Елордада AMANAT партиясы республикалық штабының мүшелері референдум өткізуді қолдау мақсатында Республикалық диагностикалық орталық ұжымымен кездесті.
Кездесуге AMANAT партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек пен партияның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов қатысты. Олар Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, дәрігерлердің сұрақтарына жауап берді.
«Референдум – қоғамның жалпы көзқарасы мен пікірін білуге, саяси біліктілігін арттыруға және халықтың түйткілді мәселелерін қарастырып, оңтайлы шешім шығаруға арналған жүйе. Болашағымыз жарқын болсын десек, бәріміз бір ауыздан «Жаңа Қазақстанға» дауыс берейік», – деді Д.Кәрібек.
Жиын еркін форматта өтіп, ақ халаттылар өз пікірлерін ортаға салып, референдумды қолдайтындарын жеткізді.