«Жаңа Қазақстанды» құруда шешуші мәнге ие
«Жаңа Қазақстанды» құруда шешуші мәнге ие
485
оқылды
Жалпыхалықтық референдум өтетін күн жақындаған сайын оның маңызы мен мақсатын түсіндіру бағытындағы жұ­­­мыстар да қыза түсті. Осыған орай «AMANAT» партиясы жанындағы Мем­ле­кеттік басқаруды дамыту және сы­бай­­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі Республикалық қоғамдық кеңес­тің кезекті отырысы ұйымдас­ты­рыл­ды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерту енгізу жөнінде ре­ферендум жариялаған күннен бастап оған қа­тысты талай жиын-жиналыстар өткізілді. Қа­зір жалпақ жұртшылық ол туралы әжептәуір құ­лақтанып қалды. Әйтсе де осынау ел үшін тағ­дыршешті кезеңде мәселенің мәнісін тағы бір пысықтай кетудің, жеріне жеткізіп айту­дың артықшылығы жоқ. Отырыстың екі тізгі­нін қолына алған Республикалық қоғамдық кеңес­тің төрағасы Ерлан Саиров әңгіме ауа­нын осы тұрғыдан өрбітті. – Біріншіден, Конституцияның жаңадан ен­­­­гізіліп жатқан баптары бойынша Пре­зи­дент­тің белгілі бір партияның немесе саяси ұйым­ның мүшесі болуға қақысы жоқ. Екін­шіден, Президенттің жақын туыстарының бар­­лығы жоғары мемлекеттік лауазымға не­месе квазимемлекеттік секторда, әсіресе ірі мем­лекеттік компанияларда басқарушы бола ал­майды. Сонымен бірге Президент өзінің құ­зы­рының қомақты бөлігін Парламентке, оның ішінде Мәжіліске беріп отыр. Жаңадан құ­рылатын жоғары Аудиторлық палата жы­лына екі рет Мәжіліске есеп бере­ді. Осы есептің нәтижесінде депутаттар бюд­жет қаржысының жұмсалуы мен игерілу са­пасы қандай, халықтың хал-ахуалын кө­терудегі рөлі қаншалықты екеніне жан-жақ­ты сараптау жасай алады. Ең негізгі өзгеріс – Ата Заңы­мыз­дың 6-бабына «Қазақстан Рес­пуб­ликасының жері, табиғи ресурстары және жер ресурс­тары­ның барлығы халық мен­ші­гін­де» деген жаңа редакция пайда болды,– деді Ерлан Саиров. Жаңа өзгерістер легімен бірге 1993 жылға дейін болған Конституциялық сот қайта ора­латын болады. Оның маңызы сонда – Конс­ти­­­туциялық сотқа әкімдіктің, құқық қорғау ор­гандарының, судьялардың шешімдерімен ке­ліс­пеген кез келген адам арыз-шағымын жол­дай алады. Бұл біздің азаматтарымыздың құ­қықтық қорғалуын анағұрлым күшейте тү­седі. Сондай-ақ жаңа редакцияда партиялық жүйе мен сайлау үрдісіне қатысты жаңа­шыл­дық көп. Мысалы, 2008 жылдан кейін Қа­зақ­стан біржолата пропорционалдық жүйеге көш­кен. Яғни, аудандық, қалалық және об­лыс­тық деңгейде сайлаушылар өз дауыстарын пар­тияға береді, ал оның ішінен кім депутат болады мұны партияның менеджменті ше­ше­тін. Енді алдағы өзгерістерге байланысты ау­дан­­дық деңгейдегі депутаттарды халық тікелей дауыс беру арқылы өзі сайлай алады, ал об­лыс­тық деңгейде ол 50/50 мажоритарлық жә­не пропорционалдық жүйемен, Мәжілісте тиі­сінше 30/70 жүйемен қалыптасатын болды. Бұл демократиялық қатынастардың ең басты прин­ципі – сайлау және сайлану құқының рө­лін арттырады. Республикалық қоғамдық кеңестің бірінші орынбасары Қайырбек Сүлейменовтің ай­туын­ша, Конституцияның жаңа нұсқасы қо­ғам­ды демократияландыруға, сот жүйесін ре­формалауға, жемқорлыққа қарсы күрестің пәр­менін күшейтуге, сайлау жүйесінің жаңа при­ницптерге көшуіне, жергілікті өкілетті ор­гандар мен Парламенттің құзыретін арт­тыру­ға т.б. жаңашылдықтарға үндейді. – Референдум жаңа әрі әділетті Қазақ­стан­ды құрудағы шешуші қадам болып табы­ла­ды. Конституцияға енгізілетін әрбір өзгеріс әр­бір қазақстандықтың өміріне әсер етеді. Өйт­кені референдумның күн тәртібі Мемлекет бас­шысының сайлауалды платформасымен ті­келей байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев пре­зиденттікке сайланған 2019 жылы өзінің сай­лауалды бағдарламасында көрсетілген мін­деттерді жүзеге асырып жатыр. Әлбетте ол кез­де «екінші Қазақстан», «жаңа Республика» ту­ралы ештеңе айтқан жоқ. Бұл идеяны өмір­дің өзі, саяси ағыстардың ырқы күн тәртібіне шы­ғарды. Мұның бәрі Ата Заңымызға енгі­зі­ле­тін өзгерістерде көрініс тапқан, – дейді Қ.Сүлейменов. Сондай-ақ жиын барысында «AMANAT» пар­тиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды да­мыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес­тің мүшелері Меруерт Қазыбекова, Бауыр­жан Серікбаев, Асылжан Бүркіталин, Вла­димир Савкин т.б. сөз сөйлеп, өз ойларын біл­дірді. – Жалпыхалықтық референдум – жаңа жә­не әділ Қазақстанды құру жолындағы үлкен қа­дам. Бұл – ескі мен жаңаның ара­сын­дағы жо­лайрық. Егер біздің балаларымыз бен не­мере­леріміз Әділетті Қазақстанда өмір сүр­сін де­сек, онда 5 маусым күні оған барлы­ғымыз дауыс беруге тиіспіз. Сол үшін де ай­мақтарға ба­рып жан-жақты түсіндіру жұ­мыс­тарын жүр­гізуі­міз керек, – деп сөзін түйін­деді Е.Саиров. Қорыта айтатын болсақ, Ата Заңымызға ен­­гізілетін өзгерістердің барлығы аза­мат­тар­дың өз конституциялық құқықтарын то­лық­тай жүзеге асыруының негізін қалыптас­тырады. Ол моральдық-құқықтық құндылық­тардың не­гізгі постулаттарын, саяси инс­титуттардың даму бағыттарын қамтитын клас­сикалық еу­ро­п­алық үлгіге сүйенеді. Мұнда ешкімнің та­рихи рөліне баға беріл­мей­ді. Қысқа қайыр­ғанда, Конституция ел аза­маттарының ортақ мүддесін көздейді. Сон­дық­­танда Ата Заңның жаңа редакциясына қа­­тыс­ты бүкілхалықтық энтузиазм байқалады, тіпті бар­шаға ортақ ұлттық консенсус бар деп то­лық айтуымызға болады.