Скейтбординг сейіл емес, спорт
Скейтбординг сейіл емес, спорт
694
оқылды
Экстремалды спорт түрі саналатын скейтбордингпен тұрақты түрде шұғылданатын спортшыларды қала көшелерінен ішінара болса да кездестіріп қалатынымыз бар. Олардың дені жас жеткіншектер екенін аңғару қиын емес. Әрі мұны олимпиадалық спорт қатарына енген кәдімгі көше спортының біздің елде ақырындап дамып келе жатқанының белгісі деп топшыладық. Жалпы, Скейтбординг феде­ра­ция­сы Қазақстанда бертін келе құрыл­ды. Аз уақыт өтсе де, спорт­шы­лар түрлі халықаралық жарысқа қа­ты­суға мүмкіндік алып, алыс-жақын шетелдерге шығып үлгерді. Қазақ­стан­да скейтбордингтің дамуына жет­кілікті деңгейде жағдай жасал­ма­ға­нымен, осы спортты жанына серік ет­кендер барға қанағат етіп, өз жағ­дайын өздері күйттеп жүр. Отандық скейтбордшылар жат­тығу­ға арналған кәсіби скейт жабық ғи­мараттарының жоқтығы сүйікті спортымен шұғылдануға кедергі кел­тіретінін айтады. Олардың сөзін­ше, қазіргі скейт алаңдары кәсіби ма­ман­дардың пікірін ескермей салынған әрі жаңадан бастаған скейтборд­шы­ларға ғана жарамды. Ал Қазақстан Скейт­бординг федерациясы алдағы уа­қытта жабық және ашық түрдегі скейт алаңдарын көбейтуді көздеп отыр. Астаналық жас скейтбордшы Альфируз Эшматов Қазақстан бойын­ша жақсы скейтпарктер жеткіліксіз екенін атап өтті. – Бізде жақсы скейтпарктер жоқ­тың қасы. Бас қа­­­ламыздың өзінде де жат­тығу алаң­дары аз. Үш-төр­теуі ғана бар, бірақ олардың өзі сапалы емес. Сол се­беп­ті спорт­шы­лар­ға көбіне көшеде жат­тығуға тура келеді. Одан скейтбордшылар жиі жарақат алатыны айтпаса да түсінікті. Өзге қалаларға қара­ғанда Алматыда скейт­бордингпен ай­налысатын жас­тарға жақсы мүмкін­дік мол. Фе­дера­ция құрылғалы бері Римге, Қы­тайға, Ресейге және басқа да елдерге барып, халықаралық жарыстарда ба­ғымызды сынап көрдік. Олим­пиа­далық спорт түріне енгелі бері бізде бұл спорт түріне жақсы көңіл бөлініп келеді. Қызығушы жастардың саны да артты. Енді скейт алаңдарының дең­гейін көтеру керек. Сапалы әрі за­манауи скейт алаңдары көптеп са­лын­са деген тілегіміз бар, – дейді Аль­фируз. Мақала жазу барысында бұл спорт түрінің даму барысынан бөлек шығу тарихына да зер салып көрдік. Негізінен, скейтбордингті сер­фер­лер ойлап тапты деген деректер бар. Олар теңіздегі толқын тыншыған кезде бос жүрмеу үшін, серфингтің құрлықтағы баламасын жасамақ болған. Бір қы­зығы, әлемдік скейт­бординг геог­ра­фия­лық шеңберде кең таралмаған. Көш басында Америка, Бразилия жә­не Жапония елдерінің спорт­шы­лары тұр. Қазақ­стан да көп ел секілді скейтбордингті дамытуды енді қолға алып жатыр. Оның өз себебі бар. Скейтбординг спорты олимпиада тарихында бірінші рет былтырғы Токио Олимпиадасына қосылды. Күншы­ғыс еліндегі әлемдік бәсекені ұйым­дас­тыру комитеті құзға өрмелеу спорты мен скейтбордингті олим­пиадаға жастардың қызығушылығы мен құлшынысын арттыру үшін енгізгенін алға тартты. Енді екі жылдан соң 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында алауы тұта­натын олимпиада ойындарында скейтбордшылар стрит пен парк түрлерінен сынға түседі. скейтбординг. Скейтбордингтің ерекшелігі мен артықшылығы туралы скейтбордшы Әділ Қасенов айтып берді. – Бұл спорт түрі батылдық пен шеберлікті қажет етеді. Скейд­бор­динг сонысымен ерекше. Заманауи скейтбординг бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтар болсақ: стрит, верт, пул скейтинг, шағын рамп және парк скейтинг. Әлемде стрит скейтбординг аса танымал деп айтуға болады. Ал әйгілі «Олли» трюгі қазіргі скейт­бордингтің негізі саналады. Бұл трюк қолды тақтайға тигізбей орындалады. Жалпы, скейт­бординг тарихындағы ең қиын трюк – 900 градусқа секіру екенін атап өтпеске болмас. Бұл трюкті 1999 жылы даңқты скейтер Тони Хоук ор­натты. Кейін ол 13 жыл бойы өз рекордын қайталай ал­ма­ды. Скейтбордингтегі ең биік секіру нәтижесі – 5 метр. Ал ең алысқа секіру – 16 метр, 11 сантиметрді құрай­ды, – дейді спорт­шы. Иә, скейтбординг еріккен көше бала­лары­­ның ермегі сияқ­ты кө­рінгенімен, қазір бұл ресми спорт түрі са­на­лады. Әрі бұл спорт түрінде ерте жас­тан халық­ара­лық жарыс­­тар­ға, ең бас­тысы олим­пиа­даға қатысу­ға рұқ­сат берілген. Өткен жылы өт­кен төртжыл­дық­тың басты до­да­сында жарыс қо­жайындарының атынан сынға түс­кен 13 жастағы жапониялық скейт­бордшы Моми­дзи Нисия олим­пиада алтынын жеңіп алды. Бұл өзге елдің скейт­бор­шы­ларына үлкен мотивация болды. Қазір біздің жас скейт­бордшылар да ал­дағы олим­пиада ойындарына қа­тысуды мақсат тұтып отыр. Ол үшін бізге бірінші кезекте скейтбордингпен айналы­сатын спортшыларға жергі­лік­ті билік тарапынан қолдау көр­се­тіліп, қысы-жазы экстремалды спорт түр­лерімен айналысуға жағдай жаса­лынуы керек. Скейтбордингті жа­нына серік еткен жас спортшылар әр қалада төбесі жа­бық скейтпарктердің көптен са­лынуын, қысы-жазы сол нысан­дарда алаң­сыз жаттығу жасауды ар­мандай­ды. Бұл мәселе жоғарыдағы шенділер­дің назарын аудартса, біздің елден де даңқ­ты скейтбордшылар шығарына күмән жоқ.