Теміржолдағы жолаушылар тасымалының жаздық маусымға дайындығы айтылды
Теміржолдағы жолаушылар тасымалының жаздық маусымға дайындығы айтылды
469
оқылды
Алматыда «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығының қатысуымен баспасөз-туры болып өтті. Оған қатысқан бір топ БАҚ өкілдері жолаушыларға арналған вагондарға техникалық қызмет көрсету және жазғы кезеңде тасымалдауға дайындау барысымен танысты. Теміржолшылар журналистерге жылжымалы құрам паркінің жаңаруы, жазғы кезеңде жолаушылардың жол жүруінің ерекшеліктері және пойыз бригадасы қызметкерлерінің дайындығы және т. б. мәселелер туралы мол мағлұмат берді. Соңынан өткізілген брифинг кезінде атқарылып жатқан біршама оңды өзгерістер туралы айта келіп, компанияның қаржылық деректері туралы журналистер қойған сұрақтарға ашық жауап берді. Олардың айтуынша, өздері көрсеткен қызметтен түсетін табыс компанияның барлық шығынын жүз пайыз жаба алмайды. Сондықтан мемлекеттен субсидия есебінде көмек алуға мәжбүр. Мәселен, 2021 жылы компания қызмет сапасын арттыру мақсатында Үкіметтен 25,8 миллиард теңге субсидия алған. Бұл қаржы компанияның жылдық шығынының шамамен 50 пайызын ғана жапқан. Жолаушылар Вагон паркін жаңарту жолға қойылған Баспасөз-турын ұйымдастырушылардың айтуынша, Ұлттық тасымалдаушы компания жолаушылар вагондары паркін жыл сайын жаңартып отыруды жолға қойған. Мәселен, 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейін 1100-ден астам жаңа вагон сатып алынса, соның 600-ден астамы Тальго вагондары. Ағымдағы жылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ тағы да 73 жаңа вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Вагондарды жыл сайын жаңартып отырғанына қарамастан, жолаушылар вагондарының ескірген паркі «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның негізгі түйткілді мәселесінің бірі болып қалуда. Бұл күнде аталған компания есебінде 2100 вагон болса, соның 800-ден астамы – ескі үлгідегі, яғни, олардың пайдалану мерзімі 28-ден 44 жылға дейін. Бұл тасымалдаушы компания вагондарының жалпы санының 40 пайызы деген сөз. Айтуынша, қызмет ету мерзімі өткеннен кейін вагондар парктен шығарылады. Негізгі стандарт бойынша вагондардың пайдалану мерзімі – 28 жыл. Бірақ оларды қайта жөндеуден өткізу есебінен ұзартқан кезде жолаушылар вагондары 44 жылға дейін қызмет көрсете алады. Жолаушылар Вагондардағы тазалық пен төсек-орынның жаңа стандарттары енгізілген Ұйымдастырушылар "Жолаушылар тасымалы" АҚ-да тазалық пен төсек-орын жабдықтарына қатысты жаңа стандарттар қабылданғанын жеткізді. Яғни, вагондарды жинау нормативтері қайта қаралған және жолаушылар пойыздарында клининг және санитарлық-гигиеналық құралдармен жарақтандыру бойынша жаңа стандарт әзірленген. 2019 жылдың қараша айынан бастап жолаушыларға арналған төсек жабдықтары – жоғары сапалы материалдардан тігілген өнімдермен жаңартылған. – Мысалы, егер бұрын төсек-орын қарапайым бөзден болса, қазір сапалы матадан жасалған. Мақта төсеніштері су өткізбейді және отқа төзімді. Егер бұрын көрпелер қысқы және жазғы деп бөлінсе, қазір олар әмбебап – жүннен жасалған. Осылайша, «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздардағы матрастарды, жастықтарды, көрпелерді ауыстырып, жаңа стандарттар бойынша тігілген жаймалармен және жастық тысымен жабдықтай бастады. Жолаушылардың сұранысын өтеуге бағытталған осындай саясат нәтижесінде клиенттердің компания қызметіне қанағаттану пайызы айтарлықтай жақсарды, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов. Бұл күнде жұмсақ алмалы-салмалы төсек жабдықтарымен (АТЖ), оның ішінде «Оңтүстік» өңірлік филиалы мен «Экспресс» филиалы қалыптастырған жолаушылар пойыздарын төсек-орын жабдықтарымен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді «Ақжолсервис» консорциумы ұсынуда. Кір жуу комбинатында «Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары ережесіне сәйкес жуу, үтіктеу, төсек-орын керек-жарақтарының жиынтығын қалыптастыру, химиялық тазалау және зарарсыздандырып өңдеу технологиялық процесі жүргізіледі. Жолаушылар Жол жүру құжаттарын электрондық сату жүйесі жолға қойылған 2019 жылдың шілде айында билеттер сатылымы толығымен «Мобиус» электронды жүйесіне ауыстырылған. Ол жолаушылар үшін билет сату арналарын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл жеке билет кассалары (оңтайландыруды есепке алғанда 156 касса), 3 мыңға жуық агенттік касса, оның ішінде пошта бөлімшелері, 15 интернет сайт, оның ішінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның BILET.RAILWAYS.KZ сайты, «ҚТЖ билеттері» мобильдік қосымшасы мен 30 мыңға жуық өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары іске қосылған. Мысал үшін айтар болсақ, Ұлттық тасымалдаушы бірнеше рет бір типті сұрау салу (орындарды «аулау») кезінде пайдаланушыны бұғаттау есебінен жүйелі түрде билеттерді қайта сату фактілерін алып тастады. Жолаушыларға клиентке брондалған орын туралы смс-жіберілімді растай отырып, «Күту парағы» бойынша кезектілік тәртібімен билеттерді сатып алу мүмкіндігі берілген. 