Пандемия денсаулық сақтау саласындағы қателіктер мен кемшіліктерді айқындап берді. Дәрі-дәрмек жетіспеуі бір бөлек, маман тапшылығы да алдыңғы қатарға шықты. Денсаулық сақтау саласына реформа керек пе? Пандемияда қандай қателіктер жібердік? Олқылықтарды түзей аламыз ба? Бұл туралы м.ғ.д., профессор, академик Жұмағали Исмаиловтан сұрадық. – Жұмағали мырза, соңғы екі жыл пандемия елді әбігерге салып қойды. ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус мұны «адамзат тарихындағы ең соңғы пандемия» деп мәлімдеме жасаған екен. «Коронавирус бітті, енді індет қайталанбайды» деп нақты айта аламыз ба? – Бұлай мәлімдеме жасау дұрыс деп санамаймын. Себебі адам баласы қанша уақыт өмір сүрсе, сонша уақыт макроорганизм мен микроорганизм арасында үнемі қақтығыс болып тұрады. Ол – табиғи заңдылық. Осыны түсінуіміз керек. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстанның территориясында табиғи аса қауіпті инфекция ошақтары орналасқан. Сондықтан бұл мәселе үнемі күн тәртібінде тұруы тиіс. Бүгін коронавирус, ертең тағы бір вирус пайда болмауына кепілдік жоқ. Жалпы денсаулық сақтау саласы адамдардың денсаулығына қауіпті вирустарды азайтатын жүйе құруға міндетті. Іс-шаралар нақтыланып, қатайтылуы керек. – Пандемия қазақстандықтарды ғана емес, әлемді есеңгіретіп жіберді. Кез келген вирусқа дайын болуымыз үшін не істеген жөн? Індеттің алдын алу мүмкін бе? – «Ауруын жасырған өледі» демей ме? Сол секілді коронавирус еліміздегі денсаулық сақтау саласында көптеген кемшіліктердің бар екенін көрсетті. Оның ішінде –санитарлық-эпидемиологиялық қызметті қайта күшейтудің маңызы зор. Себебі соңғы жылдары бір министрліктен екінші министрлікке көшіріп жүріп, біз осы саланың негіздерін, ізденістерін шеттетіп, кешеуілдетіп жібердік. Сол себепті де санитарлық-эпидемиология саласына көңіл бөлінбей қалды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің прокурорлық қызмет сияқты атқаратын қадағалау функциясы бар. Коронавирустан бөлек, елімізде соңғы жылдары көп инфекциялық аурулар ушығып жатты, бірақ оған тиісті көңіл бөлмедік. Мәселен, қызылша. Соңғы бес жылда бұл инфекцияның ахуалы қандай болып жатыр? Зерттеп-зерделеп жатқан ешкім жоқ. Оның бәрі коронавирустың тасасында қалып қойды. Одан бөлек, ұйымдастыру жұмыстарында қандай кемшіліктер кеткені де айтылып жатыр. Оны тіпті Президенттің өзі де атап өтті. Сондықтан қазір инфекция таралымының төмендеген жағдайын пайдаланып, жүйелі жұмыстар атқаруымыз керек. Ол үшін кеткен олқылықтарды түзеп, талдап, таразылап, кешенді іс-шараларды қолға алған жөн. Қателіктерді қазірден түзеу керек. Осыған орай бүгін жүйелі түрде жұмыс атқармасақ, мұның бәрі ертең кеш болуы мүмкін. – Ковид дертінен қаншама дәрігерден айырылып қалдық. Қазір денсаулық сақтау саласында күйіп тұрған мәселенің бірі – дәрігер тапшылығы. Бұл мәселені қалай шешеміз? – Ең алдымен кадр дайындайтын мамандардың сапасын арттыру маңызды. Жоғары оқу орындарында медициналық білім беретін мұғалімдер кімдер? Олардың деңгейі қандай? Олар сапалы кадр дайындауға әзір ме? Осы жағына көп көңіл бөлуіміз керек. Сапасы, деңгейі, қабілеті, тәжірибе алмасудағы құзыреті қандай? Ғылыми жұмысының деңгейі, педагогикалық әдістемесі қандай, осының бәрін зерделеген жөн. Жақсы ұстаз жақсы маманды тәрбиелеп шығаратынын ұмытпағанымыз дұрыс. Мықты кадр жоқ десек, онда сапалы кадр дайындайтын білікті адамдар жоқ деген сөз. – Қазір мемлекеттік те, жекеменшік те емханалар өте көп. Бірақ байқасаңыз, науқастар мейлінше тиімді деп жекеменшік емханаға барады. Өйткені мықты мамандардың көбі жекеменшік емханаларға ауысып кеткен. Не себепті? Мемлекеттік мекемелерде қаржылық мүмкіндік аз ба? – Мұның бір себебін өзіңіз де айтып отырсыз. Жекеменшік медициналық ұйымдарда менеджмент жақсы жолға қойылған. Олар қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталады. Соның нәтижесінде жақсы кадр таңдауға және олардың әрі қарай дамуына қажетті деңгейде жақсы жағдай жасап отыр. Біліктілік тестінен жиі өтіп отырады. Шетелдерге тәжірибе алмасуға жиі барады. Сондықтан олар пациенттерге де жақсы қарайды, дұрыс ем жасайды. Мемлекеттік медициналық ұйымдарға шағым неге көп? Олардың бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, дәрігерлердің біліктілігі. Екіншіден, науқастардың аз-көптігі. АҚШ-та жасалған бір зерттеуді мысалға келтірейін. Құрылымы, науқастардың саны, кадрлық құрамы бірдей екі емхананы салыстырып көріпті. Бір клиникада арыз-шағым деңгейі екіншісіне қарағанда жоғары. Неге? Олар зерттей келе, бірнәрсеге тоқталыпты. Сөйтсе, арыз-шағымы аз емхананың дәрігерлері науқастармен қарым-қатынас жасауға көп уақыт бөледі екен. Көрдіңіз бе? Емделушімен жұмыс істеуде коммуникацияның да әсері мол. Сондықтан науқас пен дәрігердің арасында жақсы қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. – Кез келген науқас жекеменшік медициналық ұйымға қарала алмайды. Бұл жағдайда мемлекет қандай стандартқа көшкені дұрыс? – Әлемге әйгілі ойшыл атамыз әл-Фараби айтқандай: «Тәнді емдеуші дәрігер, ал жанды емдеуші – билеуші аталатын мемлекет қайраткері». Сондықтан да мемлекет Конституцияда көрсетілген өзінің әлеуметтік функциясын атқаруы тиіс. Сонымен бірге, нарықтық экономика болған соң, оның өз заңдары болады. Қазір елімізде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі жолға қойылған. Сол арқылы науқас өзінің сақтандыру полисін тиімді пайдалануы тиіс. Мұның бәрі еліміздегі медициналық қызметтің жүйелі жұмыс істеуіне бағытталған. Бірақ бұл жағдайда да түйткілді дүниелер баршылық. Жекеменшік мекемелердің көбісі қордан қаражат алып отыр. Мысалы, біз басқаратын облыстық көпсалалы аурухана 2020 жылдан бері мемлекеттік-жекеменшік серіктестік ретінде қызмет көрсетіп келеді. Біздің міндет – осы аурухана жұмысын жаңалап, уақытылы іске қосу. Екінші, тиісті деңгейде менеджментті қалыптастырып, қолжетімді, сапалы медициналық қызмет көрсету. 2020 жылы біз осы аурухананы конкурсқа қатысып, жеңіп алдық. Тиісті келісімшартқа қол қойдық. Облыстық ауруханаға инвентаризация жасап қарасақ, проблемалары шаш етектен екен. Ең бастысы, кәсіпорынның 891 миллион теңге қарызы бар болып шықты. – Мемлекетке ме, жоқ банктерге ме? – Дәрі-дәрмек, медициналық аппараттар, тағы басқа да қарыздары көп. Соңғы екі жылда қарызға батпандап кірген. Әрі қарай осы деңгейде кете берсе, банкрот болудың сәл-ақ алдында қалған екен. 400-ден аса орынға арналған аурухананың жағдайы тіптен мүшкіл халге түсіпті. Көпсалалы аурухананың жұмысын алға ілгерілету, жұмыскерлеріне жалақы беру, оны әрі қарай дамыту – аз жұмыс емес. Бастысы, біз бүгінде бұл аурухананың қарызын өтедік. Бұл қиындықтан қалай шықтық? Ең бірінші, дұрыс менеджмент қалыптастыра білдік. Екінші, сапасын көтердік. Ең қызығы, аурухана бұған дейін аккредитациядан өтпеген екен. Ол дегеніңіз – ұлттық стандарттарға сай емес деген сөз. – Қарызы көп, менеджменті дамымаған мекемені тірілту оңай шаруа емес. Сіз қалай тәуекелге бардыңыз? – Қарыздан құтылудың ең басты жолы – шетелдік инвесторларды тарту. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, оған инвестор тартуға болады. Әрі бұдан керемет пайда көреміз деп отырған инвесторлар жоқ. Мұны клиникалық база ретінде әрі халықаралық медициналық мектеп ретінде жұмыс жүргізуге негіз болатын ұйымға айналдыруға мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз да сол. Екінші жағынан, өзіміздің кәсіби деңгейімізге де сенімдіміз. Менеджментті көтеріп, аяқтан нық тұра алсақ, аурухана сапасын ұлттық стандарттарға сай етсек, қалған қиындықтарды жеңуге болады. Ең алдымен, аурухананы халықаралық стандарттарға сай ету үшін ескі