Үш мәрте министр атанған Тамара Дүйсенова туралы не білеміз?
Үш мәрте министр атанған Тамара Дүйсенова туралы не білеміз?
Фото: informburo.kz
350
оқылды
Тамара Дүйсенова 2013-2014 жылдары Еңбек министрлігінің басшысы қызметін атқарды. 2014 жылдың тамызынан 2017 жылдың қаңтарына дейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі болды. Кейін ол екі бөлек министрлікке бөлініп, 2018 жылдың ақпанына дейін Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды. Одан кейін «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы, ал 2020 жылғы мамырда мемлекет басшысының көмекшісі, Президент Әкімшілігінде азаматтардың өтініштерін қарауды бақылау жөніндегі бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Тамара Дүйсенова министр болған кезде халықты медициналық сақтандыруды енгізу, зейнетақы төлемдерін мерзімінен бұрын алу, оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстікке көшіру, сондай-ақ халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтары үшін атаулы әлеуметтік көмек есептеудің жаңа әдістемесіне байланысты мәселелерге жетекшілік етті. Бұл мақаламызда жаңадан тағайындалған министр тағы несімен есте қалғаны туралы анықтап көрдік. 57 жастағы Тамара Дүйсенова ел тарихындағы 14-ші Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болды. Ол 2013 жылы сол кездегі министр Серік Әбденовтің орнына тағайындалды. Өзінің министрлік қызметін Серік Әбденов негізін салып кеткен әйелдердің зейнеткерлік жасын 58-ден 63 жасқа дейін арттыру туралы шешімін түбегейлі орнатудан бастады. Бұл үшін қоғам тарапынан бірнеше рет түрлі сынға ұшырады. Ал 2017 жылдың қараша айында қарағандылық қоғам белсендісі Әлия Сәдірбаева әлеуметтік желіде Дүйсенованы тікелей эфирде теледебатқа шақырды. Мұндай ұсынысқа 2018 жылы еліміз бойынша әр үш ай сайын мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алуға үміткер көп балалы отбасылардың материалдық жағдайын тексеретін комиссия құрылады деген мәлімдеме себеп болған. Министр қоғам белсендісіне берген жауабында оған теледебат орнына аймақтар бойынша жұмыс сапарларына және халықпен болатын кездесулеріне қосылуды ұсынды. «Кездесу барысында біз әлеуметтік ахуалды көзбен көріп, қарапайым азаматтардың белгілі бір жағдайдан туындаған мәселелерінің шешімін таба аламыз. Мұндай кездесулер біз үшін теледебатқа қарағанда пайдалы болады деп ойлаймын», – деп жауап қайтарған еді министр. Сондай-ақ Дүйсенова 2018 жылы ақпанда Үкіметтің 2017 жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген отырысы кезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан да сынға ұшыраған еді. «Міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізуді биыл кейінге қалдыруға тура келді. Мен бұл туралы бес жыл бойы бірнеше рет айтып келемін. Нақты тапсырмалар бердім. Алайда онымен ешкім айналыспайды. Министр Дүйсеноваға бірнеше рет айттым. Не болды, Тамара, айт, әлде сіз бұл жұмыстан шаршадыңыз ба?», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Сол күні Дүйсенова министрлік қызметінен босатылды. Тамара Дүйсенованың қызметі жан-жақтан сыналғанымен, ол көмекке мұқтаж адамдардың өмірін жиі бақылап, көмек көрсетіп отырды. 2017 жылдың желтоқсанында 600-ден астам шахтер жалақыны көтеру және зейнеткерлік жасты азайтуды талап етіп наразылық ұйымдстырған болатын. Сол уақытта шахтерлер мен «АрселорМиттал Теміртау» арасындағы еңбек қақтығысын реттеуде ерекше белсенділік танытты. Сол жылы сәуір айында Тамара Дүйсенова қатерлі ісікке шалдыққан шымкенттік көп балалы ана – Ділбар Құттыбайға көмек көрсетуді өз қолына алды. Нәтижесінде әйелге әлеуметтік төлем мен бір жылға екінші топтағы мүгедектік тағайындалған болатын. Елдегі қайғылы оқиғалар кезінде де Дүйсенова әрқашан ел алдына шығып зардап шеккен отбасыларға жеке көңіл айтып, қолдауға тырысты. Сондай-ақ ол тұрғындардың қуанышты сәттерінде оларға көңіл бөліп, жеке құттықтаулар ұйымдастыратын. Оған мысал ретінде 2016 жылы желтоқсанда бірден төрт баланы дүниеге әкелген елорда тұрғынын жеке құттықтағанын немесе сол жылы наурыз айында 102 жастағы тыл ардагерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, оған теледидар сыйға тартқанын айтуға болады.