Сарапшылардың әзілдеуінше, «Тамара Дүйсенова – биліктегі ең шаршаған министр». Бұл «атақ» оған 2018 жылы жұқты: 9 ақпандағы үлкен жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ретінде оның өзіне жүктелген міндеттерді еңсере алмағанын сынаған Мемлекет басшысы: «Тамара, сен шаршадың ба?» деп қабақ түйе сұраған еді. Ізінше Тамара Босымбекқызы лауазымынан кетті. Енді биыл Дүйсенова жүйке жұқартып, тән шаршататын сол қызметіне қайта оралып отыр. Оралған күні ол: «Маған бір ай уақыт беріңіздер!» деп өтінген еді. 1 ай түгіл, 1,5 айдай өтті. Не бітірді? Министрлікке 5 рет оралған министр Бірден айталық, «шаршаған министр» деген жай мысқыл сөз ғана. Әйтпесе, саясат сахнасында дәл Тамара Дүйсеновадай көп жасаған әйел-саясаткер санаулы. Бес жыл бұрын сарапшылар «Қазақстандағы беделді және танымал әйелдердің тізімін» жариялаған-тын. Тізімге Дариға Назарбаева, Зағипа Бәлиева, Гүлшара Әбдіқалықова Гүлжан Қарағұсова, Бақытгүл Хаменова, Наталья Коржова, Гүлнар Иксанова және басқалар кіріпті. Тамара Дүйсенова да оның аяқ жағына сыпайы ғана жайғасты. Міне, әйелдер арасынан шыққан сол «саясат сүлейлері» ішінен билік шыңында жалғыз Дүйсенова ғана қалған көрінеді. Оның басқа да рекордтары бар: ол халықты қорғау ведомствосына осымен 5-ші рет (!) басшы болып отыр. 2013 жылы қысқа уақыт Еңбек министрінің міндетін атқарды. Содан кейін осы министрліктің тізгінін өз қолына алды. 2014 жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі құрылғанда, оны басқару Т.Дүйсеноваға сеніп тапсырылды. 2017 жылы біріккен министрлік екіге жарылып, жұртында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қалғанда, Тамара Босымбекқызы да министр тағында қалды. 2022 жылғы 11 сәуірде ол Президенттің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына қайта ауысты. Биылғы 12 сәуірде Тамара Дүйсенова 2018 жылдың ақпанынан бері бірінші рет Министрлер кабинетінің мүшесі ретінде Үкімет отырысына қатысты. Жиыннан шыққан оны дәлізде журналистер қоршай алып, сұрақты төпелетті. Тамара Дүйсенова: «Мен осы уақыт бойы жұмыс істедім. Маған 1 ай уақыт беріңіздер! Содан соң алдарыңызға шығып, барлық сұраққа жауап беремін», – деп уәде етті. Алайда бір ай түгіл, екінші айға кетті. Министр істеген қызметінің алдын ала қорытындысын шығарған жоқ. Зейнеткерлер шабуылдайтын министрлік Т.Дүйсенованың дәуірі әлеуметтік саладағы күрделі кезеңге тұспа-тұс келіп тұр. Республикамыздың басты сауда серіктесі Ресейдің Украинадағы қақтығысы, Батыс әлемінің Мәскеуге қарсы санкциялары пандемия кезеңіндегі дағдарысты одан ары өршітті. Әлемді, соның ішінде Қазақстанды күйзеліс қысуда. Бюджеттің тапшылығы артып, ел Үкіметі Ұлттық қорды шектен тыс көп шығындауға мәжбүр. Егер бұған дейін, 2018 жылдан бері ипотекашылар, несиесін кешіруді талап етушілер және көпбалалы аналар осы меморганды шабуылдап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері Мәдина Әбілқасымова, Біржан Нұрымбетов пен Серік Шәпкеновтің шашын ағартса, бүгінде ең көкейкесті мәселе – қазақстандықтардың қартайғандағы әл-ауқатын қамтамасыз ету болып тұр. 57 жастағы, яғни зейнеталды жастағы министрге зейнеткерлік мәселесімен айналысуға тура келуде. Өйткені «Қасіретті қаңтардан» бері жұрт зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендетуді талап етуін жалғастырды. Ресми мәліметке жүгінсек, министр болғалы Тамара Дүйсенова зейнет жасын азайту мәселесі бойынша Қазақстан әйелдерінің қозғалысы өкілдерімен 4 кездесу өткізіпті. 8 наурызда және 14 мамырда митингке қатысқан белсенді топ өкілдері төл ұсыныс-шешімдерін ортаға салған. Министр бүкіл ұсыныстарды министрлік жанындағы арнайы жұмыс тобы жан-жақты зерделейтінін айтып, естіп, ескеруге сөз берді. Бұл сала қанша реформаланса да, дағдарыстан шыға алар емес. Үкімет кеңес кезінен келе жатқан ынтымақты зейнетақы жүйесінен бас тартпақ. Ескі жүйеде зейнет жасына жеткен барлық азаматқа зейнетақы төленетін еді. Ендігі жүйеде жай қартаю аздық етеді, азаматта міндетті түрде жұмыс өтілінің және БЖЗҚ-да зейнетақы жинағының болуы шарт. Бұл ретте ынтымақты зейнетақыдан бас тартудың мерзімі бірнеше рет өзгерді. Мысалы, 2014 жылы Өскеменде зейнеткерлермен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова зейнетақы жүйесін жаңғырту аясында 2043 жылы Қазақстан ынтымақты құрауыштан толық бас тартып, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне түбегейлі көшетінін мәлімдеді. 