Өндіріс орындарында, оның ішінде, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында орта буын және жұмысшы мамандар жетіспейтіні осыдан 20 жыл бұрын айтыла бастаған еді. Сол кездің өзінде келешегін өзі таңдаған мамандықпен байланыстырып, аграрлық саладағы механизатор, жүргізуші, комбайнер, темір жонушы, электрші, дәнекерлеуші сияқты мамандық иелерінің жасы жетіп қалғаны, олардың орнын басатын жастардың жоғы шаруашылық жетекшілерін алаңдататын. Қазір бұл жағдай тіптен ушыға түскен.
Жылдар бойы Үкімет қарап отырды деуге келе қоймас. Түрлі бағдарлама қабылдап, сұранысқа ие мамандарды даярлау, қайта даярлауға қыруар қаржы қарастырды. Өкінішке қарай, қаражат қағаз жүзінде игерілді. Ал іс жүзінде қазір колледж бітіргендердің мамандықты дұрыс меңгермейтіні жасырын емес. Мұның себебі де көп. Солардың бірі ретінде ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды оқытатын колледждердің материалдық-техникалық базасының талапқа сай жабдықталмауын айтуға болады. Орта оқу орындарының техникалары тозып, қосалқы шаруашылықтары құрып, тіпті кейбірі тәжірибелік алқаптарға арналған жерлерінен де айырылып қалған.
Алматы облыстық Білім басқармасының мәліметі бойынша, өңірдегі техникалық және кәсіби білім жүйесінде 74 колледж жұмыс істесе, солардың 18-і агросала мамандарын оқытады. Бірақ Алматы облысы сияқты екі миллионнан астам халқы бар, жылына миллион гектарға жуық алқапқа егіс егетін, малы санынан да басқа облыстардың алдында тұратын өңір үшін 18 колледж аздық етеді. Алайда сол санаулы оқу орнындағы ауыл шаруашылығына қажетті маман даярлау ісінің аяқ алысы көңілден шықпайды.
Бұрын облыстағы ауыл шаруашылығына бейімделген колледждердің жанында студенттердің кәсіби машығын жетілдіруге арналған 5 690 гектар алқапта өндірістік-оқу шаруашылықтары мен қажетті техникалар болған. 2013 жылы аудандық әкімдіктері сол колледждердің басым бөлігіндегі жерлерді алып қояды. Жоғарыда айтылған 18 оқу орнының тең жартысы 1 982 гектар ғана жерін сақтап қалған.
Осылайша, бүгінде бірқатар колледжге өздерінде оқитын студенттердің болашақ мамандығын меңгеруіне аса қажетті тәжірибелік жер телімдеріне қол жеткізу арманға айналды.
Шонжы ауылындағы колледж бір кездері болашақ механизаторларды 200 гектар жерде еңбекке баулып, тракторшы мамандығының қыр-сырын үйретіп, ауыл шаруашылығы техникаларын меңгерудің жолдарын көрсететін. Алайда осы жер «Өрік бақтары» атты атауы айғайлап тұрған инвестициялық жобаны жүзеге асыруға бел буған кәсіпкерге беріліп кетеді.
– Біз ол суармалы жерлерді өз еркімізбен берген жоқпыз. Іс жүзінде тартып алды десек, артық айтқандық бола қоймас. 2015 жылы сол кездегі облыс әкімі орынбасарының телефонхаты негізінде еріксіз жерімізден айырылдық. Ол хатта «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» республикалық жобасын жүзеге асыру үшін Алматы облысындағы колледждердің балансындағы жерлерге тексеру жүргізу қажеті жазылыпты. Бірақ жерлерді алу туралы ештеңе айтылмаған.
Ақыры осы хаттың күшімен шығарылған аудан прокурорының ұсынысы бойынша жерімізден айырылатынымызды бір-ақ білдік. Бұдан былай атқаратын қызметі ауыл шаруашылығы жұмыстарымен байланысты еместерге жер берілмейтінін түсіндіргендер «шаруалардың ісіне араласпай, білім берумен айналысыңдар» деп те кеңес берді, – дейді Шонжы политехникалық колледжінің директоры Рахметжан Суджаков.
Бар жерінен айырылған оқу орны арада біраз жыл өткенде әкімге кіріп жүріп, 50 гектар жерді қайтарып алыпты. Оның 22 гектары суармалы алқап. Қазір осы алқаптарда студенттер жерді жырту, егістікті күту, егін орағын ұйымдастыру сияқты жұмыстарды іс жүзінде меңгеріп жүр.
