Бұрын көбінің баруға жағдайы жетпейтін казинолар да осы күні «қолжетімді» болып қалды. Қазір онлайн казинолардың дәурені жүріп тұр. Смартфон арқылы тіркеліп, ойындағы есепшотты толтырып, «баю» жайлы арманның жетегінде кету оңай. Әсіресе, қазір онлайн казиноға студент жастар мен жұмыссыздар көп құмартатын болғандай. Бәрінің байып кеткен дәнеңесі жоқ, тек құмар ойынның жетегінде кетіп, қарызға батып жатқандардың көбейгені алаңдатады.Бәс тігу байыта ма?
Негізі, 2020 жылы пандемия басталғанға дейін елімізде онлайн казинолар аса белсенді болмаған. Ал пандемия басталған тұста көп уақытын үйде өткізген жұртшылық онлайн табыс табудың түрлі жолына сенетінді шығарды. Бұл онлайн казинолардың дамуына ұтымды кезең болған еді. Бірақ бір қарқын алған казиноларға одан кейін сұраныс көбеймесе азайған жоқ. Әуелі алдыңғы жылы карантин кезінде электронды ойын автоматтары шықты. Әлеуметтік желілерде «Вулкан», «Фараон», Pin-Up, «Чемпион казино», Admiral, Joycasino, Eldorado сынды ойын автоматтарының жарнамасынан көз сүрінді. Кейін осы ойындарға тіркелген жастардың көп екенін байқадық, ұтылғандардың «өкпесін» де аз естімедік.
Көлеңкелі бизнестің тынысы былтыр да, биыл да тарылған жоқ. Қазір 1win атты бағдарламаның дәурені жүріп тұр. Ішінде онлайн казиноның бірнеше түрі бар. Әсіресе, жастарға жақсы танымалы – aviator. Бәс тігіп, виртуалды ұшақтың қанша уақытқа дейін қалықтайтынын білуіңіз керек. Ол уақыт мөлшері x таңбасымен белгіленеді. Мәселен, 1000 теңге бәс тіктіңіз, «ұшақ» қалықтап бастайды, 2х-ке жеткенде ойынды тоқтатып тастасаңыз, 2 мың теңгеге ие боласыз. 3х-те тоқтатсаңыз, 3 мың теңге дегендей. Бір қарағанда табыс табудың жақсы көзі сияқты. Бірақ ойындағы «ұшақ» көп жағдайда 2х уақыт мөлшеріне де жетпей, лезде ұшып кетеді. Ал ұшып кетті дегеніміз – сіздің бәске тіккен ақшаңыз күйді деген сөз. Яғни, «ұшақ» ұшып кеткенге дейін қалықтап тұрған кезінде пернені басып үлгеруіңіз тиіс. Сонда ғана ұтасыз. Дегенмен тағы айтайық, көп жағдайда «ұшақ» қалықтамай жатып-ақ ұшып кетеді. Міне, осы ойын көпшіліктің назарын аударған.
Мәселеге сырттай баға берумен ғана шектелмейік деген ниетпен, ойын философиясын түсіну үшін өзіміз де уақытша ойнап көруді құп көрдік. Аталған бағдарламаға тіркеліп, онлайн казино ішіндегі есепшотымызды 2 мың теңгеге толтырдық. Содан бәс тігіп, «ұшақтың» қанша уақытқа дейін қалықтайтынын болжап көрдік. Ойын басында «қолымыз жүріп», тіпті сол 2 мың теңгені 3 есеге дейін көбейтіп алған едік. Сәлден соң түсінгеніміз – уақыт өте «ұшақтың» қалықтау уақыты азая береді екен. Сәйкесінше, біз де ұтылдық. Бұдан соң түрлі желіден ойын схемасын іздеп көрдік. Ол да іске аспады. Қазір бұл ойынның дәурені жүріп тұр. Әлеуметтік желіде түрлі блогер жарнамасын жасап әлек. «Ойын схемасын сатамын» дегендерді де көрдік. Бірақ жан-жақты зерделесеңіз, ойынның оңға бастырмайтынын түсінесіз.
Жастарды көптеп тартуға ең әсер еткен фактор – жарнаманың көптігі. Олардың басым бөлігі сөзсіз ойынды жарнамалағаны үшін ақша тауып отыр. Әйтпесе, онлайн казиноға кірген жанның бәрі шығындалмаса, ұтысқа батып жатқан түгі жоқ. Мәселен, Серік Зинуллин адамдар ойынды біреуді байыту үшін шығармайтынын айтып отыр.
