9-сынып оқушысы қайтыс болды: Алматы облысы Білім басқармасы оқиғаның мән-жайын айтты
9-сынып оқушысы қайтыс болды: Алматы облысы Білім басқармасы оқиғаның мән-жайын айтты
© azattyq-ruhy.kz
959
оқылды
Алматы облысы Білім басқармасы қайтыс болған 9-сынып оқушысына қатысты оқиғаның мән-жайын хабарлады.  Ведомствоның хабарлауынша, 27 мамыр күні сағат 11.45 шамасында Еламан ауылындағы №41 орта мектептің  17 жастағы 9 "А" сынып оқушысы мектептің сыртқы қоршауы жағында орталық көшеден мопедпен қатты жылдамдықпен келіп, бұрылыста көше шетіндегі бордюрға ұрылып құлаған. Дәрігерлік жедел жәрдем пунктінің фельдшер-дәрігері, мектеп медбикесі оқиға орнында балаға алғашқы дәрігерлік жәрдем көрсеткен, бірақ ауыр жарақат алған бала оқиға орнында көз жұмды. Бұдан соң мектеп әкімшілігі 102-ге хабарласып, сынып жетекшісін жағдайды хабарлау үшін оқушының ата-анасына жіберген.
“9-сыныптардың емтиханы ертең, яғни 28 мамыр күні басталады, 27 мамыр күні 11-сыныптарда емтихан басталды. Оқушы сағат 09.00-ден 10.30-ға дейін мектепте болған, ертеңгі емтиханға дайындық сабағына қатысып, 10.30-да үйіне қайтқан. Мектеп әкімшілігі әкесімен сөйлескенде мопедке мінуге баласына рұқсат бермегенін айтқан. Осы уақытқа дейін мектеп мұғалімдері мен мектеп әкімшілігі баланың мопедпен жүргенін көрмегендерін мәлімдеді”, – деп хабарлады білім басқармасы.
Сонымен қатар ведомство 25 мамыр күні сынып жетекшісі аталған сынып оқушыларының ата-аналарымен жиналыс өткізіп, оқушылардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі және демалыс кезіндегі ата-аналар жауапкершілігі туралы айтқанын мәлімдеді. Бұған дейін мемлекеттік емтихан тапсыруға келген мектеп оқушысы қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.