Сол кезде осы саладағы басшылардың білім жүйесіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қысқарту агрокешенге мамандар даярлау сапасына кері әсер ететіні мүлде ескерілмеген. Мұндай жағдай облыстағы барлық ауданда болған. Аудандық әкімдіктер телефонхатты нұсқау ретінде басшылыққа алып, еркін қимылдап қалыпты. Атағы дардай, кезінде еліміздегі таңдаулы техникумның бірі болған Көксу ауыл шаруашылығы колледжі де жерге қатысты түсінбестікті бастан өткеріпті. Ескелді ауданының Шұбар ауылында орналасқан колледж былтырдан бері «Жас маман» жобасы бойынша сұранысқа тракторшылар, комбайнерлер, автоэлектршілерді оқытып жатыр. Бұл оқу орнындағылар да студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізетін жер таппай қиналып отырған көрінеді. Бюджет қаражатына алынған жабдықтар қаңтарылып тұр.
–1970 жылы сол кездегі Киров аудандық кеңесі оқу орны үшін қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында 445 гектар жер бөледі. Сол кезден бастап осы жер студенттердің тәжірибеден өтуіне пайдаланылып келген еді. Онда болашақ мамандар жер жыртудан басталатын көктемгі, күзгі егістік жұмыстарын атқаруды үйренетін. Қысы-жазы бос тұрмайтын, еңбек көрігі қызып тұратын алқаптарды «дұрыс игеріп жатқан жоқсыңдар» деп Ескелді аудандық жер қорына алып қойды. Құнарлы жер телімдерінің кімге бұйырғаны аудан басшылығы мен бір Аллаға ғана аян. Бүгінде студенттеріміз өзара ынтымақтастық жөнінде келісімшартқа отырған фермерлердің егістік алқаптарында тәжірибеден өтеді, – деп қынжылады Ескелді ауданындағы Көксу ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Мәлік Қарасаев.
Көршілес Көксу ауданының орталығындағы политехникалық колледжі де 382 гектар жермен бірге барлық техникасынан айырылып қалыпты. Осыдан он шақты жыл бұрын прокурорлық тексеру нәтижесінде мұнда да көптеген құқықбұзушылықтың беті ашылып, сол кезден бастап қаңтарылып тұрған материалдық-техникалық база мүлде жаңартылмаған. Тракторлар мен автокөліктер бүгінде темір-терсекке өткізуге ғана жарайды. Комбайндардың да тозығы жеткен.
Ақсу политехникалық колледжінің де бүгінгі жағдайы жанды ауыртады. Цехтардың басым бөлігі бұзылған немесе қаңырап бос тұр. Қоқыс пен сынған құрылыс материалдарынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Директордың айтуынша, студенттерді болашақ мамандығын іс жүзінде атқаруға баулитын өндірістік тәжірибеге арналған алқаптарынан айырылып қалғандарына талай жыл болыпты. Колледждің Есеболатов ауылының жанында 900 гектар жерлері болған екен. 2004 жылы аудандық әкімдіктен 200 гектар суармалы жерді қант қызылшасын өсіру үшін сұрап алады. Сол жерлерді заңдастыруға талпынып жүрген кезде әкімдік барлық жерін алып, ауданда инвестициялық жобаны жүзеге асырамын деп келген талғарлық кәсіпкерге беріп жіберген. Оның жобасынан не шыққанын ешкім білмейді. Ал колледж тәжірибелік алқабынан айырылып, тақырға отырып қалған. Қазір оқу орнындағы студенттер теорияны тәжірибемен ұштастыру үшін жергілікті фермерлерді жағалайды. Тәжірибеден өту барысында атқарған жұмыстары үшін еңбекақы алудың жолы қарастырылмаған.
Ақсумен көршілес Сарқандағы политехникалық колледждің де жағдайы мәз емес. Колледж басшылығы бар күші мен мүмкіндігін сарқа жүріп, қолды болған 543 гектар жердің 130 гектарын қайтарып алыпты. Жердің аз ғана бөлігін қайтарып алу жолында бастарынан өткен машақатты айтқысы да келмейді.
Алматы облысындағы ауыл шаруашылығына жұмысшы мамандар даярлайтын өзге колледждердің жағдайы да керемет деуге келмейді. Өндірістік тәжірибеден өткізетін жерлері жоқ, барларының көлемі аз. Материалдық-техникалық базалары ескірген, оқу ғимараттары мен студенттер жатақханасы тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді.
Ауыл шаруашылығын ел экономикасының қозғаушы күшіне айналдыруға басымдық беріліп жатқан тұста агросалаға қажетті маман даярлау ісіндегі жағдай осы. Сондықтан саладағы қордаланған мәселелерді шешіп, колледждердің тәжірибелік алаңдарын кері қайтармай жағдайдың оңалуы екіталай.