Балалардың болашағы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналды
Балалардың болашағы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналды
449
оқылды
«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті.
  • Ел арасында әлеуметтік мәселелер қордаланып келеді. Бұл біз үшін өте жауапты жұмыс. Ол әсіресе партияны өзгерту, трансформация кезінде аса маңызды болып отыр. Ашықтық және тиімділік, әрі партияның қызметінде сервистік принцип, яғни халыққа қызмет көрсету тұжырымы алдыңғы қатарға шықты,– деді жиында алғаш болып сөз алған саяси ұйымның хатшысы Ринат Кертаев.
  •  width=
Кеңес төрағасы Саясат Нұрбек бүгінгі жиынның мән-мағынасына тоқтала келіп, оның биылға арналған жұмыс жоспарын назарға ұсынды. Мұнан кейін барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерін қалпына келтіру мәселесі қаралды. Ол бойынша Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады.
– Министрлік қосымша білім беруді дамыту бағытында кешенді жұмыстар атқарып жатыр. Бұл жұмыстар мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстық негізде және жеке ұйымдарда жүзеге асырылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы балаларды секциялармен және үйірмелермен қамтуды қысқа уақытта 90 пайызға дейін жеткізуге болады,– дейді Ғ.Бейсембаев.
 width= Вице-министрдің айтуынша, қазіргі күні 59 бағыт бойынша құрылған 7223 үйірмеде жалпы саны 250,7 мың бала шұғылданады. Ал сәуір-мамыр айында спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қатысатын балалардың саны 600 мыңға жеткен. Жалпы, Жол картасы аясындағы жоспар бойынша 2025 жылға қарай 70 мың спорттық секцияда 1 млн 765 мың бала спортпен шұғылданады деп болжанып отыр. Сонымен қатар спорт мектептері мен арнайы интернаттардың жаттықтырушы-мұғалімдерінің жалақысын 2 есеге көтеру көзделген. Биылғы оқу жылында орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында сабақтан тыс мезгілде дене шынықтырудан сабақ беретін педагогтарға 100 пайыздық үстемақы енгізілді. Ал балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің, олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектептер, интернаттар, колледждер және спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың жағдайы бойынша Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев әңгімелеп берді.  width=
– Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына, әсіресе балалар спортына айрықша маңыз береді. Осыған орай, біз мектеп оқушыларын толықтай спортқа тартуды мақсат етіп отырмыз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 6,5 миллион адам спортпен шұғылданса, оның 2,2 миллионы балалар. 2025 жылға қарай бұл межені 50 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз,– деді Серік Жарасбаев.
Серік Жарасбаев айтуынша, министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында 2021 жылдың қортындысы бойынша 162 208 бала мен жасөспірім спорттық секцияларға тегін қатысқан. Ол үшін бюджеттен 6 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ 142 143 бала тегін үйірмелерге қатысу үшін бюджеттен 4,8 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы, бұл мақсатқа республика бойынша қазынадан 32,6 миллиард теңге қаржы жұмсалды. «Балалар жылы» аясында атқарылып жатқан мектепке дейінгі, орта, орта арнаулы сапалы білімнің қолжетімділігі туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтып берді. Ол өңірлік жерлерде тек педагогтар ғана емес, медицина саласының қызметкерлері де жетіспейтінін тілге тиек етті.
– Бүгінде елімізде 24 мемлекеттік және 67 жекеменшік медициналық колледжде 9 мамандық және 16 біліктілік бойынша маман даярлайды. Оларда былтырғы есеп бойынша жалпы саны 93406 студент болса, олардың 19261-і мемлекеттік тапсырыспен оқиды. Денсаулық сақтау министрлігі бұлардың ішінде стратегиялық маңызды бағыт ретінде медбике ісін дамытуға айрықша мән береді. Қазіргі күні кіші медбикеден бастап бакалавриат - магистратура – докторантураға жалғасатын кең ауқымды маман даярлау жүйесі қалыптасқан. Бұл ретте әр оқу сатысының ерекшелігі ескеріліп отырады, – деді Вячеслав Дудник.
 width= «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысын қортындылаған Саясат Нұрбек бүгін білім саласының ең өзекті мәселелері талқыланғанын айта келіп, оның былай деп түйіндеді.
–Алдыңғы жыл Қазақстанда 423500 бала өмірге келді. Соңғы рет ондай рекорд 1987 жылы болған (417 мың бала). Былтыр 500 мыңға жуық бала жарық дүниенің есігін ашты. Яғни екі жылда 1 миллионға жуық бала туған. Осы балалардың 90 пайызы өз қаракөздеріміз. Бұл бір жағынан қуантады – қазағымыздың саны өсіп келеді, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейді. Екі-үш жылда ол балаларды мектепке дейінгі білім берумен, орта біліммен қамтамасыз ету керек. Сол себепті Президенттің бұйрығы бойынша Қазақстанда алдағы 3 жылда 1 мың мектеп салынуы тиіс,– деді Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы.
Кеңес төрағасы алдағы уақытта кеңес отырыстарын көшпелі форматта ұйымдастыру жоспарланғанын атап өтті. Сол арқылы кеңес жұмысына жергілікті жерлердегі білім, денсаулық саласының білікті сарапшылар тартылмақ. Қорыта айтқанда бүлдіршіндерді балабақшамен, мектептерді педагог кадрлармен қамту мәселесі «AMANAT» партиясының тұрақты бақылауында.  

Би-Барыс КӨКШЕ