2022 жылдың 4 айында «Күту парағы» қызметі арқылы 18300-ден астам билет рәсімделді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,5 есе өсті. Онлайн сатылымдар үлесі 70% құраса, бұл өткен жыл деңгейінен 16% жоғары болып отыр. – Жол жүру құжаттарын электрондық сатудың жетілдірілген жүйесі билеттердің жасанды тапшылығын жасау тәжірибесін барынша азайтуға көмектесті. Орындар мен күту парағын «аулауды» блоктау функциялары бар. Оны енгізу тұрғындарға билеттерді «алыпсатарларға» жүгінбей-ақ сатып алуға мүмкіндік беретін оң өзгерістер әкелді. Билеттерді сатып алу процесі ашық, сондықтан билеттерді сатумен байланысты заңға қайшы іс-әрекеттер жасау мүмкін емес, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директорының сату және клиенттермен жұмыс жөніндегі орынбасары Ерлан Жимайлов. Айта кетерлігі кейбір заңнамалардағы оң өзгерістер есебінен 2020 жылдың қаңтар айынан бастап билеттерді қайта сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілген. Мұндай заң бұзушылыққа салынатын айыппұл сомасы 100-ден 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылған.   Ішкі туризмді дамыту үшін жағдайлар жасалуда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Алакөлге жолдаманы қоса алғанда, елдегі туризмді дамытуға белсенді қатысып келеді. Осы жазда 158 жолаушылар пойызын ұйымдастыру жоспарлануда. Оның ішінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ 107 маршрутқа, жеке тасымалдаушылар 30 маршрутқа қызмет көрсетеді және 21 транзиттік мемлекетаралық пойыз қатынайтын болады. Мәселен, осы демалыс маусымы кезінде Алакөл көлініің жағалауына қатынайтын 11 маршрут қарастырылған. Оның ішінде Нұр-Сұлтаннан аптасына 2 рет: - № 54/53 «Нұр-Сұлтан НЖ – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ); - №258/257 «Нұр-Сұлтан-1 – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) пойыздары жүреді. Сонымен қатар, - №121/122 Нұр- Сұлтан – Семей (жеке тасымалдаушы АрайТрансKZ ЖШС); - №6941/6942 «Ақтоғай-Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) пойыздар вагондарын пайдалана алады. Алматыдан Алакөл жағажайларына аптасына 3 рет : - № 221/222 «Алматы-2 – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ); - № 137/138 «Алматы-2 – Достық» (жеке тасымалдаушы «Vagon Servis» ЖШС) пойыздары қатынайды. Күнара жүретін №21/22 Қызылорда – Семей (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) және №6941/6942 «Ақтоғай – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) пойыздарының құрамында тікелей қатынайтын вагондар болады. Сонымен қатар осы Алакөлге қатынайтын тағы бірнеше пойыздар жайлы және жылдам жүретін «Тальго» вагондарымен қамтылған. Олардың ішіне – №211/212 «Алматы-2 – Достық» пойызы күнара (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) және де № 453/454 «Алматы-2 – Достық» пойызы аптасына 3 рет қатынайтын (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) 2 маршрут ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысынан туристер күнара қатынайтын №459/460 «Өскемен – Достық» құрамдарын пайдалана алады (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ); - №6941/6942 «Ақтоғай-Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) бағыттары кіреді. Жақында ашылатын Абай облысынан күнара Алакөл жағалауына №457/458 «Семей – Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ) қатынайтын болады.   Теміржолдағы халықаралық қосымша рейстер іске қосылады Жоспарлы түрде көрші елдерден 21 мемлекетаралық пойызды іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда ҚР-дан РФ-ға және ӨР-ға «Атырау-Астрахань», «Алматы-Ташкент», «Нөкіс-Бейнеу» бағыттары бойынша мемлекетаралық пойыздар жүруде. Сонымен қатар, осы жылдың маусым айынан бастап «Қарағанды – Самара», «Қарағанды – Омбы», «Алматы-2 – Қазан» бағытындағы пойыздардың жүруі бекітілген.