Аула клубтары сайысқа түсті
Аула клубтары сайысқа түсті
1,071
оқылды
«Астана жастары» мекемесі елордадағы аула клубтарының тәрбиеленушілері арасында қызу сайыс ұйымдастырып, референдумды қолдау мақсатында арт-флэшмоб өтті. Сайысқа 10 аула клубынан 100-ге жуық бала қатысты. Алғашқы айна­лымда әр топ өз клубының алға қой­ған мақсатымен таныстырды. Екінші айналым шығарма­шылық бағытқа арналды. Бұл жерде топ мүшелері асфальттың үстіне «Жаңа Қазақстан­ды» қалай көргісі келетінін сурет арқылы бейнелеуге тырысты. Барлық топтың ортақ арманы – ертеңі жарқын, экономикасы қарыштап дамыған «Жаңа Қазақстанды» көру. «Біздің топ «Жаңа Қазақстанда» экономика алға жылжып, халықтың саны өскенін көрсеткісі келеді. Еге­мен елімізде әдемі, жаңа заманға сай ғимараттар бой көтере берсе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ біз Жаңа Қазақстанда шаруашылықтың кез келген саласында роботтар қызмет жасап, технологияның дамығанын қалаймыз», – дейді «Жас қанат» аула клубының мүшесі Аңсар. Ал «Қолөнер» аула клубы тартуы ерекше болды. Клуб жетекшісі Гүлнәр Боранжанованың айтуынша, топ мүшелері 30 метрлік кілемшені бір ай бойы тіккен. Кілемше оқушы­лардың өз қолдарынан шыққан қол­өнерлер туындыларымен безен­дірілген. «Әрбір баланың өз қолдарынан жасаған бұйымдарын жапсырдық. Қазақстанның бет-бейнесіне айнал­ған көрнекті жерлер мен әдемі ғима­рат­тардың суреттері бар. Бұл жерде 8 жастан бастап 15 жасқа дейінгі бала­лардың қолөнерін көруге болады», – дейді Гүлнәр Тұрысбекқызы. Тартысқа толы сайыстың қоры­тын­дысы бойынша бірінші орын «Қолөнер», екінші орын «Темірлан», үшінші орын Interpro аула клубына берілді. Жеңімпаздарға Нұр-Сұлтан қаласының «Астана жастары» меке­месінің атынан диплом мен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Өзге қатысу­шылар да сыйлықсыз қалмады.