Өскеменде «Жол қозғалысының жас инспекторлары» слёті өтті. Балалар жылына орай облыстық Полиция департаменті мен Білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған шараға ұзын саны сегіз команда қатысты. Жол ережесін жетік меңгерген полиция қызметкерлерінің алдында өзара сынға түскен 15 жастағы балалар әртүрлі кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. Әуелгі кезеңде бес минут ішінде 100 сұраққа жауап беру талабы қойылды. Біле білсек, бес минут дегеніміз, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырғандағы уақыттан екі есе кем. Бұл сыннан мүдірмей, сүрінбей өтіп, сұрақтарға сақылдата жауап берген балалар болды. Сонымен қатар жолда түрлі оқыс оқиғадан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуден де сынға түсті. Мұны әр азамат білуі тиіс. Себебі қандай да бір оқыс оқиғада алғашқы көмек көрсете алмай, абдырап қалатынымыз жасырын емес. Ал жас инспекторлар алғашқы медициналық көмек көрсетуге сақадай сай екенін паш етті. «Балалардың дайындығы қуантты. Жалпы, мұғалімдер, ата-аналар оқушылардың жол ережесін есте ұстауына, сақтауына ерекше мән беруі керек. Ойлап қарасақ, жолдан ұялы телефон ұстап немесе жаяу жүргіншілер белгісі жоқ жерден кесіп өту сияқты өрескел қателіктердің соңы үлкен өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан жол ережесіне салғырт қарауға болмайды», – дейді Шығыс Қазақстан облыстық Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Андрей Ларионов.
Жарыс барысында қазылар алқасы «Қауіпсіз жаз» атты қабырға газеттерін де шолып шықты. Оқушылар мұнда жол қауіпсіздігіне қатысты мақалаларын жариялап, ақпараттық суреттермен көркемдепті. «Өзім бұл сайысқа екінші рет қатысып отырмын. Көліктің көбейген заманында жол ережесін әр адамның білуі міндет. Өзім қала ішіндегі жол жүру ережесін жақсы білемін. Бұл ең әуелі өзіміздің қауіпсіздігіміз ғой. Менің ойымша, мектеп оқушыларының әзірлігі полиция қызметкерлерінің көңілінен шықты», – дейді қаладағы №49 мектептің 8-сынып оқушысы Асанәлі Қайрат.
Сайысқа қатысқан командалардың ешқайсысы қара жаяу емес. Жол ережесін біршама меңгерген. Себебі олар Өскемендегі жол жүру ережесін оқытып-тоқытатын балалар клубтарына барады. Ол клубтың бірқатары республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып жүр. Топ жарып жүргендерін бүгінгі сында тағы бір рет дәлелдеді. «Біздің мектептің оқушылары аптасына екі рет клубқа барады. Сонымен қатар мектепте де дайындалады. Бүгінгі сайысқа 10 бала келіп отыр. Жалпы, 40-қа жуық оқушы үйірмеге қатысады», – дейді қаладағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектептің мұғалімі Еркежан Қайсарханова.
Иә, бұл күні осы мектептің оқушылары үздік екенін дәлелдеп, жалпы командалық есепте 1-орынды иеленді. Екінші орын Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің «Ақжол» командасына, 3-орын №22 орта мектептің «Дорожный патруль» командасына бұйырды. Жарыс қорытындысына сәйкес командалар I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Жүлдеге ілінбеген қатысушыларға да сертификаттар берілді.
Ерекше атап өтерлігі, облыс мектептерінде оқушыларға жол ережесін үйретуге жіті мән беріледі. Шығыс Қазақстанда 4 мыңнан астам мектепішілік үйірме мен секция бар. Онда 177 мың бала тәрбие алып жатыр. Ал Өскеменде «Жігер» балалар-жасөспірімдер бірлестігі жұмыс істейді. «Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақ жол» атты клубымыз бар. Мұнда оқушыларға жолдағы қауіпсіздік ережелерін, жолда қалай жүруді, өзін-өзі ұстауды үйретеміз. Клуб 2014 жылы ашылған. Тегін. Кез келген бала қатыса алады. 10 жастан бастап қабылдаймыз. Қаладағы барлық мектеппен жұмыс істейміз. Бірлестігімізге 150-ден астам бала қатысады», – дейді бірлестіктің педагог-ұйымдастырушысы Ирина Ли.
А.ӘБІЛ,
Шығыс Қазақстан облысы