– Аviator ойынын әуелде ойнағанда 80 мың теңгеге дейін ұттым. Бірақ кейін ұтыла беріп, 100 мыңдап шығындалдым. Көп адам ұта алмайтынын әбден шығындалғанда ғана біледі. Ал жарнамалаушылар «азартқа кірмей ойнасаңдар, ұтасыңдар» деген секілді небір ақталатын сөз тауып алған, – дейді ол.
Дегенмен осы ойыннан «табыс табуға болады» деп санайтындар да баршылық. Бірақ байып кеткені жоқ. Кей кезде «1 000 теңге салып, 8 мың ұттым, 25 мың көтердім» дегендерді жиі кездестіреміз. Бірақ психолог Балабек Сақтағанов «тез баю» деген ойға адамдар саналы түрде алдана беретінін айтады.
– Адам психикасының құрылымы өзгермейді. Яғни, адам бәрібір тез арада оңай ақша тапқысы, байып кеткісі келіп тұрады. Осындай түсінік жан-жақты ойлауға таңдау қалдырмайды. Ал өмірде мұның бәрі керісінше болып жатқанына мән бермейді. 4 рет, тіпті 5 рет бас сұғып, ақырында ұтылып, қарызға батып, депрессиялық жағдайға түскендер болады. Демек, адам мұндайға саналы түрде баратынын көреміз. Екінші мәселе – жұмыссыздық. Жұмысы барлардың өзі еңбектенгісі келмей, айналып келіп тез баюды ойлайды. Мұндай дүниелер адамның санасын жаулап алу үшін аса бір керемет техника қажет емес. Ел танитын 1-2 адамды көрсетсе, соның аузынан жарнамалатып берсе, өзі де бейімделіп тұрған адам тез алданады, – дейді маман.
Заң тыйым салмай ма?
Мұндай мәселелерде заңды айналып өтуге болмайды. Елімізде түрлі ойынға қатысты заң бар. 2007 жылы қабылданған «Ойын бизнесі туралы» заңның 6-бабы, 2-тармағында «Қазақстан Республикасының аумағында электронды казино және интернет казино қызметіне тыйым салынады» деп жазылған. Әйткенмен, бұл заң мәселені түгел шешуге септеспеуі мүмкін. «Аталған құмар ойынды ұйымдастырушылар ісі заңды ма, Үкіметке салық төлеп жатыр ма?» деген сауал мазалайды. Елімізде құмар ойындарға тек Қапшағайда рұқсат етілгенін ескерсек, бұлардың бизнесі қаншалықты заңды? Сайтқа тіркелу кезінде және ақша аударуда толтырған жеке деректер мен есепшоттың нөмірі алаяқтық мақсатта қолданылмайтынына кім кепілдік бере алады? Құзырлы органдар көбіне мұндай сайттардың барлығы Ресейде тіркелгенін айтып ақталғандай болады. Сондықтан оларды құрықтау мүмкін емес көрінеді. Біреуін жапқанмен, кейін басқа атаумен жұмысын жалғастырады. Оның үстіне, бұғаттауға жіберілген интернеттегі шабуылды тойтаруға қауқарлы хакерлер де бар. Онлайн казинолардың барлығы ru, яғни ресейлік сайт ретінде тіркелген. Сондықтан мамандар мұндай сайттарға тіркелмеуге, онлайн казино ойнамауға кеңес берумен ғана шектеледі.
Осы тұста біз Еуропа елдерінің тәжірибесіне көз жүгірттік. Оларда әуелі веб-сайттардың, құмар ойындардың лицензиясы немесе рұқсаты бар-жоғын тексеретін дағды қалыптасқан. Тіпті, онлайн казинолардың жұмысын бақылап отыратын комиссиялар да бар. Кәрі құрлықтағы ең танымал құмар ойындар комиссиясы – Мальта ойын органы. Барлық онлайн казиноның әділ екенін бақылайтын eCOGRA атты ұжым да бар.
Қайткен күнде де, онлайн казинолардың жұмысы заңды дей алмаймыз. Дегенмен Қазақстан аумағында таралмауына тосқауыл қоятын қауқар болмай тұр ма, әлде құзырлы органдар құлықсыз ба, білмедік. Таяуда елде бұл мәселеге банк өкілдерін де жұмылдырып, қаржылық жағдайы төмен, несие тарихы нашар адамдардың есепшотынан онлайн казиноларға ақша аударуға шектеу қою туралы сөз болған. Абзалы, осы бастаманы соңына дейін апарған жөн секілді.