2019 жылы министрлік оны 2040 жылға бері жылжытты. Алайда одан да жеделдеуі мүмкін: Еңбекмині 2028 жылы базалық зейнетақыдан бас тартатынын жеткізді. Ынтымақты жүйе жойылса, онда қамтылған ешқандай өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын адамдардың тағдыры не болатыны белгісіз. Айталық, бала-шағаны тәрбиелеу қамымен, байырғы қазақ дәстүрімен өмірін отбасыда, ошақ қасында өткізген үйбикелер не істемек? Министрлік бұл сауалға жауаптан қашқақтайды. Егер әйел көпбалалы болса, әр баланы баққаны жұмысқа теңеліп, жалпы жиынтығы 12 жыл өтіл жазылады. Бірақ орташа зейнетақы алу үшін ол да жетпейді екен. Тамара Дүйсенова қоғам белсенділерімен кездесуде әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығуына қазір де мүмкіндік барын қаперге салды: «Мен зейнетке ерте шығуға қарсы емеспін. Бізде бүгінде зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге және зейнет демалысына 55 жаста шығуға мүмкіндік бар. Факторлардың барлығын бірлесе отырып зерттеуіміз керек. Бұл кейін азаматтарымыздың зейнетақысы төмен болмауы үшін қажет. Азаматтарымыздың табысын ескере отырып, зейнетке ерте шығудың бірнеше тәсілін қарастыруымыз керек», – деді министр. Аннуитет кімге ғанибет? Зейнетақы аннуитетімен зейнеткерлікке 55 жаста шыға аласыз дегені – талай айтылып, ауызды жауыр еткен ескі жыр. Оның өмір шындығымен көп қабыспайтынын сарапшылар айтып жүр. Өйткені соның көмегімен бейнеттің зейнетін ерте көргендер үлесі тым аз көрінеді. Тек байларға қолжетімді тетік сияқты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, олардың саны 61 мыңдай. Салыстырсақ, 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елде 2 млн 245 мың зейнеткер бар. «Бізде кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін де рәсімдеуге болады. Егер қазақстандық осындай аннуитетті 45 жасында сатып алса, оған төлемдер 55 жастан төлене бастайды. Бірақ ол кезде ер адам ең кем дегенде 6,1 млн теңге, әйел 7,7 млн теңге жинап үлгеруі керек. Егер жалпы цифрларға тоқталсақ, қазір шамамен 61 мыңдай адам жалпы сомасы 283 млрд теңгеге зейнетақы аннуитеті шартын бекітті. Осылайша, олар өмірді сақтандыру компанияларынан өзі үшін өмір бойғы зейнетақылық төлем алуын кепілдендірді», – дейді М.Хаджиева. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл референдумның және Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің мән-жайын түсіндіру мақсатында ауыл-аймақты аралап жүр. Ол әсіресе, алыс ауылдарда ең көп көтерілетін және халықты көбірек мазалайтын мәселенің бірі де зейнет жасын төмендету болып отыр дейді. «Мәселен, Қызылорда облысында «Шымкент – Самара» трассасының бойында Ақай және Төретам елді мекендерінің тұрғындарын кезіктіріп, хал-жағдай сұрастырдық. Бір топ ана әкімдік ұсынған қоғамдық жұмысқа тартылып, есек жегілген арбамен даланы қоқыстан тазартып жүр. Жұмыстары ауыр. 54 мың теңге жалақы алатындарын айтты. «Қолын жылы суға малып, құйтақандай қанденінің күтіміне ғана бас қатырған бай әйелдермен бізді салыстыруға болмайды, оларға зейнет жасы 70-80-ге дейін өссе де, бәрібір. Біз бел қайыстыратын қиын жұмыс салдарынан ол жасқа жетпеуіміз мүмкін» деп тұнжырайды әйелдер. Қазір бұл мәселені Еңбекминінің жұмыс тобы қарап жатқанын білеміз. Ұсыныстар берілді. Халық түйткілдің оңтайлы шешім табуын күтіп отыр», – дейді Б.Смағұл. Аптапта күйіп, аязда қатып, ауыр жұмыс істеу әйелдерді күйзелтеді, қуаттан айырады, бұл отбасылардағы әл-ауқат пен көңіл күйге де теріс әсер ететіні сөзсіз. Азаматтарға денсаулық пен табыс табу арасында күрделі таңдау жасауға тура келеді. Бүгінде Т.Дүйсенованың ведомствосы оны өзі айтқандай, «тайм-аут» алыпты: әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсыныстарды пысықтап жатыр. Министрлік есеп-қисаптар жүргізеді, содан кейін «ең қолайлы нұсқаны анықтап», елге жария етеді. Әйткенмен тайм-ауттың қаншаға созылатынын айта алмады. Жалпы, үлкен іс тындыруға бір ай аздық етеді. Егер әйелдер жасын төмендетуге ықпал ете алса, халық Дүйсеноваға қатты риза болар еді. Тамара Босымбекқызы министр ретінде тағайындалғанда, ел басшылығы оған «Қазақстан экономикасының салаларын отандық білікті кадрлармен қамту туралы тапсырма» бергенін хабарлады. Тиісті шаралар, өзгерістер пысықталып жатыр. Еңбек кәсіпкерлікпен ұштасады десек, 1 мамырда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысушылардың саны 146,5 мыңнан асыпты. Бір ай ішінде жаңа, тың жобалар өмірге жолдама ала қойған жоқ. Десек те, Тамара ханымның министрлікке бұл келісі ел үшін ірі, ізгілікті бастамалармен есте қалса, игі.