құрал-жабдықтарды жаңарту маңызды. Сондықтан біз ғимараттың жобалық құрылымын қайта әзірледік. Шетелден арнайы консультанттар шақырып, болашақта халықаралық стандарттарға сай болу үшін аккредитациядан өтуді жоспарлап отырмыз. Әзірге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Кадр мәселесін лайықты шеше алдыңыз ба? – Кадр мәселесі дегенде біздің ауруханада жас мамандар көп. Жас мамандардың біліктілігін арттыру үшін шетелден білікті дәрігерлерді тартып, тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Ол бір жағынан науқастарға сапалы көмек көрсету болса, екінші жағынан біздің кадрларды үйретуге бағытталған. Жақын арада бір топ мамандарымызды тәжірибе алмасу барысында Үндістанға жібердік. Клиника дұрыс дами түссе, жақсы жұмыс істеуге болады. – Қазір күрделі аурулардың бәрін емдеу үшін шетелге баратындар көп. Германия, Корея, Израильдің тәжірибесін пайдаланып, елде емдетуге мүмкіндік жоқ па? – Киын отаны тәжірибелі маман атқармаса, кез келгеннің қолынан келе бермейтін дүние. Денсаулық сақтау саласында жүрген дәрігерге қойылатын бірінші талап – науқасқа дұрыс диагноз қоя білу. Дұрыс диагноз анықтай алса, науқастың да емі дұрыс жүреді. Сондықтан ауруханаға қажетті мамандарды дұрыс таңдай алсақ, ол дәрігер білікті маман болса, оның біліктілігін арттыру үшін шетелде тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасасақ, біздің медицина саласында да ілгерілеу болар еді. Кез келген аурухананы жоғары деңгейде ұстауға болады. Мейлі ол жекеменшік не мемлекеттік болсын, ол басшысының кәсіби деңгейіне байланысты. Жақсы басшы қызметкеріне де дұрыс жағдай жасай біледі. Сіз айтқандай, Германия, Израиль тәжірибелерін меңгертіп, кадрларды өзіміз дұрыс дайындай білсек, шетелге сабылудың қажеті болмас еді. Медициналық маманның артықшылығы неде? Ол университетті бітірдім, жоғары білім алдым деп, бір орында тоқтап қалуға болмайды. Ол маман ретінде өмір бойы білім алып, ізденісте жүргені дұрыс. Қазір байқасаңыз, технология да бір орында тұрған жоқ. Жыл сайын жаңа техника шығып жатыр. Сол секілді медицина саласында да үздіксіз дамып отырмасаңыз, артта қалып қоясыз. Дәрігер қай саланы меңгерсе де, сол жолда үнемі оқып-тоқып отырғаны дұрыс. – Үнемі ота залында жүретін маман өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндігі бола ма? –Дәрігер 24 сағат ота жасай бермейді. Оның да демалатын уақыты бар. Сол бос уақытында өзін шыңдап отыруы тиіс. Мамандарды оқытудың ең үлкен жолы – тәжірибе алмасу. Дәрігерлерді шетелге жіберіп не болмаса шетелдік мықты дәрігерлерді алдыртып, жергілікті мамандарды үйретуге болады. Кеңес алады, білімін жетілдіреді. – Шетелдерден маман әкелу тиімді ме әлде сол елмен тәжірибе алмасқан жеңілдеу ме? – Екеуі де қажет дүние. Шетелдік мамандардың елге келгендегі артықшылығы – науқастардың қаралуына мүмкіндік болады. Ал өз дәрігерлерімізді шетелге жіберсек, көп нәрсені көзбен көріп, үйреніп қайтады. Біздің ауруханада да мамандар түрлі операциялар жасап, науқастарға күнделікті көмек қолын созып, жәрдемін тигізіп жатады. Былтыр 3 000-ға жуық адамдарға жедел көмек беріппіз. Біздің аурухана жеңіл-желпі ауруларға ғана емес, ауыр халдегі науқастарға да ем қолданып, жедел қызмет көрсетеді.
P.S. Медицина саласында нақты іс-шаралар бекітіліп, жүйелі жұмыс атқарылса, кез келген қауіптің алдын алуға болатынын академик бекер айтып отырған жоқ. «Дені саудың – жаны сау» дейді. Ұлт саулығы – еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Ол үшін ауылдарда кәсіби мамандардың жетіспеушілігін жою, денсаулық сақтау саласында мамандардың нашар дайындалуына жол бермеу, аймақтардағы мекемелердің техникалық жағын реттеу жағын ескеруіміз қажет», – дейді академик Жұмағали Исмайылов. Денсаулық сақтау саласында осы мәселелер шешімін тапса, оң өзгеріс болатынына сенім мол.