Былтыр құрғақшылықтан шөп шықпай, төрт түлік қырылған Қызылорда облысының жағдайы биыл да мәз емес. Сырдарияның ұлтаны құрғап, жылыстап аққан дария суы жылтырап қана көрінеді. Биыл да оңтүстік өңірлерде құрғақшылық болатыны ерте көктемнен сирек болса да айтылып жүргені бекер болмаса керек.
Салаға жауапты орындар тарапынан да биылғы дария деңгейінің төмен болып тұрғанын жоққа шығармайды. Соның салдарынан диқандар бірнеше жылдан бері күріш және көкөніс дақылдары алқабының көлемін азайтуға мәжбүр. Тек биылғы көктемде жауын-шашынның жылдағыдан мол болуынан Жер-Ана көкке оранып, төрт түліктің азығы мол болатын сыңайы байқалады. Алайда дария деңгейінің төмендігі күн тәртібінен түспек емес.
Мамандардың айтуынша, Сырдария өзенінен облыс аумағына 500 текше метр су келіп жатыр. Соның негізінде нақты кезеңде Шардара су қоймасында 4,81 млрд текше метр су болса, Көксарай су реттегіш қоймасына 139 млн текше метр су жиналған. Ал Қызылорда су торабынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 56 текше метр су көлемі жіберілген.
«Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметіне сүйенсек, биыл су деңгейінің төмен болуына байланысты өңірде күріш дақылын 78 346 гектарға егу межеленген. Негізінен Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларында жинақталған су көлемі 16,7 млрд текше метрді құрайды. Ал Тоқтағұл су қоймасында 10 текше метр су жиналған. Нақты уақытта Көксарай су реттегішінде 140 млрд текше метр су бар».
Облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы да соңғы жылдары дария деңгейінің төмендігі анық сезілгенін айтады. Көлдердің құрғауынан шаруалар ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін азайтуға мәжбүр. Осындай кедергілерді еңсеру мақсатында тыңнан 20 жоба жүзеге асырылмақ.
«Биылғы су тапшылығын еңсеру мақсатында 1 034 шақырымдық 164 каналға тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданындағы Сырдария өзенінің үрмелі су тоспасының істен шығуына орай «Келінтөбе» магистралдық су торабы суландырылатын болады. Оған қоса «Келінтөбе» магистралды каналының 9,2 шақырымы тазаланып, секундына қосымша 14-15 текше метр су беру жоспарланып отыр», – деп түсіндірді бұл жөнінде басқарманың бөлім басшысы Жұлдызай Айтжанова.
Ал «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша, әлі де Сырдария өзенінде су тапшылығы сезілуі мүмкін.
«Бүгінде облыс аумағына барлық каналдардан секундына 424 текше метр су алынып жатыр. Дейтұрғанмен су тапшылығы әлі де байқалуы мүмкін. Әсіресе, Жаңақорған, Қазалы, Қармақшы аудандарында су жетіспеушілігі болуы ықтимал. Сондықтан да босаңсуға негіз жоқ», – дейді филиал директорының орынбасары Жорабек Есназаров.
Осы орайда су тапшылығы болуы мүмкін өңірдің бірі – облысқа қарасты Қармақшы ауданының бүгінгі ахуалын саралап көрдік. Бұл тұрғыда Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов соңғы бірнеше күннен бері су деңгейі көтерілгенін тілге тиек етті. Дегенмен әлі де су тапшылығы болуы бек мүмкін екенін де жоққа шығармады.
«Жалпы, бұған дейін ауданда дария деңгейінің төмендігінен егістік алқаптың жағдайы қиындық тудырғаны рас. Алайда соңғы күндері диқаншы қауым үшін су тапшылығы шешімін тауып, жеткілікті деңгейде су беріліп жатыр. Алайда су тапшылығын ескеріп биылғы егістік көлемін 633 гектарға азайттық. Оған қоса қосымша су сорғыларын да алып қойдық. Қандай да бір қиындық туындамас үшін осы су сорғыларының көмегіне жүгініп келеміз. Қазір 7 дана электрлі, 7 дана дизельді, барлығы 14 дана СНП 500/10 маркалы су сорғы қондырғылары жұмыс істеп тұр. Алдағы аптада тағы 2 дана электрлі су сорғы іске қосылатын болады», – деді бізбен әңгімесінде аудан әкімі.
Ал аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де су тапшылығын сезінді. Шаруашылық төрағасының айтуынша, биылғы 4 585 гектарға егін егу межеленсе, оның 2900 гектарға күріш дәнін себу көзделген. Қазір 2 000 га жерге дән себіліп, 1 500 гектары суға бастырылған. Алдағы онкүндікте егін орналастыру жұмыстары толықтай аяқталмақ.
«Диқандар егіске су жеткізе алмай, көптеген қиындықтарды сезінді. Десек те бүгінде шаруашылықта 8 дана су сорғы жұмыс істеп тұр. Оның 5-і электрлі, 3-еуі дизельді. Су баруы қиын жерлерге осы су сорғыларды орнатып, тіршілік етіп келеміз», – деп мәлімдеді шаруашылық төрағасы Орынбасар Төлепов.
Қазір ауданда межеленген 12 523 гектар күріштің 8 922 гектары себіліп, 6 440 гектары суға бастырылған. Бүгінде аудан шаруаларының егіске пайдалануына жоғарыдан 45,15 м3/сек су түсуде екен. Аудан әкімінің айтуынша, бұл көрсеткіш белгіленген көрсеткіштен аз болса да аз суды ұтымды пайдаланып, дала жұмыстары қалыпты жүргізілуде. Негізінен су тапшылығының алдын алу мақсатында аудан шаруашылықтары су тарту қондырғылары арқылы қашыртқылардан қосымша су пайдалануға мәжбүр.
Жалпы, жыл басынан бері облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету үшін 12 дана су сорғы қондырғылары алынған. Егіске су жеткізу үшін маусым айында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы қосымша 9 дана су сорғы қондырғыларын іске қосу көзделіп отыр екен. Осылайша, қармақшылық диқан қауымы су сорғылардың көмегімен су тапшылығын сезінбей, берекелі күзде мол өнімге кенелуді көздеп отырғанын жеткізді.
Жалпы, Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, нақты уақытта облыс көлемінде 55 927 гектарға күріш дақылы егілген. Құзырлы орындар тарапынан облыс аумағында 1 маусымға дейін егін егу жұмыстарын толықтай аяқтау міндеттеліп, хат та жолданған. Ең бастысы атыз жағалаған ағайынға су тапшылығын қаперден шығармай, егістік алқаптың көлемін арттырмай, егінді төкпей-шашпай жинап алу міндеті жүктеліп отыр.