Шудағы сақшылардың сыйы кетті ме?
Шудағы сақшылардың сыйы кетті ме?
© коллаж: Елдар Қаба
507
оқылды
Жамбыл облысындағы Шу ауданынан тағы шу шықты. Айдың-күннің аманында жас жігіттер тәртіп сақшыларын сабап тастады. Желіде жел­дей ескен бейнежазбада жұ­дырықтың астында қалған полицейді бірнеше баланың тепкілеп жатқанын байқауға болады. Сондай-ақ бейне­жаз­бадан тапаншадан оқ атыл­ғаны да көрініс тапқан. «2022 жылдың 7 мамырына қараған түні Шу аудандық полиция бөліміне белгісіз адамдар тобының полиция қызметкерлеріне қатысты күш қолданғаны туралы хабарлама келіп түсті. Патрульдік полиция қызмет­керлері Шу қаласының теміржол бекеті алаңының жанында ал­дың­ғы мемлекеттік нөмірлік белгісі жоқ «ВАЗ-21014» маркалы авто­кө­лігін тоқтатқаны анықталды. Мән-жайларды анықтау ба­ры­сында автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысы полицейлердің заң­ды талаптарына бағынбай, бас­қа таныс азаматтармен бірге билік өкілдеріне қарсылық көрсеткен. Аталған дерек бойынша Шу ау­дандық полиция бөлімі ҚР ҚК 380-бабы 1-бөлігімен (билік өкілі­не қатысты зорлық-зомбылық қол­дану) сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазір заңға қайшы әрекеттердің барлық қатысушысы анықталды, олармен жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Билік өкілдеріне қатысты күш қолданған белсенді адамдар ҚР ҚПК 128-131-бабы тәртібінде ұс­талды», – деді облыстық Полиция департаменті ресми мәліметінде. Департаменттің баспасөз қыз­метінің жетекшісі Гүлсара Мұх­тарқұлова оқиғаға қатысы бар 8 күдіктінің ұсталғанын, оның 2-еуі қыз баласы екенін, олар үй қама­ғына алынғанын хабарлады. Тағы бір азаматқа іздеу жарияланған. Әрине, мұндайда құзырлы ор­гандар әккі әдетіне салып барлық мән-жайды тергеуге байланысты құпия ұстайды. Сондықтан біз куә­герлердің сөзіне құлақ түрген едік. Шулықтардың айтуынша, жастар мен полицейлер арасындағы жан­жал «Шыңғыс хан» мейрамха­на­сының алдынан басталған екен. Тәртіп сақшыларымен сөзге кел­ген­дердің дені 1996,1999 және 2002 жылы туған жастар. Осылайша, кафе алдынан басталған жанжал көше бойында жалғасып, бұза­қы­ларға көлікпен тағы жігіттер келіп жеткен. Нәтижесінде, екі тәртіп сақшысын олар екіге бөліп әкетіп, жұдырықтың астына алған. Поли­цейлердің бірін жастар жабылып ұрса, екіншісі тапаншасымен ас­панға оқ атып, әріптесі үшін араша түскен. Оқиға орнына қосымша жасақ жеткенде бұзақылыққа бел­сенді қатысқан екі жігіт қашып кеткен. Қазір полицейлер бір емес, негізінде екі азаматқа іздеу жария­лап жатқан көрінеді. Әрине, бұл біздің емес, бұқа­ра­ның сөзі. Сондай-ақ ел арасында атал­ған оқиғаға қатысты түрлі нұс­қалар айтылып жүр. «Жастардың тәртіп сақшыларын жерге жатқы­зып тепкілейтіндей не себеп бол­ды?» деген сауал да көпшілікті толғандырады. Жастар мас болған күннің өзінде құқық саласының қызметкеріне қол көтеру үшін үлкен себеп пен тәуекел керек қой. Полицейге қарсылық көрсеткеннің жақсы болмасын кімде болсын жақ­сы біледі. Сондықтан бұл жер­де жастардың ашуын шақырып, атылған тапаншадан да сескенбей төбелесуге итермелеген бір себеп бар секілді. Үй қамағында отырған қыздар­мен тілдесу мүмкін болмады. Алай­да бір анығы, бұл Шу ауданында болған бірінші оқиға емес. Ал­дыңғы жылы елді мекенге қа­расты «Батыс «шағынауданында жұ­мыстан үйіне қайтып келе жат­қан полицейді екі тұрғын ұрып, қыз­меттік көлігін айдап кеткен бо­латын. Ол аз десеңіздер, бұза­қылар аудандық полиция бөліміне тиесілі көлікті аялдамаға соғып тастады. Кейіннен белгілі болғаны, екі жігіт полиция көлігіне жол бер­мей қойған екен. Салдарынан тұр­ғын мен тәртіп сақшылары ара­сында кикілжің туып, бір-бі­рі­не жұдырық алып жүгірген. Тәртіп сақшысы қосымша жасақ шақыр­ғанда екі азаматтың бірі полицейдің қыз­меттік көлігін айдап кетіп, оны аял­дамаға соғып тастаған. Сондай-ақ былтыр Шу ауда­нында 37 жастағы азамат учаскелік полицейді пышақтап тастады. От­басылық жанжал бойынша ша­қыртуға келген тәртіп сақшысына бағынудың орнына тұрғын оған пышақ ала жүгірген. Бірнеше жер­ден пышақталған полицейдің өмірін аудандық аурухананың дәрігерлері сақтап қалды. Аудандағы осы сарындас оқи­ғалардың көбеюіне полиция бөлі­мінің басшыларымен бірге жергі­лікті тұрғындар да алаңдайды. Не­гізі полиция формасын көрсе адам сескеніп, бойын жинауға ты­рысушы еді. Ал шулықтардың бірі тәртіп сақшысына жұдырық алып жүгірсе, екіншісі пышақтап тастап жатыр. Тіпті, тәртіп сақшыларына тиесілі қызметтік көлікті соғып тастап жатқандар да бар. Демек, ауданда құқық саласының қыз­мет­керлеріне деген құрмет азайып, халықтың сеніміне селкеу түскен сияқты. Оған себеп те жоқ емес. Олай дейтініміз шулық полицейлер тұрғындардың көліктеріне ескірткі жасырып, қолдан қылмыстық іс қозғайды деген әңгіме ел арасында жиі айтылады. Халықтың поли­цей­лерге қырын қарауының басты себебі осында секілді. Сондықтан Шу аудандық полиция бөліміне арнайы тексеріс жүргізіп, жұмысын бір зерделеген жөн-ау. Әйтпесе тәртіп сақшылары мен тұрғын­дардың текетіресі жақсылыққа апармайтыны анық.

Жамбыл облысы