«AMANAT» партиясының Жастар қанаты республикалық референдумға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында жастармен ашық диалог өткізді. Осыған орай BIR TOLQYNDA диалог алаңында өткен шараға Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Закиева, тележүргізуші Динара Сәтжан, Talap КЕАҚ Президенті Олжас Ордабаев және Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев қатысты. Спикерлер Ата Заңға енгізілетін ауқымды және маңызды түзетулер туралы айтып, «Жаңа Қазақстанды» құрудың ел болашағы мен жастардың өздері үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. «Реформа реформа үшін емес, жүйені өзгерту үшін, еліміздің одан әрі даму бағытын анықтау үшін жүргізіледі. Бұл реформаның басты айырмашылығы – Халықтың дауысы. Біздің басты мақсатымыз – Әділетті Қазақстан құру, сондықтан баршаңызды белсенді қоғамның бір бөлігі болуға шақырамын»,– деп атап өтті Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт. Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Закиева өткізілгелі жатқан саяси оқиғаның өзектілігіне тоқталды: «Ең алдымен ұсынылып отырған түзетулер бүкіл халықтың, әрқайсысымыздың ел басқаруға қатысу мүмкіндігімізді кеңейтпек. Өзгерістер Парламент Мәжілісіне кандидаттардың аралас сайлау жүйесі арқылы бақ сынауына жол ашады. Осылайша, әрқайсысымыз нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ете аламыз»,– деді ол. Тележүргізуші Динара Сәтжан халықтың референдумға деген белсенділігі мен қызығушылығына тоқталды: «Мен әлеуметтік желіде «Сіз референдумға барасыз ба?» деген сауалнама жүргіздім. Сұралғандардың 56 пайызы «иә» деп жауап бергені мені қуантады. Қаңтардағы оқиғалар жастардың ел жағдайынан тыс қалғанын және оның арты үлкен қиындықтарға әкелетінін көрсетті. Сондықтан қазір әрқайсысымыз енгізілетін түзетулерді зерделеуіміз керек»,– деді Д.Сәтжан. Кездесу барысында спикерлер жастардың көптеген сұрағына жауап берді. Talap КЕАҚ Президенті Олжас Ордабаев бұл шараның маңыздылығына тоқталды: «Қазір тарихи оқиғалар болып жатыр, сіздер осыған куәсіздер, сіздер – еліміздің тірегісіздер. Сіздердің араларыңызда болашақ басқарушы көп, сондықтан біз бәріміз мемлекеттің қалыптасуына белсенді қатысуымыз керек»,– деп түйіндеді ол. Сондай-ақ республикалық партиялық штабтың мүшесі, «AMANAT» партиясы Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев Ата Заңға енгізілетін түзетулер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты: «Біз ұсынылған өзгерістер туралы қарапайым тілмен түсіндіруіміз керек. Қазір Жастар қанаты бұл бағытта барлық өңірде белсенді жұмыс жүргізуде. Біз үшін әрбір жас қазақстандықтың саяси оқиғаның мәнінен хабардар болуы маңызды», – деді ол. Айта кету керек, Қазақстан тарихында референдум екі рет өтті. Біріншісі 1995 жылғы 29 сәуірде өтіп, ел Президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесіне қатысты болды. 1995 жылғы 30 тамызда өткен екінші референдум Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналды.