Естеріңізде болса, былтыр қазан айында тек қана әйелдер отыруға арналған вагондар қатынай бастаған болатын. Бастапқыда ол тек 2 бағытқа енгізілген болса, бүгінде әйелдер вагоны 3 өңірде 8 бағыт бойынша жолда жүр. Олар – Алматы-Маңғыстау, Алматы-Өскемен, Алматы-Ақтөбе және Нұр-Сұлтан-Шымкент бағыттары. «Бастапқыда мұндай вагондардың тасымалға қосылуынан діни көзқарас іздегендер де болды. Бірақ бұл мүлдем олай емес. Аталған практика әлем елдерінде де бар. Бірінші кезекте, жолаушы әйелдердің қауіпсіздігі мен жайлылығын көздеп отырмыз. Бірақ қызық болғанда әйелдерге арналған вагондардың іске қосылуына байланысты «құқығымыз шектелді» деп шағым жазған ер адамдар да болды. Ал әйелдер арнайы вагондардың болуын қуана қабыл алды. Меніңше, ер адамдар да мұндай жаңашылдыққа түсіністікпен қарап, қолдауы тиіс. Өйткені ұзақ сапар кезінде әйелдерге кеудесін жауып отырып бала емізуге тура келеді. Бұл ыңғайсыздық туғызады», – деді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Қайсар Жұмабайұлы. Бұл қызметке тағайындалғанына екі айдай болған Жәнібек Жұмабайұлының айтуынша, жаңа басшылық жаңашылдықтарға да, сынға да ашық. Ол компания жанынан Қоғамдық кеңес құратынын хабарлап, журналистерді соған қосылуға шақырды. Тіпті, қызмет сапасын анықтап, ұсыныстар мен ескертпелерді тыңдау үшін ақпарат құралдары қызметкерлерімен бірлескен рейдтерге, жол үстіндегі жолаушылармен кездесуге дайын екенін де айтты.